Басты ақпаратЖаңалықтар

КӘСІП АШСАҢ, ҚОЛДАУ БАР



Бүгінгі таңда қарапайым халыққа кәсіп ашу, жұмыс орнын ұйымдастыру үшін не істеу керек? Осы орайда мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі, қандай бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр? Біз бүгін «Bаstau Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негіздерін оқып, мемлекеттік грантқа ие болып, өз ісін жүргізіп отырған астаналықтардың тәжірибесін баяндауды жөн көрдік.

«Бизнес ашу керек еді» деп әлі жүрсіз бе? Өзгенің мүддесіне, мардымсыз қаржыға қызмет етуден шаршадыңыз ба? Ойыңызда ерекше идея болса, оны жүзеге асыруға не кедергі? Бастап­қы қаржы, бұлыңғыр саланы тереңінен тануға бәлкім жігеріңіз жетпейді немесе несиеңіз аяғыңызға тұсау. Біреулер түріктің донері мен өзбектің самсасын жеп отырып, елінде кәсібін өрге домалатып отырған өзге ұлт өкілінің табысын есептеп кетеді. Енді бірі «Қазақстанда ең болмағанда түйме шығаратын бір кәсіпорын жоқ, қазақ жалқау» деп ұлтын жерге ұрғанда алдына жан салмайды. Ал өзің соны қолға ал десең, тағы кедергілердің кестесін құрып, жауапкершіліктен қаша бастайды. Кәсіп ашатын күнді армандап, біреуге жалданып жұмыс істеп жүргеніңізде жұрттың балалары жұмыссыз бола тұра әрі қалтасында көк тиыны болмай бизнесін бастауда. Олар желіде жетістікке жеттім деп жар салатын, табысы миллионнан басталатын «ақылдылардың» ақылы курстарына жазылған жоқ…

Бұған дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруды қолдау үшін қарас­тырылған 400 грант жайлы хабарлап едік. Мемлекеттік гранттың соммасы 200 айлық есептік көрсеткішге дейін – 583 400 теңге. Қазіргі уақытта 500-ден аса өтініш қабылданып, комиссияның шешімімен 270 азамат грантқа ие болды. Иә, бұл мемлекеттік грантқа қатысудың жолдарын да айтқанбыз. Ал енді «Bastau Бизнес» кәсіпкерлік негізі курсына қатысып, аталған грантты ұтып алған, кәсіп ашқандар жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.

Ләззат Қошқарова «Bastau Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаннан кейін 29 наурызда «стритфуд өнімдері» бизнес-жобасын іске асыруға мемлекеттік грант жеңіп алды. «Жетісу» саябағында екі павильонды жалға алып, фаст-фуд өнімдері саудасымен айналысады. Ол жұмыссыз жүрген жандардың екі қолына бір күрек ұстатсам деген ниетінің бар екендігін айтып қалды.

«Бизнес-бастау» туралы күйеуім айтты, кәсіпкерлік курсына бірге жазылдық. Оқыту онлайн форматта өтті. Бұрын мен жарнама және сату саласында жұмыс істедім. Бірақ мен бұрыннан ас әзірлегенді ұнатамын. Негізгі жұмысыммен қатар Instagram-да аспаздық блог жүргізгенім де бар» дейді ол.

Ләззат қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ойлайды. Кәсіпкерлер палатасында «Bastau Бизнес» оқу курсына қатысып, кәсіпкерлік әлеміне бағыт алған ол – өз идеясын инновациялық грантқа ұсынды. Нәтижесінде, грант иегері атанып, берілген қаражатқа стритфуд өнімдерін әзірлеуге арналған қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қазіргі уақытта кәсіпкер мемлекеттің беріп жатқан көмегіне дән риза.

Бірақ Ләззат басында шағын полиграфия ашуды ойлапты. Кейін бұл бизнес жобасы сәтсіз деп танылып, мемлекеттік грантты жеңе алмай қалған екен. Десе де жарты жылдан кейін тағы да өзінің бағын сынап көруге бел буады. Ойлана келе көше саудасымен, оның ішінде тез дайындалатын тағамдарды әзірлеп, сатумен айналыссам дейді. Бизнес жобасы мақұлданып, бастапқы қаржыға қол жеткізеді. «Осылайша о баста ойға алғанын орындағанда, мәселе өзінен-өзі шешімін тауып кеткендей көрінді» – дейді Ләззат.

«Түсінгенім, не қалап тұрсаң, қай салаға қызығушылығың басым болса, сол салаға барсаң ғана жетістікке жете аласың. Грантты жеңіп алғандағы қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Екінші рет бизнес жоба ұсынудың өзіне батылдық қажет болды. Отбасым моральдық тұрғыда әрі қаржылай да көмегін аямады. Мен үшін күрделісі, шешім қабылдауда, істің басын бастауда болды. Қалғаны құрал-жабдықтар сатып алу, қызметкерлерді жалдау, павильон жалдау рет-ретімен іске асты. Грантты ұтып алғаннан кейін өзіме деген сенімім пайда болды, қолымнан келмейді деген қорқынышым сейілді. Ендігі мақсатым – сатылымды арттыру» дейді Л.Қошқарова.
Дана Қайырбекова 20 мамырда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «SKILLmix ғылым және шығармашылық клубы» бизнес-жобасын іске асыруға грант ұтып алған. Қазір А.Иманов көшесі, 41 мекенжайында өзінің оқыту орталығы бар. Онда балаларды көркем өнерге баулиды, шахмат ойнауды үйретеді. Ол алдымен, ыңғайлы жер іздеп тапты, кейін кәсіпкерлікті кәсіби меңгеру мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына барады. Оған палата қызметкерлері бизнесті жүргізу жолдарын үйретті, есепшілік, салық салу заңнамаларымен, несие алудың тиімді тәсілдерімен таныстырды, бизнес-жоспар жасауға көмектесті.

«Танысымнан мемлекеттен грант алуға болатынын естідім. Егжей-тегжейін білу үшін Атамекен ҰКП-ға жүгіндім. Сол жерден толығырақ ақпарат алып, кәсіпкерлік негіздері курсына жазылдым. Күн сайын желіден бизнеске байланысты бейнематериалдар көріп, пайдалы ақпараттар оқыдым» деді ол.

Осы уақытқа дейін бала күтімімен үйде отырған. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 3 айлық курсты тәмамдаған. Соның нәтижесінде бизнес идеяға бөлінген 505 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болған.
«Қазір мен skillmix ғылым және шығармашылық клубының негізін қалаушы және жетекшісімін. Біз балаларға сурет салуды және шахмат ойнауды үйретеміз. Мен өз ісімді жақсы көремін, оның дамуына көп күш саламын. Қаражатты жиһаз бен құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсадым, оқытушы жалдадым, жарнама бердім. Мен үшін алғашқы курсқа жазылушыларды табу болды. Жарнамаға көп қаражат кетеді. Ең бастысы, менің кәсібім әрқашан өзекті бола береді деп ойлаймын. Мен грант алғаныма қуаныштымын және өте ризамын! Бұл – кәсіп ашқысы келетіндерге үлкен көмек. Грант қаражатына техника, жиһаз және көркемдік құрал-жабдықтар сатып алдым, бұл біздің қызметтерімізді одан да сапалы етуге мүмкіндік берді. Әрине, індетке байланысты біраз қиындықтар болды, бастамамыз жақсы. Қазір орталыққа келушілердің саны 60 пайызды құрайды. Күзге курстарға жазылушылар саны артады деп ойлаймын. Бағалар өте қолжетімді сурет салу курсы айына 17000 теңге, ал шахмат 12000 теңгеден. Қазіргі уақытта орталықта 5 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы бір орталық ашқым келеді, сонымен қатар бағымды басқа да салаладардан да сынап көргім келеді» деді Д.Қайырбекова.

Жалпы «Bastau Бизнес» жобасы халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады. «Bastau Бизнес» жобасы бойынша оқыту ұзақтығы 1 айды құраса, бұл бизнеске оқытудың басқа бағдарламалары ұзақтығынан 6-дан 10 есеге дейін асып түседі. Қажетті білімді алған соң, бизнес жоба жасайсыз, оның өзінде мамандар көмектеседі. Сол бизнес жобамен байқау­ға қатысасыз. Егер жеңіп жатсаңыз, бастапқы қаржы табылады. Бүгінгі күні бағы жанып, арманын орындаған жандардың бірі – Қанатбек Ибрагимов. Ол жұмсақ жиһаз өндірісімен айналысады. Еңбек бағдарламасы арқылы өтемсіз несие-грантқа қол жеткізіп, өзіне керекті құралдар сатып алған.

«Bastau Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткеннен кейін 29 шілдеде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «жұмсақ жиһаз өндірісі» бизнес-жобасын іске асыруға 583 400 теңге көліменде қаржы ұтып алды. Ол – карантинде жұмысынан айырылып, табыссыз қалғандардың бірі. Індет келмей тұрып, басшылық қызметте жүрген. Отбасын асыраудың қамымен екі қолға бір күрек іздеп жүргенде, аталмыш бағдарлама жайында естіп, қолынан қандай іс келетінін анықтауға кіріседі.

«Қандай кәсіппен айналыссам екен деп көп ойландым. Отбасылы болғандықтан үйде жұмыссыз отыруға болмайды, балаларды асырау керек. Сондықтан біраз бизнес түрлерін зерттеп, үйренуге тура келді. YouTube-тан қарадым, түрлі сайттарға кіріп, бүгінгі таңда қандай кәсіп түрі өтімді екенін білгім келді. Бірақ ең басында жұмсақ жиһаз жөндеу, жасалуы қызық болды. Кейін сол жағына қарай бағыт алдым. Сосын жұмсақ жиһаз өндірісімен қайтсем де айналысамын деп шешім қабылдадым» дейді ол.

Қанатбек Ибрагимов «Bastau Бизнес» курсында көкейіндегі біраз сұрақтарға жауап алғанын айтты. Басшы болып жүргенде бизнестен түйгені бар, соны іс жүзінде қолдануға осы курс көмектесті деп отыр. Десе де, оның ойында курсты оқып алғаннан кейін кәсіп ашамын деген сенімге қарағанда, күмән мен қорқыныш басым болыпты.
«Жұмсақ жиһаз жасауды таңдағаннан кейін таныс, туыстардан тапсырыс қабылдай бастадым. Жиһаздың жасалуын желіден қарап, үйреніп алдым. Жұмыс істеу барысында құлшыныспен орындағанымды сезіп, дұрыс таңдау жасағанымды түсіндім. Курс маған өте үлкен көмек болды. Себебі бизнес жобамды ұсынып, мемлекеттік грантты ұтып алдым. Соған ең қажетті деген құрал-жабдықтарды сатып алдым» деді ол.

Ол үшін тұтынушыларды табу, олармен іскерлік қарым-қатынас орнату оңай болмапты. Мұндай кезде жақындарының қолдауы да көмектескен.

«550 мың теңге аса көп ақша емес, дегенмен ол да қолдау. Кәсіп ашқысы келетін жандарға ізденіс қажет және қиындықтан қашпаңыздар дегім келеді. Менің ойымша, жұмыс табылады. Талап болса, оң нәтижесін береді. Екі қолға бір күрек қашан да табылады. Іздесеңіз, жұмыс та бар. Кәсіп ашамын десеңіз, мемлекеттік бағдарлама да жеткілікті» дейді Қанатбек Ибрагимов.
Мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында жеке кәсібін ашуға талаптанушылар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осының арқасында елордада жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздықты шектеуге мүмкіндік молайған.

Наима Нұралықызы


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button