Әлеумет

Киізді кәдеге жаратқан…



Бұрынғыдай киіз үй жауып, сырмақ тігіп, киім, төсеніш ретінде қолданбағаннан кейін ел арасында жүн сабап, киіз басатын шебер әйелдер де азайды. «Отырсаң қылшығы үстіңе жабысады» деп сырмақты үйде төсемейтін болдық, оның орнына химиялық талшықтан жасалған бұйымдарды кеңінен қолданатын дәуірге келдік.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де ұлттық өндірісіміздің бір саласы саналатын киіз мәдениетіне мән берілген жоқ. Көне киіз бұйымдар мұражайлардың қымбат мүлкіне айналса, киізден жасалған осы заманғы үлгідегі бұйымдарды көрші елдерден сатып алатын деңгейге жеттік. Міне, осы бір кемшілікті ерте байқаған қазақ әйелдері соңғы жылдары киізден жасалған өнімдерді нарыққа шығарып, бір жағынан отбасы кірісін молайтса, екінші жағынан ұлттық қолөнерді насихаттап жүр. Солардың бірі – Гүлбаршын Матниязова.

Қарағанды облысының Осакаровка ауданы Озерное ауылында жұмыссыз әйелдердің басын қосып шеберхана ашқан онымен біз Астанадағы екінші шеберханасы – «Бақытты отбасында» әңгімелесіп қайттық.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, Гүлбаршын бала күнінен тігіншілік өнерге бейім болыпты. 3-сынып оқып жүрген кезінде өз көйлегін өзі тігіп киген оны ауылдастары «тігінші қыз» деп атап кетіпті.

2001 жылы атажұртқа оралған ол киізден киім-кешек, қолөнер бұйымдарын жасау ойына қалай келгенін былайша баяндады.

«Біз көшіп келген жылы Алматыдағы музейде халықаралық көрме өтті. Көрмеге қатысқан шеберлердің арасында қазақстандықтар санаулы болды, әсіресе киізден бұйым жасайтын шеберлердің бәрі Қырғызстаннан келіпті. Бұл жағдай маған біраз ой салды. Шынымды айтайын, намыстандым. «Неге қазақта жүннен, киізден өнім шығаратын шеберлер жоқ? Біз де күні кешеге дейін киізді, жүннен жасалған бұйымдарды тұтынып келген халықтың баласы едік қой, осы бір бекзат өнерімізден қарап отырып көз жазып қаламыз ба?» деген ой мазалай берді де, бірер жыл дайындалып алып, 2006 жылдан бастап киізден, жүннен естелік бұйымдар жасауға кірістім. Менің жұмысым осылай басталды» дейді Гүлбаршын Матниязова.

Осылайша өз кәсібін естелік бұйымдар жасаудан бастаған қарапайым қазақ әйелі киізден аяқ қап, шыны қап, сөмке, әмиян жасапты.

«Ол кезде Тараз қаласында жүн фабрикасы бар екенін білген жоқпын. Күзем кезінде ауыл-ауылды аралап, жүн жиып әкеліп, тулаққа салып сабап, тазалап жуып, өз қажетіме пайдаландым. Бірақ қойдың шуаш иісі бар жүнмен алысу оңай болған жоқ» дейді ол.

Қазақ халқы киізден киіз байпақ, бас киім, кебенек, кере қап сияқты бұйымдар жасап кигенін ой елегінен өткізген Гүлбаршын бірде киізден 20 пальто тігіпті.

«20 пальтоны тігіп болғанша жаз шығып кетті де, шілденің шіліңгір ыстығында киіз пальтоны кім алады деп ойладым. Бірақ сонда да жұрттың көзі үйренсін деген оймен көрмелерге, жәрмеңкелерге апарып жүрдім. Ешкім алмай қойды. Бірақ сәтіне басқанда шілде айында өткен бір көрмеде алармандар 20 пальтомды таласып сатып алып кетті. Дені – АҚШ, Франция, Германия сынды елдерден келген шетелдіктер» деді Гүлбаршын.

Гүлбаршын Матниязова 2019 жылы Қарағанды облысына көшіп келіп, өзі ірге тепкен ауылдағы жұмыссыз әйелдердің бірнешеуінің басын қосып, алғашқы шеберханасын ашыпты. Ол арада қазір 4-5 әйел жұмыс істейді, текемет, әр түрлі киім-кешек өндіріп, олар да табыс тауып отыр.

2022 жылы Астана қаласында жұмыссыз әйелдерге қолдау көрсету және техникалық жақтан тәрбиелеу мақсатында «Бақытты отбасы» орталығы ашылған болатын. Жаңа орталықты құрудағы мақсат – көпбалалы, өмірде қиын жағдайға тап болған, жалғызбасты және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету. Міне, осы орталықтың шақыруымен бас қалаға келіп, бөлімше шеберханасын ашқан Гүлбаршын қазірге дейін 50-60 шәкірт тәрбиелеп үлгеріпті.

«Шәкірттерімнің көбі – көпбалалы аналар, жұмыссыз әйелдер. Олар ақысыз өнер үйренеді, арасында өз кәсібін ашып жатқандар да, үйренген өнерін отбасында жалғастырып, қосымша табыс тауып жатқандары да көп» дейді Гүлбаршын.

Айтуынша, киіздің емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан әлі дәлелденбесе де, оның денсаулыққа пайдалы қасиеті басым.

«Киіз – суық тиіп, буын қақсау ауруына душар болғандарға таптырмайтын ем. Астына киіз төсейтін адамдарда бел, омыртқаларына шершеу өсу, қуық түбі безінің қабыну сырқаты болмайды. Жалпы киіздің адам денесіне жағымды әсері өте көп. Ми қан тамыры жүгініп (инсульт), саусақтары қисайып, ине ұстай алмай қалған бір әйел біздің шеберханамызға келіп, жүнмен айналысқанда (жүн тарту, киіз ұйқалау) он шақты күннен кейін саусақтары қалпына келгенін көзім көрді» деді Гүлбаршын Матниязова киздің емдік қасиетін алға тартып.

Ата дәстүрді ардақтап, киіз мәдениетінің қайта жаңғырып, одан заманауи үлгідегі бұйымдар тігіп, қазақ әйелдерінің кәсіптенуіне мүмкіндік жасаған Гүлбаршын Матниязованың еңбегі – көпке үлгі.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button