Руханият

Өнері өрге жүзген…

Өнер – жалпыға ортақ, ешқашан мұқалмайтын, маңызын жоймайтын, жүрек түкпірінен орын алып, жан тебірентетін ерекше құбылыс. Оның сан түрлі тармағы түрлі жанр­ды қамтиды. Өскелең ұрпақты жастайынан өнерге баулу өресі кең, өркениетті елдің саналы тұрғындарының санын арттырары сөзсіз.

Сахна – киелі ұғым. Оның өзіндік мәдениеті, тәртібі мен талғамы бар. Өрендердің өнерін өрге жүздіру үшін ең алдымен сахна мәдениетіне бау­лып, әдептіліктің маңызын дәріптеуіміз қажет. Әсіресе театр сахнасында мүлт кетуге жол жоқ. Мен аталмыш саланың маманы ретінде білім алушылардың барынша өнерге деген құрметін қалыптастыруды алғашқы орынға қоямын. Себебі өз ісіне, айналасына сыйластықпен қараған адам шығармашылықты шыңдап қана қоймайды, оны жан дүниесімен ұғынып, өзгелерге де дарытуға тырысады.

Театр – жанды кино тәрізді. Оқиғаның бар болмысы сахнада көрініс табады. Қойылымның көрерменнің жүрегіне жол табуы, жалпақ жұрттың өнерге деген көзқарасы актерлердің шеберлігінің үйлесім табуына тікелей байланысты. Сондықтан сахна мәдениетін ұстанған жандардың бойында үлкен жауапкершілік жүгі бар екенін сезіндіру қажет.

Оқу мен тәрбие егіз ұғым екенін ескерсек, оқу­шылардың жауапкершілігін арттыру барысында дайындықты себепсіз босатпауын қадағалау қажет. Сахнаның әр деталі, әр сәті талқыланып, алдын ала пысықталатын тұста қойылымға қатысатын оқушылардың сабақты себепсіз босатуы олқылықтың орын алуына негіз болары анық. Сондықтан жас әртістердің өнерге деген көзқарасын қалыптастыру барысында оның маңызын дәріптеп отыру керек.

Әрине, сахнада бой көрсетіп, жалпақ жұрттың алдында өнер көрсету оңай емес. Бұл, үлкен жауап­кершілік пен дайындықтан бөлек, балалардың өз-өзіне деген сенімділігін байқатады. Қобалжу, қорқыныш сезімінің бойды билеуі – заңды құбылыс. Дегенмен бұл үлкен еңбекті жоққа шығарып, тіпті толық құрамның қаншама төккен теріне де кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан дарындылықпен қатар, әр оқушының бойында сенімділік сезімін қалыптастыру аса маңызды.

Бұл талаптардың бәрін орындап, өзін үздік қырынан көрсетіп жүрген шәкірттер қатары жетіп артылады. Дегенмен топ ішінен дараланып шығып, бірден көрермен көзайымына айналған, еңбегі мен өнерге деген зор құштарлығының арқасында биік белестерді бағындырып жүрген шәкіртім Абай Жаңабайдың орны тым ерекше. 2020 жылдан бері дәріс алып, сахнаға әбден төселген өнерпаз осы жылдар аралығында жетістіктерге де жетіп үлгерді. Мәселен, «Turkestan Music Festival» атты халықаралық конкурста қарсыластарына дес бермей, лауреат атанып, І орынды қанжығаға байлады. Абайдың бұл халықаралық дәрежедегі жалғыз жеңісі емес, Алматы қаласында өткен «Almaty Music Festival» байқауында да биіктен көрініп, 1-орынды иеленген болатын. Одан бөлек, республикалық балалар, жасөспірімдер және ұстаздар арасындағы «Ата өнері – балаға мұра» атты сайыста да ІІІ орын алды.

Өнерді жанына серік еткен жан салауатты өмір салтын да үнемі назардан тыс қалдырмай, спортты да жанына серік еткен. «Еркін күрес» сайысында 30 келі салмақ дәрежесі бойынша ІІІ орын иеленсе, «Adlet Boxing Club» ашық турнирінде қола медальді қанжығаға байлады.

Өнерге қадам басқан кезден бастап алға қойған мақсатқа жету жолында тапсырмаларды бұлжытпай орындап, бар бейімі мен қабілетін жоғары деңгейде көрсеткен оқушым биыл Қазақ ұлттық өнер университетіне «драма және кино актері» мамандығына оқуға құжатын тапсырды. Мұның өзі жоғары жетістік деп ойлаймын. Бойдағы қорқынышын сейілтіп, өзіне деген сенімі бекіген шәкіртімнен болашақта зор үміт күтемін!

Ұлпан АСАНОВА,

Астана қаласы №2 өнер

мектебі театр бөлімінің мұғалімі, өнертану

ғылымдарының магистрі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button