Елорда тынысы

Көз алдымызда көркейді



1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңестің жалпы отырысында күтпеген ұсыныс жасағаны есімізде.

«…Сіздердің қарауларыңызға рес­публиканың өміріне, әсіресе алдағы болашағы үшін аса маңызды мәселені – еліміздің астанасын көшіру туралы мәселені қойғалы тұрмын. Алматы тәуелсіз мемлекеттің талаптарына қазірдің өзінде-ақ жауап бере алмайды. Сондықтан менің тапсыр­мам бойынша мемлекеттің жаңа астанасының орналасатын жерін анықтау мақсатында республиканың күллі аумағы егжей-тегжейлі тексеруден өткізілді. 32 параметр бойынша жүргізілген сараптама барлық нұсқалардың ішінде ең дұрысы Ақмола екенін көрсетті» деген еді сонда Нұрсұлтан Әбішұлы.

Бірақ елдің бәрі бұл ұсынысты қолдай қоймағаны да болды. Жоғарғы Кеңестің депутаттары қызу айтыс-тартыстан кейін Президенттің ұсынысына қолдау білдірді.

Енді бүгін қарап отырсақ, сол кезде қабылданған шешімнің дұрыс­тығы анық болып көрінеді. Менің ойымша, бұл тек қана ел ішіндегі айтулы оқиға ғана емес, үлкен стратегиялық шешім болғаны сөзсіз. Айналдырған 25 жылдың ішінде бұрынғы Ақмоламыз төрткүл дүние көз тіккен Астанамызға айналды. Қазір қазақтың елордасын бүкіл әлем біледі.

Өз басым осы қаланың байырғы тұрғынымын, сондықтан жас елордамыздың қалыптасу кезеңіндегі оқиғаларды жақсы білемін. Өмір бойы ұстаздық етіп келемін. Астананың көшірілетіні туралы жаңалықты ақмолалықтар үлкен қуанышпен әрі үмітпен қабылдаған еді. Бәрі де астана мәртебесімен бірге қалаға, жалпы өңірге жаңа тіршілік келеді деп күтті. Әрине, солай болды да.

Уақыт алға озған сайын жаңа астанамыз халқымызды біріктіріп, топтастырды. Қазақстандықтар өз астанасын бүкіл ел болып бірге салды. Қала құрылыстарында еліміздің барлық өңірлерінен жүздеген құрылысшылар, мердігерлік ұйымдар келіп жұмыс істеді. Шетелдік компаниялар зәулім ғимараттарды салуға үлес қосты. Жалпы, Астанаға қоныс аударушылардың негізгі бөлігі 1997 жылдың күзінде келе бастаған еді. Әлі есімде, 1997 жылғы 8 қарашада Ақмолаға мемлекеттік рәміздер эталондары жеткізілген болатын. Сонда біз де, барша қазақстандықтар да жаңа астананың болатынына шүбәсіз сенген болатын. Құдайға шүкір, бар қазақтың бас қаласына, Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана – бәріміз үшін мақтаныш, мәртебе. Сондықтан әрбір отандасымды елордамызды мақтан тұтуға, аялауға, асқақтатуға шақырамын. Иә, сол бір қыстың күні жүрегімізді жылытқан астананың көшіп келген күнінен бері қанша уақыт өтсе де әрбір ақжолтай оқиғалар ойдан кетпейді екен. Сондай естен кетпес оқиғаның бірі әрине, 1997 жылдың 10 желтоқсаны екені сөзсіз. Өйткені осы күннен бастап Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың тарихы басталды.

Оспан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,

Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, зейнеткер




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button