Басты ақпаратҚала мен Сала

Көкталдықтар күкіртсутектен құтыла ма?



«Көктал-1» тұрғын алабының тұрғындары көптен бері елді мекенде күкіртсутек шығарындыларының белгіленген шамадан асып, ауаға таралу мәселесін көтеріп келе жатыр. Жақында Астана қаласы мәслихатының депутаттары Бауыржан Смайылов пен Табиғат Зейнулқабден, Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы, «Қазгидромет» кәсіпорны мен СЭС өкілдері көкталдықтармен кездесіп, осы мәселені талқылады. 

Табиғат Зейнулқабден «Астана су арнасы» кәсіпорнының бас директоры қызметін атқарады. Ол елді мекенде қосымша сүзгілерді орнатуға уәде берді. Сондай-ақ Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей маңайында күкіртсутек шығарындыларының ауаға таралуын азайтатын корпус салынатын болды. Кездесуде қала бюджетінен сүзгілерді тұрақты ауыстырып отыруға қаражат бөлу мәселесі көтерілді.

«Мен бұл мәселені ерекше бақылауға аламын. Бірақ маған бұл жағдайда қаланың Отын-­энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының ұстанымы түсініксіз. Басқарманың бірде-бір өкілі кездесуге қатысқан жоқ. Осы бағдарламалардың әкімшілері ретінде бұл кездесуге қатысуға міндетті еді» деді Бауыржан Смайылов.

Оның айтуынша, өткен көктемде көкталдықтармен тиісті мәселе бойынша кездесу ұйым­дастырылып, оған Денсаулық сақтау министрінің орынбасары-­бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандары, Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова шақырылды.

«Бұл мәселе тұрғын алап тұрғындары үшін өте өзекті. Күкіртсутек  шығарындыларының шамадан көп болуы салдарынан адамдардың тынысы тарылады. Олардың денсаулығы, әсіресе, егде жастағы адамдар мен балалар зиян шегеді. Сондықтан бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешу қажет» деді Бауыржан Смайылов.

Сонымен қатар депутатқа «Көктал-1» тұрғын алабының Жаңа қоныс және Талапкер көшелерінің тұрғындары кәріз мәселесін шешуді өтінді. «Бұл осы көшелердің тұрғындары үшін өте маңызды мәселе. Ол менің сайлауалды бағдарламамда бар. Сондықтан мен бұл мәселені ерекше бақылауда ұстаймын» деді Бауыржан Смайылов.

Елді мекендегі Титов көшесінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қатарда аумақты абаттандыру аясында жаяу жүргіншілер жолы төселіп жатыр. Алайда тұрғындар жаяу жүргіншілер жолының өте тар екенін жеткізді. Ал Ардагерлер көшесі аулаларындағы ойын алаңдары жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар ағаштарды кесу және түптерін қопсыту туралы мәселелер де бар.

Бауыржан Смайылов әріптесі, қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдинамен бірге «Көктал-2» тұрғын алабындағы «Үй жанындағы дәрігер» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан емханаға да барды. Мұнда көптеген адамға қызмет көрсетіледі екен. Осыған байланысты дәрігерлік бөлмелердің жетіспеушілігі туындады.

«Көктал-2» тұрғындары депутаттарға қоғамдық көлік қатынасы туралы да сұрақтарды қойды. Әсіресе, қаланың сол жағалауына қатынайтын бағдарлардың аздығын айтты.

«Бұл мәселе қазір пысықталып жатыр. Қалаға 400 жаңа автобустың келуіне байланыс­ты «Көктал-2»-ні сол жағалау­мен байланыстыратын №49 бағдар ашылады» деді Бауыржан
Смайылов.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button