Мәдениет

Көкек аналар көбеймесін!



Астаналық «Жастар» театры жанындағы «Қанаттылар» инклюзивті театры «Өмір – ғайып» атты кезекті премьераны ұсынды. Пьеса авторы, аталмыш театр актері Серік Жүзбай шығармасы арқылы көкек аналар мен тастанды балалар проблемасына назар аударады. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе туралы толғайтын спектакльдің қоюшы режиссері – Нұрфат Вахитов. Инсценировка авторы – Марина Ешимова.

– Мен 2010 жылдан «Мирас-А» қайырымдылық қорының президентімін. Сол уақыттан бастап Астанадағы төрт перзентханамен жұмыс істеймін. Ондағы мақсатым – перзентін тастағысы келген аналарды райынан қайтарып, сәбиді өздеріне қалдыруға септесу, қолдан келгенше көмек беру. Дәрігерлер маған алдын ала қоңырау шалады. Мен барып: «Қызым, сәбиіңді неге тастағалы жатырсың?» деген сұрақты қойғанда, көбінесе «Жігітім алдап кетті. Жағдайым жоқ. Баланы асырай алмаймын» деген жауаптарды естимін. Жалпы мұның әртүрлі себептері бар. Осындай жағдайда ана мен баланы бір жылға дейін қамқорлыққа аламын. Балаға ат қойып, пәтер жалдап беремін. Қыр­қынан шығару, бесікке салу сынды рәсімдерді өткіземін. Мүмкіндік болып жатса, от басқан қыздың жігітімен сөйлесіп, көнетін болса, жастарды қосамын. Бұл сәби өзінің туған ана-анасымен өссе деген ниеттен туды. Өкінішке қарай, көкек аналар мен тастанды балалар азамай, әлі де көбейіп тұр. Осы күнге дейін жүзден астам ана мен баланы алып қалдым, – дейді пьеса авторы Серік Жүзбай.

Оның айтуынша, пьеса осындай жағдайды алдын алу үшін жазылды. Спектакльде жігітіне алданған қыз сәбиін вокзалдағы қарияларға тастап, өзі қашып кетеді. Кейіннен тұрмысқа шығады, жақсы үйге ие болады. Бірақ Құдай перзент бермейді. Арада жиырма жыл өткенде ана баяғыда тастап кеткен сәбиін іздейді. Қарттың тәрбиесінде өскен бала да анасын іздеп жүр екен. Ақыры, ана мен бала табысады.

Жалпы жастар тәрбиесіне жетелейтін қойылым желісі өнегеге толы.  «Қанаттылар» инклюзивті театры осындай өзекті тақырыптарды көтеретін спектакльдерді алда да сахналамақ.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button