Мәдениет

Кітапхана – өркениет шырақшысы



24 қазан – Кітапханашылар күніне орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Қазмедиа орталығында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның әр өңірінен келген кітапханашылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ардагер кітапханашылар қатысты.

Бүгінде елімізде 12 мыңға жуық кітапхана бар. Оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық дәрежеде 4 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Сонымен қатар мектеп, колледж, жоғары оқу орындары мен ведомстволар және ғылыми-зерттеу институттарында да кітапхана қызметі ашылған. Қазіргі таңда бұл салада республика бойынша 20 мыңдай кітапханашы еңбек етуде. Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы кітапханашы мамандығының беделін арттыру, имиджін қалыптастыру және еліміздің түкпір-түкпірінде руханият саласына еңбек сіңіріп жүрген кәсіби майталмандарды дәріптеу. Жиын барысында әр өңір кітапханаларының озық жобалары таныстырылып, кітапхана тарихына арналған көрме қойылды. Астана қаласы бойынша орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораштың алғыс хатымен марапатталды. – Біздің жүйеге 18 кітапхана кіреді. Біреуі – М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана. Одан бөлек, 10 көпшілік кітапхана, 6 балалар кітапханасы және 1 көзі нашар көретін және көзі көрмейтін азаматтарға арналған кітапхана бар. Солардың бәрінде кітап қоры 800 мыңға жақындады. Келетін оқырмандар саны – 78 мың адам. Биыл 4 кітапханаға жаңғырту жұмысы жүргізілді және бізге тағы 4 жаңа ғимарат берілді, оларды жөндеу жұмысы келесі жылға жоспарлануда. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – дейді Г.Мәдібаева. Мерекелік жиын одан әрі кітапхана ісі саласының мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге жалғасты.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button