Құқық

Капитанның соңғы түні



Бұл оқиға тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола облысының бір ауылында болған. Мал ұрлығымен айналысатын қарақшы топты Ақмола қаласынан туған ауылына демалысқа барған милиция капитаны ғана құрықтапты. Әділетсіздікке жаны қас, біреудің ала жібін аттауды қиянат санайтын қоғамдық тәртіп сақшысының бұл ерлігін оны білетіндер жадыларынан бір шығармай, әлі күні реті келгенде кейінгі жас буынға үлгі-өнеге қылып айтып отыратын көрінеді. Біз сол оқиға желісін баяндағанды жөн көрдік.

– Есікті тезірек жап, үйге Еркеш ағам келді, – деді Мүсілім ағасы Ермекке қуанышы қойнына сыймай алқына демалып.

– О, алақай! Жақсы болды ғой. Енді Еркеш ағаммен бірге балыққа барамыз, – деп Ермек те екі қолын шапалақтап үлкен үйге қарай жүгіре жөнелді…

Еркеш бұл балаларға немере аға болып келеді. Әр жазда кезекті еңбек демалысында осылай Нұрым ағасына келіп, (Нұрым Еркештің әкесі Елеместің туған інісі) қолғабыс беріп, әрі туған ауылының таза ауасымен тыныстап бой сергітіп кететіні бар. Биыл да сол әдетінен танбай кіндік қаны тамған жерге ат басын тіреп отырғаны.

Ара-тұра телефон шалып хабарласып тұрса да, бір жыл бойы жүзін көрмеген полицей інісін Нұрым ақсақал да сағынып қалыпты.

Біраз шүйіркелесіп, қуды-қашты әңгіме айтып кемпірі шай демдегенше,  көңіл сергітіп алды.

– Ауыл бойы тыныш па? Не жаңалық бар?

– Жаңалық болғанда… Көп ештеңе жоқ. Тек мына мал ұрлығы қиын болып тұр. Бейнеттеніп, жыл бойы бағып отырған ақы адал малыңды бір суық қолды сұмырайлар бір түнде қолды қылып, жүген-құрықтарын ұстап қалған отбасылар да бар. Тек сол жағы жанымызды қинайды.

– Жергілікті әкімдік, құқық қорғау қызметкері не дейді? Іздеп жатыр ма, жоғалған малдарыңды деп сұрады Еркеш ағасынан. Көңілсіз әңгімені естігенде даусы да қатқылдау шықты.

–  Іздеуін, іздеп жатыр ғой, бірақ нәтиже жоқ, – деп күмілжіді Нұрым қария.

Осы кезде үйге ағатайлаған екі бала кіріп, әңгіме бір сәт үзіліп кетті.

– Ой, өздерің жігіт болып қалыпсыңдар ғой, – деп Еркеш екі жеткіншектің беттерінен кезек-кезек сүйді.

Сәлден кейін шай келіп, әңгіме ауаны басқа арнаға ауысқанымен, Еркештің ойынан жаңағы ауылдағы мал ұрлығы туралы әңгіме шықпай қойды. Әсіресе, Нұрым ағасының «тапа-тал түсте өрістен буаз дөнежін қашарымды сойып әкетіпті» деп дәрменсіздікпен мұңайғаны қатты қобалжытты.

«Ұрылар алыстан келмеуі мүмкін. Малдың өрісі ауылдан он шақырымдай жердегі түбекке барып тіреледі екен. Бұл жерден мал ұрлайтындар тек жер бағдарын өте жақсы білетін адамдар болуы керек».

Ойын балалары әлденені сылтауратып, артта қалып қойыпты. «Жер бағдары түсінікті болды. Қой, енді кейін қайтайын. Осы тұсқа ертең жалғыз өзім келіп, асықпай бір бажайлармын».

Жоспар-мақсатын ойша тұжырымдаған ол екі інісін ертіп үйге қайтып оралды.

– Туған жеріңнің таза ауа­сымен емін-еркін демалып келдің бе? – деп Нұрым қария да оның өзен бойлай серуендеп келгенінен хабардар екенін білдіріп жатыр.

– Аға, осы ауылда қазір учаскелік инспектор кім? – деп сұрады ол Нұрекеңнен.

– Әсеттің баласы Ақылбек қой. Қарағандыға барып, полицияның оқуын оқып келді. Жақсы бала. Әкесімен замандас болғасын ба, көкелеп үнемі ізеттілік танытып тұрады. Үмітін ақтап жүр әкесінің. Әсекең кезінде бұл «полицияның оқуына барамын, көке» дегенде «баратын болсаң, дұрыс полицияның оқуына бар. Әркіммен бір стақан қағыстырып, есік күзетіп отыратын полиция керегі жоқ маған» деп турасын айтыпты дейді.

Сол Ақылбек – қазір көрші Оразақ ауылымен осы біздің ауылдың учаскелік полициясы. Үйі де біздің үйден алыс емес оншақты үйден кейін деп жөн сілтегендей болды…

– Ақылбек, інім, саған бір шаруамен келіп отырмын. Өзіңмен ақылдасайын деп едім. Менің Нұрым ағамды танисыңдар. Осы ауылдың байырғы тұрғыны. Еңбегі сіңген адам. Қазір зейнет жасына жетіп, үйінде бала-шағасымен бірге қолындағы бес-алты бас арық-тұрағымен күнелтіп отыр. Міне, сол кісінің енді бұзаулайын деп тұрған дөнежін қашарын ұрылар тапа-талтүсте қолды қылыпты. Түстен кейін өріс­тен малын қайырайын деп барса, сиырының басы мен терісі жатыр дейді. Ұрылар жеңіл машинамен келген, ізі сайрап жатқан көрінеді, – деді Ақылбекке келіп.

– Оны біз білеміз. Іздедік, із кестік. Бойтасалап үлгерді. Зәнталақтар әккі болса керек. Он шақырымға дейін ізбен барып едік. Әрі қарай тасжолға шығып кетіп, көлігінің ізінен көз жазып қалдық. Біздің болжамымыз бойынша олардың қасында жол көрсетуші осы ауылдың біреуі болған. Біз соны Шәріп деген жігіт пе деп күдіктенеміз. Өзі жұмыс істемейді. Шаруаға қыры жоқ. Қалаға жиі қатынайды. Қымбат шылымдар шегеді. Жақында өзіне соңғы үлгідегі ұялы телефон сатып алыпты. «Телефоның жақсы екен, қаладан алдың ба?» деп сыр тартып едім. «Немере ағам сыйлады» деп жөнін айтпады.

Ақылбектің бұл әңгімесі Еркешке түрлі-түрлі ой салды. Оқу бітіретін жылы қазіргі  жары Нұрбанумен екеуі (ол қыз бен жігіт кезі) бір профессордың үйіне барып қосымша дәріс алғаны бар-ды. Сонда жасы алпысты алқымдаған  ұстазы криминалистика, соның ішінде ұрлық туралы біраз әңгіме айтып еді. Солардың есінде қалғаны «ұрының жергілікті жерде міндетті түрде жол көрсетушісі болады» деген сөзі.

***

Жергілікті әріптесімен кездескеннен кейін Еркештің көңілі біраз жайланып қалды. Көп жайлардың басы ашылғандай болды. Бұл ауылда мал ұрлығы көптен бар екен. Алайда «жалғыздың үні шықпас дегендей», ізін бағып, тосқауыл құрып, оларды қолға түсіруге Ақылбектің мүмкіндігі болмай келген.

– Бұған бір тосқауыл қою керек, жігіттер!

– Қалай?

– Ойланайық. Жоспар жасайық!

Бұл Еркештің соңғы тұжырымы болды.

Ақылбек пен Жұмабекті ағасы Нұрымның үйіне ертіп барып, үлкен кісімен де біраз ақылдасты. Ойлана келе: бүгіннен бастап ауылда ешкімге айтпай үш-төрт адам кезекпе-кезек кезекшілік атқарамыз. Өрісті де, ауылды да көзден таса қылмай,  келіп-кетуші адамдардың барлығын бақылауға аламыз деген шешімге келді.

Алғашқы күнгі түнгі кезекшілігі тыныш өтті. Таңғы сағат 7-де келіп төсегіне жатты. Ендігі кезекшілігі өздері белгілеген кесте бойынша бес күннен кейін келеді.

***

Міне, бүгін түнде Еркеш тағы кезекшілікке түседі. Кешкі сегізде тамағын ішіп болып, өзен бойлай мал өрісі жақты бір шолып шығуды ойлап, мотоцикліне от алдырып жатыр еді. Көшені бойлай бір жеңіл машина өтіп кетті. Артынан барлап көрді. Машина бірден Шәріптің үйіне барып тоқтады. Болған жайды айтып Ақылбекке телефон соқты.

– Машинаның мемлекеттік нөмірі мен сериясын жазып алуға тырыс. Сосын маған кел, екеуміз планшеттен көлік кімге тиісті екенін анықтаймыз деді.

Көліктің маркасы мен иесі анықталды. Бұл ауылға еш қатысы жоқ адам. Шәріпті қайдан таниды?

– Неде болса көрейік. Жіптің бір ұшы қолымызға іліккендей, – деді Ақылбек Еркешке сынай қарап.

– Асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Үркітіп алмай, асықпай бақылайық, зерттейік. Мүмкін, қыдырып келген жекжаты шығар, танысы болуы да мүмкін ғой.

Екі сағаттан кейін машина кейін кетті. Ауылдың шетіндегі дөңестеу жерге шығып алып, тың тыңдап, келген-кеткенді бақылап отырған жігіттердің жүрегі орнына түскендей болды.

– Қой, сен үйге барып демал. Мен ауылды бір шолып өтіп, күре жолды бақылайын, – деп Еркеш Ақылбекті үйіне апарып тастады.

Сосын мотоциклін үйіне тастап, ағасының күрең қасқа атын жайдақ мініп ауылды бір шолып шығуға бел буды.

Бірден байқады, қараңдаған бір бейне ауылдан шығып солтүстік бетке қарай кетіп бара жатқандай болды. Атына қамшыны басты. Ол да Қопа елді мекеніне қарай зымырап барады. Жеткізетін емес. «Мынау жаяу емес велосипедті қой» деді ішінен. Қасқа күреңге одан сайын қамшы басты. Неде болса, қуып жетіп, кім екенін анықтағысы келді.

Мана келген машина телефон байланысы болмай қалып сол алдын ала келісілген жоспарларын нақтылау үшін сыбайластарының жіберген жансыздары екен.

Қазір олар түн жарымда екі бас малды сойып дайындап, ауылға соқпай күрежолға шығатын соқпақты көрсету үшін Шәріпті күтіп тұрған беті болып шықты.

Қопаға екі жүз метрдей қалғанда  ол Шәріпті қуып жетті.

«Тоқта, Шәріп, жеті түнде сен бұл жерде не істеп жүрсің? Сөйлесейік, тоқта!» деп айқайлады Еркеш.

Енді қашып құтылмасын білгесін Шәріп те тоқтап велосипедінен түсті.

– Кімсің сен?

– Мен полиция капитаны Еркеш Елемесовпін. Сен кімсің, жөніңді айт.

– Мен осы Самалдық ауылының тұрғыны Шәріппін. Күндіз малым өрістен қайтпай қалып соны іздеп шыққан бойым.

– Сенбеймін саған. Неге жоғалған малыңды өрістен іздемей, басқа жақтағы Қопадан іздейсің? Қазір анықтаймыз деп ол Ақылбектің телефонын тере бастап еді. «Алло, Ақылбек» деп инспектордың атын айтып үлгірмеді Шәріп оның қолына жармасты. Екеуі айқаса кетті. Күнде жаттығып, денесін шынықтырып жүрген капитан күш берсін бе? Шынашақтай қауқарсыз адамды алып тұрып, қолын қайырып, аттың шылбырымен байлап тастады. Осы кезде Шәріп те жан даусы шығып «Нұралы, Бейсен, қайдасыңдар, өлтірді ғой мына мент» деп айқай салды. Үш ұры да сыбайластарының дауысын естіп, айқай шыққан жаққа ұмтылды.

Полиция капитаны үшеуімен жалғыз арпалысты. Дәу қараны бір ұрып, омақастыра құлатып, қолындағы темірін тартып алам дегенде артынан келіп екіншісі Еркешті басынан ұрып, есеңгіретіп тастады. Әрі қарай не болғанын білмейді төртеуі жабылып теппкілей бастады…

Қанішер-ұры-қарылар құтылмады. Сол күні қолға түсті. Ал полиция капитаны Еркеш ­Елемесов ұйымдасқан қарақшылар тобының қылмысын әшкерелеу үстінде ерлікпен қаза тапты.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button