Басты ақпарат

Кәдеге жарату жинағы: үміт пен сенім



Автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату алымы 50 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл туралы ҚР Премьер- министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті.

[smartslider3 slider=2227]

«Атамекен» алаңында пікірталастың 4-5 раундын өткіздік. Оларды Экология, геология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, сарапшылық қауымдастықтар ұйымдастырды. Нағыз сарапшылар, өтірік сарапшылар, автоөндірушілер – бәрі қатысты. Әрине, пікір өте көп. Елімізге шетелдік ескі-құсқы көліктерді кіргізу үшін утильалымды мүлдем алып тастау мәселесі де көтерілді. Отандық машина жасау саласына нұқсан келтіруге тырысқандар да болды. Дегенмен автоөнеркәсіпті ынталандыру деңгейі жалпы бізге көліктің барлық түріне және құрастырылатын ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату алымын 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді» деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сайда саны, құмда ізі жоқ миллиардтар

Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылдың ақпан айының 1-і мен 12-сі аралығында халықтан кәдеге жарату бағдарламасы бойынша пайдалануға жарамсыз 43 жеңіл көлік, 12 жолаушы жүк көлігі қабылданыпты.

Елімізде салынатын кәдеге жарату жинағы (утильсбор) орта дәулетті адамдардың да автокөлікке қол жеткізуін қиындатып жіберді. Қазір көпшілік осы басы артық «салықтың» не үшін және кім үшін керек екенін білмей дал болуда.

Елімізде сырттан автомобиль кіргізгені үшін міндетті утилизациялық салым 2016 жылдан бастап енгізіле бастады. Оны қазақстандық көлік құрастырушылар да, ресми сырттан автокөлік импорттаушылар да, ЕАЭО-дан, басқа мемлекеттерден автокөлік әкеліп, тіркетушілер де төлеуге міндетті. Әр техника үшін «салық» көлемі 460 мың теңгеден 14 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал оған сатып алған көлік бағасын, басқа да салықтар мен шығындарды қоссаңыз, кез келген адамның қалтасы көтермейтінін анық байқар едіңіз.

Кішкене үңіле түссек, бұл жинақтың мақсаты ескі-құсқы автомобильді қайта өңдеп, басқа да бөлшектерін пайдалану үшін « жасыл» технология­ның бір саласын жетілдіруге бағытталғанын байқаймыз. Негізгі ой ескі-құсқыдан арылып, елдегі автокөлікті жаңарту болғанмен, түптеп келгенде, баға жаңа машинаға да, ұсталған ескі машинаға да екі екі жарым есе көтеріліп кетті.

Ашылған күннен бастап биылғы қаңтар айына дейін «ӨКМ операторы» жеке компаниясы айналысқан кәдеге жарату жинағы шаруасы кейінгі кезде шатқаяқтап, наразылық білдірушілердің үні Мемлекет басшысына дейін жеткендіктен, Қасым-Жомарт Тоқаев өткен қаңтар айының соңында өз өкімімен жинақ жинауды тоқтатып, олардың қызметін мемлекеттік оператор «Жасыл даму» АҚ-қа берді.

«Жасыл даму» акционерлік қоғамы – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы мекеме. Жұмысқа кірісе салысымен барлық операцияларды тоқтататыны жөнінде ресми хабарлама жасап, бұдан былай кәдеге жарату төлемдерінің алынбайтынын мәлімдеді. Бірақ соңы сиырқұйымшақтанып кетті.

Қоғам белсендісі Еркінбек Дәулетовтің айтуынша, осы утильсбордан қарапайым халық зардап шегіп келеді. Әлемнің бірде-бір елінде мұндай көтеріңкі баға жоқ. Еуропада небәрі 100 еуро төлесе, бізде 460 мыңнан бастап 14 миллион теңгеге дейін өндіріп алады. Соншама ақша шығаратындай қазақстандықтардың шекелері шылқып отырған жоқ қой. Осы жерде күмәнді нәрсе өте көп. Біріншіден, «Жасыл даму» АҚ жұмысқа кіріскеннен кейін екі күн өткен соң «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды. Сол күні кеште сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген желеумен ҚР Экология, геология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың қолына кісен салынды. Ал келесі күні «ӨКМ операторы» ЖШС атқарушы директоры Руслан Шамшиев өзіне-өзі қол салды. Осының бәрі кездейсоқ па?

Мынаны қараңыз, бес жылда «ӨКМ операторы» ЖШС-ке 692 миллиард теңге түсіпті. Оның 339 миллиардқа жуығын олар отандық көлік жасаушыларға қайтарған. Мемлекеттік компания саналатын «Жасыл дамуға» активтерді беру кезінде «ӨКМ операторы» ЖШС есепшотында 220 миллиард теңге қалу керек болатын. Бірақ сол ақшаның «сайда саны, құмда ізі жоқ» дегендей болып шыққан. Кейбір дереккөздер кассада 130-дан 180 миллиард теңгеге дейін ақша жетіспейді дегенді айтып отыр.

Кім кімге қарыз?

Басында кәдеге жарату жинағы мемлекеттік компания болып саналатын «Жасыл дамуға» көшкенде бөркін аспанға атып қуанғандар енді ойланып қалды. «ӨКМ операторы» ЖШС «алты жыл бойы бізді қанап келді, басқа елдерге қарағанда бес-алты есе артық төлейміз» деп үлкен бизнес өкілдері де, қарапайым азаматтар да зар қақсап еді. Жұртшылық енді кәдеге жарату жинағы жаңа компанияға берілгенмен, әлі де сол жекеменшік бастамалар мен қажеттіліктер туындап, мемлекеттік қадағалаулар тек «шартты» түрде бола ма деп күмәндана бастағандай.

Көпшілікке түсінікті болуы үшін айта кетейік, кәдеге жарату жиынтығы – ескі-құсқы машиналардан алынатын алым. Оның бір мақсаты – қоршаған ортаға, яғни экологияға келтіретін зиянды алдын ала өтеу. Бірақ бұл, айналып келгенде, ақша төлетудің бір тетігі болып шықты. Кез келген азаматтың қалтасын қағып қана қойған жоқ, бұл шара қазақстандық автоөндірістің дамуына да кедергі келтірді. Отандық автоөндіріс дейміз-ау, ал шын мәнінде made in Kazakhstan – тек басқа елден дайын әкелінген көліктердің доңғалағын салумен немесе ірі бір тегін ауыстырумен ғана жұмыс тындырып отырған кәсіпорын.

Еліміздегі автомобиль бизнесі қауымдастығының мәліметі бойынша Қазақстан автоөндірісі 33 пайыз, тіпті жекелеген модельдерге жүгінсек, 50 пайыз ғана өнім өндіреді. Тұтас бір автокөлік құрастырып шығару жөнінде сөз болуы да мүмкін емес. Міне, осылай 2003 жылдан бері ішкі автомобиль өндірісі деген желеумен кейбіреулер майшелпекке батып келеді. Кәдеге жарату жинағын енгізгелі елімізде Ресей, Армения, Грузия, Қырғызстанда есепте тұрған автокөліктер қаптап кетті. Әрі олардың бағасын да кез келген адамның қалтасы көтере бермейді.

Қоғамдық көліктерде де жағдай мәз емес. Облыстарды айтпағанның өзінде, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалаларда түтіндеп жүрген автобустарды жиі көруге болады. Автопарк басшылары қол астындағы техниканы жаңартқысы-ақ келеді. Бірақ кәдеге жарату жинағы мөлшерлемесі оған мүмкіндік бермей қойды. Сарапшылардың айтуынша, елімізде 16 мың ескірген автобус жаңартуды қажет ететін көрінеді.

Үміт ақтала ма?

Мәселеге басқа жағынан келсек, утильсбор тек елге импорттық автокөліктер әкелуге ғана емес, шеттен келетін азық-түлік тауарларының да қымбаттауына жол ашқан. Мәселен, Қазақстанға ауыл шаруашылығы техникаларын кіргізуге салынатын «үстеменің» басында уәде етілгендей екі-үш пайыз емес, 20 пайызға дейін өсіп кетуі фермерлерді тығырыққа тіреді. Енді олар өздері шығаратын тамақ өнімдерінің де бағасын көтеруге мәжбүр болып отыр. Міне, содан келіп Коста-Рикадан әкелінетін ананастан гөрі елімізде өндірілетін қияр мен қызанақ үш есе қымбат болып шықты.

Сарапшылар тағы бір жайға назар аудартады. Қанша айтылса да, утильсбордың жылдар бойы сәл де болса төмендемеуіне бірден-бір мүдде­лі ресейлік «КамАЗ» бен «АвтоВАЗ» кәсіпорны болып шықты. Аталған алпауыттар жоғарыдағы көліктерді Қазақстанда құрастырып келген. Оның үстіне бұл ресейлік автомобиль өндірушілер сол утилизация жинағынан субсидия алады екен. Әрі салықтың барлық түрінен босатылған көрінеді.

Бұл туралы экономист Нұрсағат Әшім былай дейді. «Көршілеріміз бұл жағынан ұпайларын түгендеп отыр. Шынында да, олар Қазақстан аумағындағы кәсіпорындардың дамуына қаржы құйып келеді. Өткен жылы Қостанайда KamLitKZ («КамАЗ» еншілес кәсіпорын) шойын құятын зауыт құрылысын бастады. Оған 80 миллиард теңге қаржы салып, 300 жаңа жұмыс орнын ашты. Биыл тағы да жинақтау­шы зауыт құрылысын бастап, 400 адамды жұмыспен қамтымақшы. Егер кәдеге жарату жинағы азайып немесе мүлде салынбайтын болса, онда жоғарыда аты аталған алпауыттар кері бұрылып, елдеріне кетіп қалуы да әбден мүмкін».




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button