Басты ақпаратЕл тынысы

Каспийдегі демалыс қолжетімді ме?



Теңіз жағалауындағы Ақтау қаласы мен «жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстауға» қызығушылықпен келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы жаз айларында шетелдік жиһанкездер мен саяхатшылар республика бойынша Ақтауда, дәлірек айтқанда, Каспий жағасында демалуды, саяхаттауды көбірек таңдаған. Осы тұста біз Каспийдегі демалыс бағасы мен сервис сапасының қаншалықты сай екенін білдік.

Келушілер көп

Еліміздің үздік бес туристік қаласының қатарында қарт Кас­пийдің бойындағы Ақтау бар. Биыл қаңтар-сәуір айларында қаланы 220 660 турист тамашалауға келген. Ал жазғы маусымда туристер тарапынан Маңғыстау облысының орталығына деген қызығушылық 20 пайызға дейін өсті. Оның бірден-бір себебі – өңір тарихында тұңғыш рет Ақтауға туристік бағыттағы арнайы чартерлік рейстердің қатынай бастауы. Нәтижесінде, былтырдан бастап Ақтау мен шет елдер арасындағы тұрақты рейстер саны арта түсті. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі де сол, өткен жылы сырт мемлекеттен келген қонақтар көп уақытын Маңғыстау облысында өткізіпті. Каспийдің жағасында 41 мыңнан астам өзге елдің азаматы кемі бір аптадан 12 күнге дейін болған.

Әсем табиғатымен, көз тартар ескерткіштерімен ерекше, шипалы суы бар, іс жүзінде ең үлкен көл саналатын, ауқымды көлемі үшін теңіз деп аталатын Каспийге шомылып қайтуға негіз көп. Оны бізден гөрі, шетелдіктер ұғынған сияқты. Ал өзіміз барды бағалап, елдегі екі теңіздің біріне барып, ішкі туризмді өркендетуге құлықсыз көрінеміз. Жаз бойы жаппай жағасын жайлап жатқаннан, құрлық асып, Еуропаны аралап, Түркия, Египет, БАӘ-ін жарнамалаған «артық» емес пе?!

Орташа сервис, қымбат баға

Мальдив аралдарынан кем түспейтін Каспий жағасында демалыс орындары мен курорттық кешендер, түрлі аквапарктер мен ойын-сауық орталықтары көп болғанымен, сервис сапасына барлығының дерлік көңілі толмайды. Енді біреулер үшін пойызбен жету алыс, не ұшақпен жету қымбат. Қыркүйекке дейін Астанадан Ақтауға ұшақ билетінің бағасы 50 мыңнан жоғары. Ал басқа уақытта бас қаладан Ақтау­ға ұшақтың орташа билет құны 30 мың теңгеден асады. Есесіне пойыз­бен жүрген 3 күннің орнына 2,5 сағатта теңізге жетуге болады. Ал пойыз билеті 17524 теңге тұрады. Оның өзі белгілі бір күндері ғана қатынайды. Ақтау қаласында теміржол бекеті болмағандықтан, пойыздар қалаға 20 шақырым жерде орналасқан Маңғышлақ стансасына келіп тоқтайды. Қала мен станса арасында автобус пен такси жүреді. Астана мен Ақтау арасы – 2670 км. Көлікпен 40 сағатта жетуге болады. Алайда аптап ыстықта уақытты үнемдеп, ұшақ не пойызбен жеткен тиімдірек. Қалаға жеткен соң, әрі қарай қаражатын үнемдегісі келетіндер пәтер жалдайды, енді біреулер қонақүйлерге орналасады. Мұндағы пәтерлердің ең арзан дегені күніне 10 мың теңге алады. Жағажай аумағында 50-ге тарта ірілі-ұсақты қонақүй бар. Бағасы тәулігіне 12000-15000 теңгеден басталып, миллионға дейін барады. Бұл туралы елордадан теңізді тамашалауға барған Шырын Болатбек айтты. Құрбыларымен Каспий жағасында бір апта болған ол әрқайсымыз барып-келуге, жатын орнына, тамақтануға және ойын-сауық алаңдарын тамашалауға 80-100 мың теңге жұмсадық дейді.

«Теңізге жақын орналасқан бір пәтерді жалдадық. Бағасы қолжетімді болған соң тандауға тура келді. Қаладағы біраз үй ескірген, жөндеу жұмыстары біршама уақыттан бері жүргізілмеген көрінеді. Ал оның алдында қонақүйлерді іздеп, бағасын салыстырып көріп едік. Шыны керек, Ақтаудың елдегі ең қымбат қала екеніне көзіміз жетті. Теңіз жағасындағы бес жұлдызды Rixos Water World қонақүйінде екі адамға бес күнге демалу бағасы – 1 140 000 теңге. Ал көрші Түркиядағы сондай уақытқа бес жұлдызды қонақ үйдің біріндегі баға миллионға да жетпейді, 500-700 мың теңге шамасын құрайды. Әрі оның ішіне ұшақ билетінің бағасы да кіреді» деді ол.

Көрікті жерлерге бай

Каспий жағажайында демалу маусымы мамырдың соңынан тамыздың соңына дейін созылады. Дәл осы уақытта теңіз суы жылынып, орташа температурасы +18°C-ты көрсетеді. Бірақ суда шомылып жүргендер аз. Себебі теңіз суының жылуы сирек. Қайта құны 1500 теңгелік кемелерге отырып, жарты сағат уақыт толқыны жан тербеген теңізді тамашалауға болады. Сондай-ақ әрбір келуші «Жартасты соқпақты» көргені абзал. Ол еліміздің бірегей туристік жобаларының қатарына жатады. Әсіресе, кешкі уақытта түрлі-түске боя­нып, жарқылдап тұрғандағы көрініс ерекше әсер қалдырады. Теңіз, жартастар, ұлутас, ақ құм – өзіңді мұхит түбімен келе жатқандай сезімге бөлейді. Теңіз- хош иісімен өзіне баурап алады. Бұл жерде демалудың басты артықшылығы – емдік шипалы балшығы және табиғи минералды көздер.

Теңіз жағасындағы қалада заман талаптарына сәйкес салынған демалыс орындары мен жағажайлардың көптігі соншалық, олардың саны жағынан елордадан кем түспейді деуге әбден болады.

Бірқатар туристік агенттік басшыларының сөзінше, қазақстандықтар мұндағы бағаның шарықтауына, не қызмет көрсету сапасының орташа болуына қарамастан, бәрібір де ішкі туризмді таңдағанды құптайды. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Сөзсіз, Каспий – туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі. Мұндағы жағажайларда жаңа жобалардың жүзеге асуы шағын бизнестің өркендеуіне жол ашты. Алайда ішкі туризмнің алға басуына тұсау салатын жайттар айтқандай аз емес.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button