Мәдениет

Көне карталар көрмесі



Ұлттық музейде «Қазақ даласы тарихи карталарда: кеңістік пен аумақ құрылымдары» атты көрме ашылды. Онда XVI ғасыр мен 1939 жыл аралығында еуропалық, америкалық, ресейлік картографтар құрастырған тарихи 26 карта таныстырылды. Бұл карталар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жеке коллекциясынан ұсынылды. Тарихи карталарда қазіргі Қазақстан Республикасының құрамына кіретін аймақтар көрсетіліп, бекітілген.

 Аталмыш көрменің мақсаты – бүгінгі Қазақстанның әкімшілік-­аумақтық бірліктерін құрайтын аумақтар бейнеленген бірегей, ерекше құнды карталарды мәдени-ақпараттық айналымға енгізу.

– Картография – бірнеше саланы қамтитын күрделі ғылым. Онда тарих, география, бейнелеу өнері, әдебиет пен мәдениет секілді салалар бір арнада тоғысады, – деді Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Садықов. Оның айтуынша, картографияның кеңінен насихатталуы халқымыздың тарихи санасының жаңғыруына ықпал етеді.

Көрме бес бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Атластар дәуірі» бөлімінде XVI-XVII ғасырларда жасалған 7 карта бар. Оның авторлары – ағылшын, италия, нидерланды және неміс картографтары. Мәселен, ағылшын Энтони Дженкинсонның 1562 жылғы «Ресей (Московия) және Тартария» картасы, 1596-1597 жылдары италияндық Джованни Антонион Магинидің «Азия» картасы бар. Бұлардың барлығы да бірегей әрі ерекше тарихи-мәдени құндылыққа ие.

Екінші бөлім «Жаңа заман картографиясындағы Қазақ даласы» деп аталады. Мұнда да шетелдік ғалымдар құрастырған 5 карта бар. Айталық, Джон Керри Ресей империясының картасын жасағанда қазақтардың 1799 жылғы этникалық аумағын да жақсы таныстырады. Сондай-ақ Клювер Филиптің «Скифия және Тартария» картасы, Самюэль Данның «Тибет, қалмақтар мен өзбектердің елдері кірген тәуелсіз Тартария» картасы, «№1 Орынбор жорығының және №2 Сібір губерниясының карталарына қосымша» еңбектері де ерекше құнды.

Үшінші бөлім – «Еуропалық картографияның шарықтау кезеңіндегі Қазақ даласы». Атауы айтып тұрғандай, бұл кезеңде Орталық Азияға деген геосаяси қызығушылық артқан. Бұл бөлімде 4 карта бар. Бұлардың ішіндегі ең салмақтысы – Джон Мартин Рапкиннің «Тәуелсіз Тартария» картасы. Карта шамамен 1846-1851 жылдары басылып шыққан болуы мүмкін. Сондай-ақ Аустрия-Венгрия империясында 1859 жылы неміс тілінде басылып шыққан «Иран және Тұран» картасының да мәні зор.

Отаршылық кезеңін қамтитын төртінші бөлімде («XIX ғ. Әскери топографтарының жұмысындағы Қазақ даласы») 8 карта ұсынылған. Бұл карталарды Ресей империясы Бас штабының Қазақ даласын зерттеген офицерлері дайындаған.

«Кеңес дәуірінің саяси картографиясы» деп аталатын бесінші бөлімде «Қазақ КСР. 1939 ж» тарихи картасы ерекшеленіп тұр. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы Қазақ КСР-інің әкімшілік құрылымы көрінеді. Көрмені 25 сәуірге дейін тамашалауға болады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button