Руханият

Көктем лебін ала келді



Еркеледім. Еркесі етті мына әлем –

…Құс жолымен жетелейді бір әуен…

Мына өмірге қайта келу бұйырса:

Мен бәрібір ақын болып туар ем,

…ең бақытты ақын болып туар ем! – деп жырлаған, қазақ поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар Гүлбақыт Қасен жырсүйер қауымға әдемі поязиясын паш етіп, Астанаға көктемнің шуағын алып келді.

Мен тұратын жердің аты – Сағыныш,

Сен тұратын елдің аты – ­Махаббат.

Мені өсірген жердің аты – Мейірім,

Сені өсірген елдің аты – Шапағат.

 

Сен оқыған кітап аты – Балалық,

Мен оқыған жырдың аты – Сұлулық,

Сен жазатын кітап аты –  Жақсылық,

Мен жазатын жырдың аты – Жылылық.

 

Мен тыңдаған күйдің аты –  «Ақжауын»,

Сен тыңдаған әннің аты – «Самал тау»,

Мен шығарған күйдің аты – Тыныштық,

Сен шығарған әннің аты – ­Жанартау, – деп жырлаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлбақыт Қасеннің түрік тілінде шыққан «Бақыт гүлі» кітабының таныстырылымы Ұлттық академия­лық кітапханада өтті. Оған белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, Сенат және Мәжіліс депутаттары, білім, өнер саласының ардагерлері, БАҚ өкілдері, журналис­тер, оқырмандар, студент жастар қатысты.

Кеш тізгінін ұстаған ақын Дәулеткерей Кәпұлы Астанаға көктем кеш келетінін, жер жәннаты – Жетісудан келген Гүлбақыттың елордаға ерекше көктемнің лебін ала келгенін айтса, Астана қаласы әкімдігі «Жастар» театрының жас актерлері ақын өлеңдерін оқып, әндерін тамылжыта орындады.

Туған жері – Айдарлы туралы жыр жазып, Дәнеш Рақышевтің әндерін тыңдап өскен Гүлбақыттың жыр кешінде белгілі термеші, мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков «Сары бидай» әнін шырқап берді.

Астана медицина колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыса, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қол соғып, қошеметтеп отырды.

– Мемлекеттік қызметпен қатар, шығармашылығын нық алып жүрген Гүлбақыт өлең жазатын жастарға жол көрсетіп, жас қалам иелерінің арманына қанат бітіргені де үлкен адамгершіліктің иесі екенін аңғартқандай, – деді осы ғажайып өлкенің тумасы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің жүрекжарды сөзінде.

Ақын Танакөз Толқын­қызы Гүлбақыт поэзиясының тазалығын, замандасының зор адамгершілік тұлғасын нақты мысалдармен зерделеп, өлеңдеріндегі ­шынайылықты өмірдегі таза болмысымен үйлестіре білгенін толғана сөз етті.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button