Қала мен Сала

Көрме қонақтарын қалай күтеміз?



Санаулы күндерден кейін Астана қаласы халықаралық туристік индустрияның орталығына айналады. Келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуді талап ететін орындардың бірі – қоғамдық тамақтану.

92_restorany

Қаланың туристік дамуы үшін халықаралық көрменің маңызы зор. Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Жол картасы аясында қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлердің тізімін жасап, ондағы қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, тамақтану орындарында мәзірдің үш тілде дайындалуына, қосымша пост-терминалдар орнатуға, ішкі және сыртқы келбеті мен абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлінді.

Тамақтану
орындары
сақадай сай

Бүгінде келген қонақтар мен қала тұрғындарына қызмет көрсететін 273 мейрамхана, 460 кафе, 27 асхана сақадай сай. Оған қоса «Ханшатыр», «Сарыарқа», «Керуен», «MegaSilkWay», «Азия Парк», «Аружан» және «Думан» секілді сауда ойын-сауық орталықтарында 100-ден астам тамақтану орындары жұмыс істейді. Жалпы, қоғамдық тамақтану орындары бір мезетте 106 мың адамды қабылдай алады.
Айта кетейік, Астана қаласының әкімдігі мен «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясы «Recommended by EXPO-2017» жобасын жүзеге асырған болатын. Бағдарламаның мақсаты – туристік қызметтің сапасын көтеру. Оған қаладағы қонақүйлер мен хостелдер, қоғамдық тамақтану орындары, транспорттық компания­лар, сауда орындары және сұлулық салондары белсенді түрде қатысты. Арнаулы сарапшылар аталмыш кәсіпорындардың қызмет деңгейін анықтау үшін бағалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жоғары талапқа сай келетін мекемелерге «Астана қаласының алтын серіктестігі», «Күміс серіктестік», «Қола серіктестік» немесе «Астана қаласының серіктестігі» статусын тағайындады. Жобаның қызмет көрсету деңгейінің қорытындысы бойынша 33 мейрамхана, 4 кофехана, 10 гриль-бар, 3 жылдам тамақтану орны, 1 шарапхана және 1 стейкхаус серіктес атанды. Әрине, Денсаулық сақтау басқармасының мамандары қоғамдық орындардағы барлық асханалардың қауіпсіздігін қатаң бақыламақ.

Әлем мәзірі
ұсынылады

«Көрмеге дайындық барысында ауқымды шаралар атқарылды. Әрбір нысан жіті тексерілді. Олардың бәрі ішкі-сыртқы келбетін жақсартып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ондағы қызметкерлер арнайы курстан өтіп, біліктілігін арттырды. Біздің алдымыздағы ең басты міндет – қызмет деңгейін көтеру. Ол үшін астаналық мейрамхана иелерінің қатысуымен тренингтер өткізілді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесе отырып сала мамандарына арналған тегін семинарлар ұйымдастырылды. Оған 1300-ден астам бизнес өкілдірі қатысты» дейді Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл Қау­ғабаева. Оның айтуынша, шетелдік қонақтар үшін ұлттық тағамдардан бөлек, әлем елдерінің сүйікті тағамдарын ұсынуға көңіл бөлінбек.

img_4121_1

Даяшыларға
сұраныс артты

«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстары барысында байқағанымыздай, әсіресе, кассирлер мен даяшыларға сұраныс артқан. Осы тенденцияның арқасында қалалық Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің бітірушілері жұмыспен қамтылып отыр.
Тағы бір мәселе, қызметкерлердің ағылшын тілін білу деңгейі болатын. Қазіргі уақытта барлық мейрамхана мен кафе иелері шетелдік қонақтарды күтіп алып, оларға қызмет ететін бірнеше тіл білетін әкімші, даяшы, секілді қызметкерлер тобын дайындаған.
Жалпы, елорда экономикасының бір бөлігін қызмет көрсету саласы құрайды. Осыған байланысты, көрме қарсаңында сауда қызметін, мейрамхана бизнесін жаңа сатыға көтеріп, аталмыш бағытты кеңінен дамыту маңызды болмақ.
«Осы мақсатта шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беретін «Жастар», «Астана сервис» және «Старт ап» бағдарламалары іске қосылды. Баға саясатын тұрақтандыру мақсатында сауда орындарын қолдаудың тетіктері қарастырылды. Тұрғындарды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде көтерме жеткізушілермен, аймақтардағы ауылшаруашылық кәсіпорындармен меморандум жасалды. Әлеуметтік маңызы бар тағам түрлерін сатумен айналысатын сауда желілеріне жеңілдетілген несие ұсынылды» дейді Рысгүл Қауғабаева.

Гүлмира
АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button