Басты ақпарат

КӨЛІК-ЛОГИСТИКА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ



EZ3A2461---копия

Бұрнағы күні Астана көлік-логистикалық орталығы (КЛО) ұсынатын мультимодальдық қызмет көрсетудің толық циклі іске қосылды. Осыған орай өткізілген іс-шараға ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков және «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин қатысты. Қазақстанның бас қаласында Орта Азиядағы «А» класты ірі көлік-логистика орталығының ашылуы еліміз өміріндегі елеулі оқиға екені анық. Мұндай іргелі нысан алдағы уақытта Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Орал, Атырау, Ақтау, Қостанай, Семей қалаларында салынатын болады. 

Ағымдағы жылдың аяғына дейін Шымкенттегі КЛО құрылысы аяқталады. Сөйтіп, облыс орталықтарында жүктерді сақтауға, өңдеуге және шоғырландыруға арналған хабтар құрылады. Келешекте бұл аймақтық құрылымдар Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауының идеясына сәйкес «сәуле қағидаты» бойынша Астанадағы орталық хабпен байланысып жұмыс істемек.
Көлік-логистика орталығы Қарағанды-Астана республикалық магистралі бойында, Қырқыншы теміржол станциясының тұсындағы айналма жолға жақын орналасқан.
КЛО аумағындағы салынған құрғақ қойма 29300, климаттық қойма 13300, дистрибуциялық орталық 25000, контейнер алаңы 70000 шаршы метрді алып жатыр. Қойманың архитектурасына, аралық еніне, сақтау сөрелерінің биіктігіне, температуралық режиміне қойылатын барлық талаптар сақталған. Инфрақұрылымды автоматтандыру үдерісті нақты уақыт режимінде қамтамасыз етеді. Озық технологияларды пайдалану тауарларды тиеу-түсіру барысында орындалатын операциялардың жылдамдығын айтарлықтай арттырады, мұнда жылына 1 млн тоннаға дейін жүк өңделеді.
Астанадағы КЛО тасымалдаудың мультимодальдылық талаптарына да толық жауап береді: тауарларды теміржол көлігінен автомобильге арту және керісінше қабылдау ұтымды ұйымдастырылған. Ұзындығы 5 шақырымдық кіреберіс темір жолы тіке қоймаға апарады.
КЛО пайдалануға берілуіне байланысты 850 жаңа жұмыс орны ашылды. Астаналық орталықтың іскерлік әріптестері сондай-ақ, «Қазақстанның бой көтерген бұл инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға, оның ішінде мультимодальдық қызмет көрсетудің үздік үлгілеріне біртіндеп жақындап келеді, бұл логистика шығынын біршама азайтады» деп атап көрсетеді.
Көлік-логистикалық орталығы арқылы жүктерді дистрибуциялау бойынша алғашқы операцияның басталу рәсіміне мемлекеттік органдардың, көлік жүйесінің, делдалдық компаниялардың, қазақстандық және шетелдік өндіріс орындарының өкілдері қатысты.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button