Ел тынысы

Көз алдымызда көркейді



– Астанаға мен 2009 жылы келдім. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты емдеу-диагностикалау департаменті, одан кейін стратегия және даму департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істедім. 2010 жылы елорданың онкология орталығының бас дәрігері болып ауыстым. Аурухана жаңа болса да, құрал-жабдықтар жетіспеді. Дәрі-дәрмек тапшы еді. Содан 2012-2016 жылдарға арналған онкология саласын дамыту бағдарламасы қабылданды. Сол жылдары еліміздегі онкология саласында өлім көрсеткіші көп болып, диаг­ностикалауда қиындықтар болды. Ол кезде онкология ауруларына диагноз кеш қойылатын. Арнайы бағдарламаға қаржы бөлініп, соның нәтижесінде бұл саланың бюджеті бір жылдың ішінде 3 есе артты. Ол қаражат дәрі-дәрмекке, құрал-жабдықтарды жаңартуға жұмсалды. Күрделі диагностика жүргізетін аппараттар, сәулелі терапия алуға мүмкіндік туды. Елімізде жоғары мамандандырылған 4 сәулемен емдейтін орталық ашылды. Зертханалардың аппараттары түгенделіп, дәрі-дәрмектің түрі көбейді. Емдеу хаттамалары қайта қарастырылды. Қосымша скринингтер қосылды. Соның бәрі қатерлі ісік диагнозын уақытылы қоюға мүмкіндік берді. Бірнеше бағдарлама аясында мамандардың білімін жетілдіру мүмкіндігі көбейді, шетелге барып біліктілік арттыру, шетелдің белді мамандарын елге шақыртып, персоналды оқыту, шеберлік сабағын өткізу, сырттан келген хирург дәрігерлермен бірігіп ота жасау, тәжірибе алмасу, жаңа тәсілдерді үйрену – осының бәрін бұрынғыдай Мәскеу рұқсатын күтпей, өз елімізде шеше алатын болдық. Сәулелі ем аппараттары, диагностика құралдары, дәрілер көбейді. Халықты медицинаның барлық соңғы мүмкіндіктері арқылы емдеу, диагностикалау мүмкіндігі зор, оған мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі. 2019 жылы саланы реформалауға байланысты бір бағыттағы ауруханалар көпсалалы мәртебеге ауысып, жұқпалы аурулар ауруханасын бізге қосты. Осылайша елорда бүгінде медицина кластеріне айналды. Түйіндеп айтқанда, елордамыз көз алдымызда көркейді. Барша қазақстандықты астанамыздың ширек ғасыр мерейтойымен құттықтаймын!

Мұхтар ТӨЛЕУТАЕВ,

дәрігер, Астана қаласы көпсалалы медицина
орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button