Мәселе

Көшті қалай ­көбейтеміз?



Еліміздегі демографиялық ­ахуал алаңдатарлық десек қате айт­қанымыз болмас. Бұл ретте Кеңес Одағы кезіндегі саяси жүйе елімізге көп қиындық туғызғаны тарихтан белгілі. Әсіресе екі рет қайталанған ашаршылық, ал­дындағы малын тартып алған соң, оның үстіне азық-түлікке салық салынған соң халық қырылып қалды.

Бұл – айтайын деп отырған мәселеге тұздық ретінде келтірген мысалым. Осы және басқа да экономикалық, саяси қателіктерден еліміздің солтүстік аймағында халық өте сирек қоныстанып отыр. Бұл жағдай КСРО ыдыраған кезде тіпті күрделеніп кетті. Қаңырап бос қалған елді мекендердің саны күрт көбейді. Бұл өңірлерде жер құнарлығы, табиғат байлығы, жол, басқа да байланыс инфрақұрылымдары еліміздің басқа өңірлерінен кем емес. Алайда Үкімет пен жергілікті басқару орындарының мәліметі бойынша қаулы қабылдау, қағаз толтыру жағынан жұмыс жүріп жатқан тәрізді, бірақ нақты іс қозғалысы шамалы болып тұр. Жобаға байланысты оңтүстіктен ағылып көшіп жатқандар өте аз. Ал барғандарға нақты көңіл бөлініп отыр деп айта алмаймыз.

Бұл жұмыстың екі жақты болып шешетін мәселесі көп. Сондықтан көшті қабылдап алатын жақпен көшуге даяр жақ тікелей келісімшартқа отырса. Бұл істі облыс, аудан әкімдері өздері басқарса, сосын ауыл әкімімен қанша отбасын қабылдап, орналастыруға даяр екені алдын ала зерделенсе. Бұл шаруаны қожалықтардың басшысы тікелей мойнына алса, сонда бұл іс алға басар ма еді?! Мәселен, Ақмола облысының Астрахан ауданындағы Толқынкөл ауылының тұрғыны азайып, мектеп жабылып қала жаздағанда, осы ауылдағы мектеп директоры Ғалым Доспан бауырымыз өзі бас болып Шымкент жаққа барып, ел аралап, келісімге отырып бірнеше отбасыны ауылына көшіріп, орналастырып, бос тұрған үйлерге кіргізіп, жұмысқа жарайтындарын жергілікті шаруа қожалықтарына көмекке, ауылдың малын бағуға қосса, мектеп жасындағы балалар оқушылар санын көбейтіп, ауыл жап-жақсы көркейіп қалды. Тура осындай әрекетке неге кіріспеске? Қағазбастылыққа салынып іс-әрекетті қолға алмай отырған тәріздіміз. Қазір Жаңа Қазақстан тұсында осы жұмысқа жаңадан қарасақ. Арқаның халқы селдіреген елді мекендерін Отанымыздың берік босағасына айналдыру ел басқарып отырған басшыларға парыз болса керек.

Жоғарыда айтқан мысал әр ауданда кем дегенде 5-6 ауылда жүргізілсе, еліміздің қауіпсіздігі нығая түсер еді, экономикасы да көтерілер еді.

Осы мақаланы оқып, мүмкін, қосымша әрекеттер іске асар, тіпті түбегейлі жақсы өзгерістерге жетелейтін іс басталып кетер деген оймен «Астана ақшамы» газетіне арнайы жазып отырмын. Осы ұсынысыма қолдау табылып жатса тіпті оңды болар еді.

Бейсембек ӘЛКЕНОВ, еңбек ардагері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button