Қала мен Сала

Көпбалалы ­таксист ана



Астанада темір тұлпар тізгінін ұстап, такси жүргізушісі болып жүрген нәзік жандар сирек кездеседі. Солардың бірі – әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы танылған елордалық Ақгүл Шәріпова. Жылы жүзімен көп тұрғынға таныс жүргізуші – бүгінде көпбалалы ана.

«Мен Ақтөбе өңірінен елордаға жолдасыммен бірге арман қуып, 5 жыл бұрын көшіп келдім» деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

«Жолдасым екеуміз балабақшада да, мектепте де бірге оқып, өстік. Екеуміз бас қалаға қызығып, көшіп келген соң, өз басым елорда мені құшақ жая қарсы алады деп ойладым. Бірақ, Астана әлсіздердің қаласы емес екенін түсіндім. Мұнда бірден жұмыс орнын таппасаң, күнделікті тұрмысыңда қиындықтар болатыны сөзсіз. Көпбалалы ана болған соң, мені өзіме тиімді орындарға ешкім жұмысқа алмады. Әуелі кадр бөлімінде жұмыс істеп көрдім, бірақ бұл қызметте екі-үш маманның міндетін қоса жүктейтін еді. Балалардың білім беру орталығының әкімшісі мен тәрбиешісінің жұмысын қоса істеп, 80-90 мың теңге айлық алатынмын. Еңбегімнің құнсызданғанын біліп, соңында жұмыс орнымды босатуға тура келді. Мұның барлығы отбасымыз үшін бір сынақ болғандай, осы секілді біршама қиындықтарға кезіктік. Одан соң, нарықтағы ең арзан деген көлікті сатып алып, жолдасым екеуіміз шопыр болуға бел будық» деп жалғастырды ол.

38 жасар Ақгүл Шәріпова 1 жыл 9 ай уақыт бойы астаналық такси жүргізушісі болып қызмет атқарып келеді. 2008 жылдан бері көлік тізгінін ұстаған ол бүгінде темір тұлпарды өмірлік серігіне айналдырды. Көлікті тізгіндеуіне отбасы да себепші болса керек. Өйткені атасы да, әкесі де ұзақ жылдар бойы шопыр болған. Жолдасының көлік жүргізу мәнерін ұнатып жүрген өзі де іштей осы жұмысқа қызыға қараған көрінеді.

Жұмыс кестесі тығыз. Астаналық жолаушыларды тасымалдауға кешке жақын шығып, таң атқанға дейін көлік жүргізеді.

«Таңертең бала-шағама таңғы ас беріп, мектебіне апарып тастаймын. Одан кешкі уақытқа дейін үй шаруасымен айналысамын. Сағат 8-9-дарда жұмысқа шығып, таңғы 7-ге дейін қызметте боламын. Мұндай күн тәртібіне отбасым үйренді, балаларым жауапкершіл болуға дағдыланды. Жұмыс өз бабымен болса да, отбасымызда барлығымыз міндетті түрде бір дастархан басында ас ішеміз. Түнгі уақытта жүруді балаларымның үйде, алаңсыз отыратындығынан біліп таңдадым. Өзімнің де көңілім мәз болады» деді кейіпкеріміз.

Күнделікті ондаған өмір иесін тасымалдаған соң, жүргізуші мойнындағы жауапкершілік орасан. Ақгүл Шәріпова әр жолаушыны А-нүктесінен Б-нүктесіне дейін аман-есен жеткізу басты міндетім дейді. Басқа салаларда өзін сынап көрген ол осы қызметі жанына жақын екенін жеткізді. Әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде жүріп, көлігіне отырған жандармен де орынды қалжыңдасатынын айтады. Сөзінше, өзіне де ақжарқын елордалықтар кездеседі.

«Такси жүргізушісі болу – бұл күнделікті адамдармен тілдесу, әңгіме құру. Аз ғана уақытта тәжірибе жинап, осы қызметтен менің ойға түйгенім, біздің қызметте ең бірінші психолог болуы керек екен. Өйткені әртүрлі шақыртуға барғанда ол жердегі адамды бір көргеннен-ақ оның мінезін «танып-біліп» аласың. Өміріндегі қызығы мен шыжығын бөлісетін жандар көп. Неше түрлі тағдырларды естіп жатамын. Осы айтқандарынан оң нәрсе тауып, көңіліне титтей де болса жақсылық ұялатуға тырысамын. Өзім де сабақ аламын. Сөзсіз барлығы көлікке күліп келіп жатпайды. Кейбірінің мінезі жібектей емес. Халықпен үнемі байланыста болғаннан кейін түрлі адамдар кезігеді. Бірі рақмет айтып, сәтті күн тілесе, енді бірі шу шығарып, сөзге келуге дайын-ақ тұрады. Мұндайда бастысы, сабырлық таныту керек. Кез келгенге қабақ шытпай, күліп қарасаң, күнің де дәл солай өтеді. Сондықтан такси жүргізушісі ең әуелі әр жағдайда сабырлық танытуы өте қажет.

Қалалықтар көліктен түсіп бара жатып «өте жеңіл әрі байыппен жүргізеді екенсіз» деп шынайы ризашылығын білдіріп жатады. Ондай сөздерді естігенде қуанамын. Кейде кеудемді ерекше сезім кернейді. Жалпы мен өз кәсібімді өте жақсы көремін. Сондықтан болар қиындықты сезбейтінім. Үйреншікті жұмысым болған соң, барынша ұқыпты істеуге тырысамын» деді ол.

Түні бойы темір тұлпар тізгіндейтін «шопыр» әйел күндіз де шығып, табысың еселеп арттыруға болады дейді. Бірақ түстегі кептелістің жүйкені тоздыратыны бар. Сондықтан түні бойы жұмыс істеп, әрі одан ләззат алу Ақгүл Шәріпова үшін әлдеқайда тиімдірек.

– Әрине такси жүргізушісі ретінде көп айлық тапқың келсе, сәйкесінше көп уақыт рөлде отыруың қажет. Өзімді тәулігіне 10 мың теңгеден 50 мың теңге алуға дейін сынап көрдім. Бірақ екі-үш күндей қайта қалыпқа келу қиын болады. Қаражаттың өсуіне әрине такси қызметінің санаты да әсер етеді. Ең бірінші «Эконом» тарифтен азырақ тапсам, бүгінде «Комфорт» және «Комфорт+» санатында жүруімнен нәпақам артты. Астана секілді мегаполисте күн санап көліктер көбейіп келеді. Былтыр күніне 35 мың теңге тауып жүрсем, бүгінде көп дегенде 20 мың теңге шығаруға тырысамын. Оның үстіне қазіргі көлігімді несиеге алдым. Сондықтан оны жабу үшін қосымша табыс көзі ретінде әлеуметтік желіде блог жүргізудің де пайдасы бар. Қалалықтардың мені жиі танып жатуы содан, – деді А.Шәріпова.

Қалада өзі секілді такси жүргізушісі болып жүрген нәзік жандылар аз емес. Әсіресе, орта жастағы отбасылы әйел адамдар баршылық. Бүгінде барлығы тіл табысып, құрбы-құрдасқа айналған. Өмірлік жолын жолаушы тасымалымен байланыстырған Ақгүл Шәріпова – үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Тұңғышы жас өнертапқыш ретінде робототехника саласында жетістікке жетіп жүрсе, екінші ұлы футболмен айныласады. Ал қызы таэквондода бақ сынап жүргенімен ерекшеленеді. Әйел қырық шырақты екенін көрсете білген көпбалалы ана «бала – ата-ананың айнасы» дегенді ұстаным еткен. Осылайша, ерекше қызмет иесі адал еңбек ету арқылы балаларына үлгі көрсетіп, олардың да білікті маман болғанын армандайды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button