Басты ақпаратҚала тіршілігіҚоғам

КӨЛІК КЕШЕНІНІҢ КЕЛЕШЕГІ



Астанада көлік кешенін дамытуда бірқатар жобалар қолға алынды. Нәтижесі де жаман емес. Көптеген тың жаңалықтарды білдік. Оны бізге Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов айтып берді.

 

КЕПТЕЛІСТІ ҚАЛАЙ КЕПТЕЛІСТІ ҚАЛАЙ ШЕКТЕЙМІЗ?

Бүгінде Астана халқы миллионға жетіп, мегаполиске айналды.  Көліктің саны да өсіп, кептеліс пайда болды. Сол тығырықтан шығу  үшін елорда әкімдігі бірқатар жобаны қолға алды.  Қазіргі таңда қаладағы  көліктік жүйені тиімді басқару үшін Интеллектуалдық көлік жүйесі (ITS) құрылған.  Оның мақсаты – көліктік кептелісті азайтып, реттемелі бағдаршам объектілеріндегі қозғалысты оңтайландыру. Сонымен бірге иін тірескен көлік торабын жеңілдетудің тағы бір жолы – «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде жүк көліктерінің жүрісін шектеу болды. Қалалық Жолаушылар көлігі  басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, биылғы  7 маусымнан  көлік жолдарының жеке учаскелерінде рұқсат етілген ең жоғары салмағы 3,5 тоннадан артық жүк және транзиттік көліктердің жол жүруіне уақытша шектеу енгізілді.

Бұл көп тығынды шектеп, жол қауіпсіздігін жақсартты.  Сондай-ақ, таяуда ашылған «Алай – Astra» және «КеңМарт – Astra» екі көлік орталығы көше желісіне түсетін жүктемені және «Астана» темір жол вокзалы мен «Сапаржай» автобекеті жанындағы кептелісті азайтты. – Биыл 3 маусымда қаладағы қоғамдық көлік жүретін  «Bus Lane» жолағының 12 учаскесі қосылды.  Бүгінде аталған жолақтың жалпы қашықтығы 40,6 км құрайды. Бұрын пайдалануға берілген «Bus Lane» жолақтарының ұзындығы 38,4 км болатын. Олардың жалпы саны – 24, ал ұзындығы 79 км құрады. Осылайша қосымша «Bus Lane» жолақтарын енгізу көліктік тірек құруға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде қоғамдық көліктің ғана емес, жедел медициналық көмек, өрт сөндіру және полиция қызметінің, сондай-ақ ресми такси қызметінің орташа жылдамдығын ұлғайтты, – деді Бекмырза Игенбердинов. Сонымен бірге  «Bus Lane» жолағы қаладағы жол бойында бейберекет тоқтағандарды тазартып, рұқсат берілмеген жерге көлік қою жойылды. Алдағы таңда да «Bus Lane» жолақтарын ұлғайту  жұмыстары жалғасады.

ЭЛЕКТРОНДЫ ЖОЛАҚЫ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШЕМІЗ

Қазіргі күнде елордадағы қоғамдық көлік жұмысының сапасын жақсарту үшін едәуір жұмыстар қолға алынған. Қалалық және қала маңына қатынайтын автобустар кезең-кезеңмен жаңартылуда. 2015 жылы «Астана қаласының көлік бақылау қызметі» ұйымдас­тырылды.  Оған бірталай қызметтер кірген. -Қоғамдық көлікті бақылау қызметін күнделікті жүзеге асырамыз.  Барлық анықталған фактілер бойынша Көлікті бақылау қызметі күн сайын Жолаушылар көлігі басқармасына есеп береді. Тәртіп бұзушылықтар болса, ол автобус паркінің әкімшілігіне жолданады.   Көлік бақылау қызметі  өз жұмысына салғырт қарап, тәртіп бұзған жүргізушілер мен кондукторлардың «қара тізімін» жүргізеді.

Олар  автобус паркі мекемесінің шешімімен қаладағы Біліктілікті арттыру орталығында қайта оқытады, – деді Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы. Арқаның сақылдаған сары аязын көрген адам оны ешқашан ұмытпайды. Сондықтан елордада кейінгі жылдары жылы аялдамалар салына бастады. Оған жұртшылық қуанды.  Қазіргі күнде Астанада  27 жабық жылы аялдама қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта аталған жобаны іске асыру үшін инвестициялық қаражат тарту бойынша компаниялармен келіссөздер жүргізіліп,  жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде екен.Алдағы тамыздан бастап барлық қоғамдық көліктерге электронды жол жүру картасы енгізілмек.  Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Еуропаның көптеген қалаларында жүзеге асқан.

 – Уақыт өте келе жолаушылардың көпшілігі карточка пайдаланатын болады. Әзірше, кондукторларды қызметтен босату деген сұрақ жоқ. Ал қызметкерлерді жұмысқа орналастыру кезең-кезеңмен жүзеге асады. Болашақта жолаушыларға электронды карточкаларын сатып алу енгізіледі. Электронды жолақы жүйесі «ASTRA PLAT» қоғамдық көлік жұмыстарының қағидаларына негізделген. Біз Астананың  қоғамдық көлікті және жолақы төлеу жүйесін реттеуші озық жүйелер үлгісін енгізудегі қала аталғанын қалаймыз, – дейді Б. Игенбердинов.

 

Енді жаңа жүйені тарқатайық. Жолаушылардың аз ғана пайызы жол жүру ақысына қолма-қол ақша төлеуді қолданады, ақшаны кірген кезде жүргізушіге төлейді, жүргізуші «QR» коды бар автобус және бағдар туралы мәлімет сақталған билет береді. Жолаушыны отырғызу және түсіру жүйесі – кіру алдыңғы есік арқылы, шығу орта және артқы есік арқылы іске асады. Кондукторлар болмайды. Бақылауды Көлік бақылау қызметінің мамандары жүзеге асырады.

Айта кетейік, «ASTRA PLAT» электронды жолақы төлем жүйесі екі нұсқада төлеуді көздейді: біріншісі «АSTRA» көлік картасын қолданса, екіншісі, бір жолғы жол жүру билетімен қолма-қол ақша төлеу. Көлік картасын пайдаланудың өз артықшылықтары бар. Мәселен,  10 сапар сатып алу кезінде, 11-ші сапары – тегін; қалалық және экспресс-автобустарға жол жүру тіркеу кезінде – 60 минут ішінде бірнеше тегін алмастыру мүмкіндігі қарастырылған.

АҚЫЛЫ АВТОТҰРАҚТЫҢ  ТИІМДІЛІГІ

Елордада ақылы автотұрақтарды енгізу енді басталды. Қазіргі күнде бұл жоба тестілік тәртіпте жүргізіледі, яғни, тұрақ үшін ақы алынбайды. Ресми деректерге сүйенсек,  Астанада 350 мың көлік  тіркелген. Жыл сайын бұл көрсеткіш 6-8 пайызға өсіп отырады. Халықаралық кеңесшілер біздің қаладағы  Түркістан, Достық, Орынбор көшелері және Нұржол бульвары бойындағы тұрғын үй кешеңдеріндегі автотұрақ және үй аумағында тұратын көліктерді зерттеген. Мониторинг Нұржол бульварында таңғы 7:00-ден түнгі 2:00-ге дейін өткізілген.  Қазіргі кезде онда ақылы автотұрақтарды енгізудің бірінші кезеңі өтуде. Көше желісін зерттеу қорытындысында, күні бойы бұл аумақта шамамен 600 автомобиль тоқтап,  соның ішінде 238 көлік тұрақ ережесін бұзатындығы анықталған. Халықаралық зерттеулер бойынша елордадағыдай басқа үлкен мегаполисте автотұрақ ережесін елемеу деген болмайды. Көп  елдерде оған айыппұл салынады. Немесе көлікті алып кетеді.

Біздің бір байқағанымыз,  жүргізушілердің 80 пайызы  Нұржол бульварына жұмысқа бара жатып машиналарын 8-9 сағатқа қойып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, шамамен 380 машина күні бойы көшедегі авто тұрақта  тұрады. Тіпті кейбіреулер автотұрақты жеке гараж ретінде пайдаланады. Әлеуметтік сауалнамаға сұхбат берушілердің 50 пайызы осы маңайда көлік қоюға бос орын болмағандықтан  белгілеп қойған кездесуді немесе тағы басқа шаруа­ларын басқа күнге ауыстыратындығын айтқан. «Ақылы автотұрақтарды пайдалануды әлемдік тәжірибеге сүйеніп отырмыз. Біз «Астана қаласының автотұрақ кеңістігін басқару» жобасының бірінші кезеңі – Нұржол бульварында мау­сымның 19-ынан бастап тестілік тәртіпте іске қосылды. Әзірше төлемақы алынбайды.

Келешекте ақылы автотұрақтың құны сағатына 100 теңгені құрайды.  Алдағы жылы қала аумағында 9 000 автотұрақ жобасы жүзеге асады»  деді. Б. Игенбердинов.Сонымен қатар, такси қызметінде де бірқатар жаңалықтар бар.  Сондықтан қалалық такси қызметі құрылған. Оның мақсаты – азаматтарды таксимен тасымалдаудың сапасын жақсарту, қауіпсіздікті сақтау және емін-еркін жүру үшін қолайлы жағдай туғызу. Қазіргі таңда қалалық Жолаушылар көлігі басқармасы мен  13 таксомотор компаниясы келісім-шартқа отырған. Таксимен тасымалдау бойынша қызмет көрсетуге келісім-шарт жасасқан жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жіберіледі. Ресми таксилерге қалада бірқатар жеңілдіктер ұсынылған.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button