Басты ақпаратҚала мен СалаҚала тіршілігі

КӨЛІК ҚАЛАЙ КІДІРІССІЗ ЖҮРЕДІ?



Жаз келсе Астанада көлік саны да күрт көбейіп кетеді. Бұл қала тіршілігіне айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан халқының саны миллионнан асқан қаланың ішіндегі қозғалыс трафигін жетілдіріп отыру елорда әкімдігі алдындағы өзекті мәселе болып қала береді. Осы орайда Астана әкімі Әсет Исекешев қолға алынып жатқан шаралар жайында баяндап берді.

65435

«Астана жан-жақты қар­қынды дамып келеді. Бүгінгі таңда қалада 400 мыңнан аса көлік бар. Бұл жағдай қала ішіндегі қозғалыс трафигін қиындата түседі. Осындай жағдайды ескере отырып, біз көлік кешенін дамыту бағдарламасын әзірледік. Ол қысқа мерзімге, орташа жедел және ұзақ мерзімге арналған шаралар арқылы жүзеге асырылады» деп атап өтті қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, қысқа мерзімге арналған шаралар аясында қаладағы қоғамдық көлік құрамы жаңартылады.
– Осыған дейін елордалық автопаркке 358 автобус әкелінсе, жақын арада тағы да 380 жаңа автобус қосылады. Сондай-ақ, 45 мектеп автобустарын аламыз, – деп хабардар етті Астана әкімі. Қаладағы қоғамдық көліктің кідіріссіз жүруі үшін «Bus Lane» жолақтары да көбейтілетін болады.
– Қазіргі кезде қала көшелерінде 38 шақырым «Bus Lane» жолақтары бар. Бүгінде тағы да 40 шақырым қосылып жатыр. Осылайша, 1 маусымға дейін қаладағы «Bus Lane» жолақтары 78 шақырымға жетеді. Бұл автобустар мен ресми таксилердің қаланың негізгі  көшелерінде кідіріссіз жү­руін қамтамасыз ететін болады. Бұл жағдай, әрине, жалпы көлік иелеріне қолайсыздық туғызуы мүмкін. Алайда бірінші кезекте қоғамдық көліктің қозғалысына басымдық беруді жөн санап отырмыз. Егер жолау­шылар тасымалдайтын автобустардың жүру интервалы 5-10 минуттан болса, бұл – өте жақсы көрсеткіш, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, халықаралық автобустарды қабылдайтын үш көлік хабы анықталып отыр. Екі вокзалға және әуежайға қатынайтын бағдарлар көбейетін болады. Әкімдік бес минут сайын жүретін 7 шаттл-бас бағдарларын да іске қосады.

Әсет ИСЕКЕШЕВ,  Астана қаласының әкімі:

7687676
– ЭКСПО-ға екі миллиондай қонақ келетінін ескере отырып, қаладағы көлік қозғалысы өзекті бола беретінін түсінеміз. Сондықтан да біз осы мәселені жеңілдету мақ­сатында екі шара дайындап, оны Үкіметтің қарауына ұсынуды жос­парлап отырмыз.

Бірінші шара – қала ішіндегі кейбір алдын-ала анықталған көшелерде сағат таңғы 6-дан түнгі 11-ге дейін жүк тасымалдайтын көліктердің жүруіне тыйым салу. Бұл шектеу коммерциялық (сауда) және құрылыс нысандарына қызмет көрсететін жүк көліктеріне қатысты болады.
Екінші шара – жұмыс уақытын тиімділікке икемдеу. Күнделікті өмір көрсетіп отырғандай, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелісі тұрғындардың бір мезгілде балабақшаға, мектепке және жұмысқа баратын уақытта, яғни 8.00-ден 8.45 аралығында орын алады. Осы жағдайға байланыс­ты, атап айтқанда, бір мезгілдік нөпірді жеңілдету үшін Үкіметке жұмыстың басталу уақытын өзгерту жөнінде қаулы қабылдауға ұсыныс жасап отырмыз. Атап айтқанда, мектептердегі оқу бұрынғыдай – таңертең 8-ден, министрліктер мен басқа да орталық мемлекеттік органдардың жұмысын – 8.30-дан, ЖОО мен орта арнайы оқу орындарындағы оқуды – 10.00-ден, ХҚКО мен банк жұмыстарын да 10.00-ден бастауды ұсынамыз. Осы шаралар жүзеге асатын болса, қала ішіндегі көлік қозғалысы едәуір жеңілдейтін еді.

Астана әкімі, сонымен қатар, қала ішінде бейнебақылау камераларының жыл соңына дейін 10 мыңға де­йін жеткізілетінін айтты. Бұл камералар үй аулаларында, қоғамдық орындарда және жол бойларында орналасады. Сонымен қатар, Диспетчерлік орталық бейнебақылау арқылы әр автобустың қозғалыс барысын бақылайтын болады. Бұл жалпы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жүргізушілердің тәртібін қадағалауға мүмкіндік береді. Қала әкімдігінің көлік қоз­ғалысын жақсартуға бағыт­талған орташа жедел шаралары аясында көлік инфрақұрылымы құрылысы бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

– Біз Министрліктер үйі және ескі «Мега» ма­ңайында бірнеше жол айырығын жобалауды бастадық. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған жол инфра­құ­ры­лымын жақсартуға да ерекше маңыз берілмек. Бұдан басқа, қазір жүзеге асырыла бастаған ақылы автотұрақтар жүйесін дамыту да жалғасатын болады, – деді Ә.Исекешев.

Жаяу жүргіншілер мен велосипедпен жүрушілер аймағын дамыту да жос­парланып отыр.Ұзақ мерзімді шаралар да қаладағы көлік қозғалысын жақсартуды кеңінен қарастырады.
Қазір кіші айналма жол құрылысы жүргі­зіліп жатыр. Биыл Ұлы дала елі көшесі бойынан жаңа теміржол вокзалына де­йін жеткізетін екі көпірлі жолдың құ­рылысы басталады. Сонымен қатар, Тәуелсіздік даңғылынан Сарайшық көшесіне көпір арқылы өтетін, Ұлы дала елі көшесі мен Бейсекова көшесін жалғастыратын жол құрылыстарының құжаттамалары әзірленіп жатыр. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы екі жыл уақытқа есептелген.

Сондай-ақ, ұзақ мер­зімді шаралардың қатарына ЛРТ құрылысын да жатқызуға болады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, қаланың бір­қатар аудандарында тұ­ратын жалпы көлік ие-
лерінің көпшілігі қоғамдық көліктің қызметіне жүгінетіні болжанып отыр.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button