Басты ақпаратСпорт

Көшпенділер ойыны: дүбірлі дода

Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері әлемдік деңгейде бір-ақ рет дүбірлі той берді деуге болады. Ол – ЭКСПО-2017. Енді, міне, төбел бие сойдырып төменгі елді, жорға бие сойдырып жоғарғы елді шақырып Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізбекші.

Шапағат ӘБДІР

Көшпелі Орталық Азия халықтарының ұлттық ойындарына негізделген этникалық спорт түрлерінен өтетін халықаралық спорт жарысын біз жалпылама түрде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары деп атаймыз. Бұл, негізінен, этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған жарыс түрі.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, айтулы дода жақындаған сайын ақылдасу отырыстары жиілей түсті. Өткен бейсенбіде аталған жарысты өткізу үшін құрылған штабта Қазақстан Республикасы Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өтті. Алқалы жиында депутаттар алдағы жарысқа деген дайындық мәселесін қарап, жауап­ты адамдардың алдын ала есебін пысықтады. Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-­мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсен­баев жүргізіп, жарыс түркі жұрты үшін олимпиадалық мәртебеге ие екенін атап өтті. Ал ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев тойға дайындық қызу жүріп жатқанын, қазірге дейін 89 мемлекет ресми түрде тіркелгенін мәлім етті. Сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нуров кейбір шетелдік демонстрациялық спорт түрлері бағдарламадан алынып тасталғанын және бәсекелес спорт түрлерінде салмақ санаттары қысқартылғанын айтты. Сонымен қатар ол аталған ойындарға қаржы тұрғысынан қамқорлық көрсету үшін ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері және бас демеу­шісі ретінде отандық қаржы секторының көшбасшысы – «Халық банкімен» ресми түрде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын растады. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов болса бұл ойын­ның жарнамасына көңілі толмайтынын және «этноауыл» деген сөздің орнын қазақтың тарихи атауларына ауыстыруды өтінді. Мысалы, Сақ ауылы, Ғұн жұрты немесе Қазақ ауылы деп атасақ жөн болар еді деп өзінің басқа да ұсыныстарын ортаға салды.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Оған 100-ге жуық мемлекеттен 2000-нан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Астана додалы жарыс кезінде 100 мыңнан астам турист қабылдауға дайын отыр

Қанша спортшы қатыспақ?

Шын мәнінде, күллі түркінің қара шаңырағы болған Қазақ мемлекетінде мұндай ұланасыр тойдың абыроймен өтері – бәрімізге ортақ мақтаныш. Алғаш рет бұл жарыс 2014 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ұйым­дастырылып, оған 19 елден 10 спорт түрі бойынша 583 спортшы қатысқан болатын. Екінші рет 2016 жылы 62 елден 26 спорт түрі бойынша 1200 спортшы қатысып, ауқымы кеңейген ойынға 2018 жылы 82 елден 37 спорт түрінен 2000-ға жуық спортшы қатысқан. Бұл үшеуі де Қырғызстанда өтті. Ал 4-рет 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтіп, оған 13 спорт түрінен 3000 спортшы бақ сынап, 102 ел қатысқан. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Оған 100-ге жуық мемлекеттен 2000-нан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Астана додалы жарыс кезінде 100 мыңнан астам турист қабылдауға дайын отыр.

Қай жерде қандай ойындар өтпек?

Ойындардың бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Онда ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, интеллектуалды ойындар, саятшылық сияқты басқа да ұлттық ойындардың 21 түрінен жарыс ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар жарыстар әр жерде болады. Атағы алты алашқа жетіп, алпыс жұрттың құлағын елеңдеткен спорт жарысын өткізуге арнайы 6 орын бөлінген. Мысалы, «Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында бәйге, көкпар, саятшылық пен садақ ату жарысы болса, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында ұлттық күрес түрлерінен, «Думан» қонақүй кешенінде интеллектуалды ойындар сайысы өтеді. Жарыс­тың ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған. Қазіргі таңда «Астана Арена» мен «Алау» мұз айдыны сарайында, «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмысы қызу жүріп жатыр. Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдауға қауқарлы.

Атағы дүниені дүбірлеткен V кезекті көшпенділер ойынының ұраны «Ұлы дала дүбірі» деп аталмақ. Сонымен қатар ойын қарсаңында бірнеше жоба іске асады.

– Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы жүзеге асады. Сондай-ақ «Қазанат» ипподромының аумағындағы 10 гектар жерге «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл ашылады. Онда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ойын қарсаңында ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың адамның аралауына жағдай жасалады. Сонымен қатар Ұлттық музейде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі, – дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев.

Логотиптің мәні

Мұратбек Сұлтанбекұлы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының айбары мен атын әлемге паш етіп тұратын логотип белгісінің мағынасына тоқталды.

– Дөңгелек пішінді логотипте күн шабандозының фигурасы бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Жалпы пішінінің сұлбасы көшпелілердің тұрмыстағы бұйымдарының сәндік элементтерін еске түсіреді. Логотип қою қызыл түспен боялған. Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сенім бар. Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті ерлер бұйымдары әрленген. Сарғыштау келетін ашық түсінен әйелдер әшекейі әзірленген. Лого шрифті VIII-X ғасырлардағы түркі руналары жазуынан алынған, – дейді ол.

Жарысты өткізуге дайындық жұмысы қызу жүріп жатқанын айтқан М.Қыпшақбаев қазіргі таңда ҚР Ұлттық спорт қауымдас­тығының бастамасымен, ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен спортшылар мен жылқыларды сапалы даярлау үшін екі кешенді ғылыми топ құрылып, олардың бірі атбегілікпен, екіншісі ұлттық спорт түрлерінің спортшыларын даярлаумен айналысып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда кешенді ғылыми топтар көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спортшыларының құрама командаларымен тығыз жұмыс істеуде. Олар Олимпиадалық даярлау орталығының базасында 3 ай бойы спортшылар мен жылқыларға тексеру жүргізеді.

Тіркеу қалай жүзеге аспақ?

Биылғы көшпенділер ойынының бір артықшылығы тек қана көшпенді халықтар ғана емес, әлемнің басқа да елдерінен спортшылар қатыс­ады деп күтілуде. Жетімі жеті жұртқа айналған, жеті жұрты жетпіс ұлт­қа айналған қазақ жерінде жеті күн бойы өтетін бұл жарыстың спорт бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер 2024 жылдың 15 шілдесіне дейін берілуі керек. Ал Мәдени және ғылыми бағдарламаларға, сондай-ақ көрнекі спорт бағдарламасына қатысуға өтінімдер 2023 жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылданды. Журналистер worldnomadgames.kz сайты арқылы аккредитациядан өте алады. Көрермендер билеттерді ресми билет операторының zakazbiletov.kz сайтынан сатып ала алады.

Билет қалай сатылады?

Қазіргі уақытта қазақ күресі, алыш, корэш, дәстүрлі садақ ату, асық ату, ордо, мас-рестлинг, кураш, арқан тартыс, ашыртмалы аба гюреши жарыстарына билеттер қолжетімді. Билет бағасы таңдалған жарысқа байланысты 600-ден 25000 теңгеге дейін барады. Сондай-ақ мектеп тарифі мен зейнетақы тарифі бойынша билеттерді 50 пайыз жеңілдікпен кассадан сатып алуға болады. Ал жарысқа 0-5 жастағы балалар (орын ұсынусыз) мен I, II топтағы мүгедектер кассаларда тиісті құжатын көрсеткен кезде тегін қатыса алады. Тағы бір ескеретін жағдай, ашылу рәсіміне, көкпар, көк бөрі, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, powerful nomad билеттері тамыз айында қолжетімді болады. Сонымен қатар тоғызқұмалақ, мангала, овари сияқты дәстүрлі зияткерлік ойындар көрерменсіз өтеді. Осыған байланысты бұл спорт түрлеріне билет сату қарастырылмаған. Алыстан ат арытып келген қонақтарды күтіп алу үшін Астана 2024 ДКО инфрақұрылымына кіретін спорт нысандарына жақын орналасқан 23-ке жуық қонақүй дайын отыр. Ал тойға келетін шетел азаматтары Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерден жолаушылар тасымалдайтын авиақатынасы арқылы авиарейстермен қосымша құжат рәсімдемей-ақ келе алады. Қазақстанға шекаралас мемлекеттердің азаматтары (Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы және Қырғыз Республикасы) құрлықтағы өткізу бекеттері арқылы қосымша негiздер көрсетпей-ақ кiре алады. Сондай-ақ Қазақстанға визасыз келе алатын басқа мемлекеттердің азаматтары 30 тәуліктен аспайтын уақыт, бірақ 180 тәулік ішінде ең көп дегенде 90 тәулік бола алады. Бұл ереже Қазақстан Республикасына виза бойынша келгендерге және елде уақытша тұруға рұқсат алған немесе тұруға ықтиярхат алғандарға қолданылмайды.

Жарыс ресми түрде бастал­ғаннан кейін бірінші кезекте қатысушы елдердің командалары алфавиттік тәртіп бо­йынша салтанатты маршпен жүріп өтеді. Содан кейін ашылу рәсімінде Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік туы мен Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарының туы көтеріліп, ҚР Мемлекеттік әнұраны және Дүниежүзілік көшпенділер әнұраны айбынды түрде орындалады. Ойындардың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы қатысып, сөз сөйлейді. Жабылу рәсімі «Қазанат» орталық ­ипподромында көкпардың финалдық ойынынан кейін өтеді.

Жалпы дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіргеннен кейін әлемдік мәртебеге ие болып, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын өзіне аударуда.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button