Басты ақпаратМәдениет

Келер ұрпаққа тіл қатқан



Соңына рухани мол мұра қалдырған ақынның бірі Шөмішбай Сариев екені анық. Белгілі қаламгер 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы Арал ауданы Шөміш станциясында дүниеге келген. Шөмішбай Нағашыбайұлы көзі тірісінде халықтың құрметіне бөленді және жоғары марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы «Алтын медаль» халықаралық сыйлығының, «Жыл адамы – Алтын адам», «Тарлан» ұлттық сыйлығының лауреаты атанды. Биыл ақынның өмірден озғанына екі жыл толып отыр.

Өлең жазу адам бойына біткен ерекше қабілет екені сөзсіз. Бұл жөнінде ­Ш.Сариев: «Поэзияның құдіреттілігі – бұл көктемде шығатын бүршік пен жапырақтың арасындағы бір сезім мен құбы­лысты көре білу… Бүкіл тауды көресің, бірақ таудың ішіндегі құпия сырын ұғыну. Ақындық деген ерекше құбылыс, Тәңірдің берген сыйы деп ойлаймын» деп тамаша ой жазған екен.

Ол өз халқын айрықша сүйе білді. «Ақын монологы» атты жырында «Жүрегіне жетсем деп бір қазақтың!» деп өлең жазудағы мақсатын айтқан екен.

Ақынын қадірлеген халық оның мұрасынан ажырап қалмауы тиіс. Әрбір игілікті іс кезең-кезеңмен атқарылатыны анық. Келешекте Шөмішбай оқулары және ақындар мүшәйрасы өткізілсе, нұр үстіне нұр. Шөмішбай Сариев атындағы ән фестивалі қолға алынса, артық болмас. Мұның бәрі ақынның мұрасын насихат­таумен қатар, жас өнер иелерін шыңдай түсуге ықпал етеді. Жаңа есімдер шығады.

Ақынның жары Жұмагүл Қаженқызы Сариева қазір қара шаңырағында, Алматы қаласында тұрады. Оның ендігі мақсаты – Ш.Сариевтің мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа табыс ету. Қаламгер өмірден озған соң, қандай істер атқарылғаны жөнінде айтып берді.

– Шөмішбай аға өмірде қандай адам болды?

– Ешкімнің көңілін қалдырмайтын адам еді. Өте ақкөңіл, балаларға да жайлы, ағайындарға да қамқор болды. Мысалы, өзін біреу ренжітсе, үйге келгенде байыз тауып отыра алмайды. Ертеңіне телефон шалып, одан кешірім сұрап, түсіністік жасап жатады. Мен сонда: «Ол жерде сенің кінәң жоқ. Қайта сені ашуландырды ғой» десем, ол: «Жоқ, оның жүрегінде бірдеңе қалып қойды. Мен-ақ кешірім сұрап, көңілінің кірбіңін тарқатып жіберейінші. Өйткені біреудің аз да болса маған реніші болса, өлең жаза алмаймын» дейді. Ешкімнің жүрегіне дақ түсірмей өтті. Мені де құрметтеді. Өзім оны баладай күтіп-баптадым.

Өзі бала сияқты, болмашы нәрсеге ренжитін еді. Сондықтан мен оның көңіліне ешуақытта қаяу түсірмейтінмін. Шығармашылық жолда араласқан әнші-композиторлар да аз емес. Қазір кездескен кезде Шөкеңнің жақсы қасиеттерін айтып, еске алады.

50 жыл бір шаңырақта ­ғибратты, бақытты ғұмыр кештік. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Өзі де өміріне разы болып өтті. Бұрын елдің ортасында, өнер кештерінде жүретін адамға індет кезінде үйде қамалып қалғаны қиын болды. 75 жасқа екі ай қалғанда өмірден озды. Алланың маңдайына жазған жасы шығар.

– Шығармалары арқылы қаламгердің екінші өмірі басталды. Қандай жұмыстар қолға алынды?

– Ақынның есімін құрметтеп, еңбегі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында бірқатар істер атқарылуда. Ол «Жұлдыз» журналы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет жасады. Өзі жұмыс істеген ұжымы бастама көтеріп, Алматы қаласының әкіміне арнайы хат жазды. Соның нәтижесінде «Самал» шағын ауданындағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Ол үйде тұрып жатқанымыз­ға 30 жылдан асты. Белгілі мүсінші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тілеуберді Бинашев (жақында өзі де дүние салды): «Мен Шөкеңнің мінезін, қандай адам болғанын жақсы білемін. Мүсінін өзім жасаймын» деп қолға алған еді. Сәтті шықты. Ескерткіш тақта ашылған кітап түрінде жасалған. Бір жағына өзінің портреті орнатылса, екінші бетіне ақынның 1991-2021 жылдары осы үйде тұрғаны туралы мәтін жазылды.

Шөкеңнің туған өңірі – Қызылорда. Сыр өңірінің азаматтары үлкен қолдау көрсетіп келеді. Облыстық тарихи-­өлкетану мұражайының өнер залында Ш.Сариевке арналған орын ашылды. Онда өзінің шапаны мен бөркі, кітаптары, фотосуреттері, қолданған бұйымдары, жазу машинкасы мен қаламсаптары, түрлі сыйлықтары қойылды. Қызылорда қаласынан әуежайға шығатын жолда үлкен билборд орнатылды. Онда ақынның өлең оқып тұрған сәті бейнеленген.

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада ақын Шөмішбай Сариев атындағы шығармашылық зал ашылды. Өте кең, 100 шаршы метрді құрайды. Үйде Шөкеңнің кітапханасы бар. Саяжайда да кітап көп. Кабинетінде де кітап. Соның басым бөлігін, орындығы мен үстелін шығармашылық залға өткіздім.

Өткен жылы жазушы, ғалым Бауыржан Омаровтың Шөкең туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген зерттеу мақаласын оқырмандар өте жылы қабыл алды. Оның кескін-келбетін, адами қасиеттерін ашып көрсете білген. Шөмішбайдың шығармашылығы жөнінде белгілі ғалымдар Уәлихан Қалижанов, Гүлжаһан Орда толымды дүниелер жазды.

Шөкең дүние салғаннан кейін «Атамұра» баспасынан «Жүрегім – Қазақ елі» атты кітабы жарық көрді.

Өткен жылдың соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бастамасымен Ш.Сариевтің өмірі мен шығармашылық жолы туралы «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жаңа кітап жарыққа шықты. Бұл жинаққа танымал қаламгерлердің ақын туралы зерттеу мақалалары енген. Аталған оқу орнында кітаптың таныстырылымы жоғары деңгейде өтті.

Ақын – елдің адамы. Шөкең­нің шығармашылығын халыққа жеткізу жолындағы жұмыстар тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Осы жолда бастама көтеріп, тер төгіп жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін.

– Елордаға жиі келіп ­тұ­расыз ба?

– Өзім немерелеріммен бірге Алматыда тұрамын. Астанаға әр келген сайын бір жаңалықты көремін. Өнер мен мәдениеттің заманауи нысандары бой көтеруде. ХХІ ғасырдың көрікті үйлері салынуда. Осы жолы келгенде немерелеріммен бірге жаңа мешітті аралап көрдім, үлкен әсер алдым. Ғажап ғимарат екен. Халықты имандылыққа бастайтын орталық болғай. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының жаңа ғимараты қандай сәулетті! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 14 желтоқсан күні Шөмішбай Нағашыбайұлын отандық поэзияға қосқан мол үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Сол сапарында Шөкең осы төңірекке серуендеп келіп, драма театрдың жаңа ғимараты салынып жатқанын көріп, ерекше қуанып еді.

Қазақстанымыз өркендеп, әлемдік деңгейдегі дәрежесі арта берсін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Отанын құрметтейтін, ана тілін сүйіп, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптейтін жастардың өркені өсе берсін!

– Ізгі тілегіңіз қабыл болсын!

Әңгімелескен

Айбатыр СЕЙТАҚ, Астана




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button