Басты ақпаратЖаңалықтар

Көшеде кім ән салады?



Жаз мезгілі жайма-шуақ ауа райымен ғана емес, көше музыканттарының өнерімен де есте қалады. Олар қала көшелері, саябақтарға жан бітіріп, сейіл құруға шыққан тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлайды. Бірі жеке дара ән салса, енді бірі топ құрып, көпшіліктің көңілінен шығатын танымал әндерді жанды дауыста шырқайды. Көше музыканттарының арасында көрермен көзайымына айналып, өнерімен танылғандары да бар. Соның бірегейі – бас шаһардың басты монументі «Бәйтерек» маңынан кезіктірген Азат Романқұл мен Wow.ns тобының жігіттері. Жас әншілердің жағымды дауысы алыстан-ақ жаныңды жадыратады. Себебі карантинде концерттен тыйылған жұрт әншісін тапса, өнерпаз жігіттер сахнасын субұрқақ жанынан жасап алған. Иә, құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күйді осы маңнан таптым мен де…

Азат Романқұл 27 жаста, Twopanam тобының солисі. Бүгінде іссапармен Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бір айға келіпті. Өнер саласында жүргеніне 10 жылдан асыпты. 5 жылдан бері еліміздің қалаларын аралап, «көше әншісі» атанған. Қазіргі таңда Wow.ns тобымен бірлесіп, астана саябақтары мен халық көп жиналатын орындарда, мейрамханаларда өнер көрсетіп жүр.

– Мейрамханаларда ән айтып, табыс табатынымыз бар. Түскен ақшаны өзара бөліп аламыз. Сосын белгілі бір мөлшерін @bro.tvori.dobro.kz қайырымдылық Instagram парақшасының реквизиттеріне жіберемін. Ислам дінінде тапқан табыстың оннан бір бөлігін қайырымдылыққа бер делінген. Бұл қорды алматылық Берік деген досым ашқан болатын, сол себептен қаржының белгілі бір бөлігін соған жіберу дәстүрге айналды. Қор заңдастырылмаған, оны заңдастыруға мүмкін еді, бірақ та волонтерлерге 30 пайыз қаржыны бөлу керек болады. Ал бұл қорда таза ниеттерімен көмектесемін деушілер көп. Өзіміздің арнайы WhatsApp чатымыз бар. Саны – шамамен 170 адам. Егер әрқайсысына 1000 теңгеден волонтерлік ақысын берсек, 170 мың теңгені құрайды. Бұл – біраз қаржы, 5 отбасының бір айлық азық-түлігіне, керек-жарағына жетеді. Үй-үйді жаяу аралап, не керек екенін анықтаймыз. Кейін бір күнді белгілеп, керек дүниені сатып алып береміз. Қазіргі таңда қайырымдылық қорымыз Нұр-Сұлтан қаласынан да ашылды.

Азат өзі педагог-психолог мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда музыкадан бөлек, фотограф болып жұмыс істейді. Ал Wow.ns тобы алты жігіттен құралған, гитара және кахон барабанында тамаша ойнайды. Олар көшеде өнер көрсетуден ешуақытта қысылмаған, керісінше, өздерінің сүйікті ісі, яғни хоббиі ретінде есептейді. Топ мүшелері жоғары оқу орындарын бітірсе де, мамандықтары өнерге қатысы жоқ екен. Туа біткен болмысы әуенге жақын болғандықтан, осылай өнерлерін көрсетіп жүр.

 

ҚАРЖЫ ЕМЕС, көңіл күй МАҢЫЗДЫ

Азат 2013 жылы Тараз қаласынан Алматыға жоғары оқу орнына түсу үшін көшіп келеді. Қаржының қамымен банк саласында жұмысқа орналасады. Алайда айлық пәтерге жетсе, азық-түлікке жетпейді немесе тамақ алса, киім-кешектен тыяды. Ойлана келе, алғаш рет әл-Фараби-Меңдіқұлов бойындағы жерасты көпірінде гитарамен өлең айтады. Әуеннен жиналған қаржы банктегі тапқан табысынан асып түседі. Сөйтіп жүргенде басқа музыканттармен танысыпты, олар жас музыкантқа жол сілтеген. Осылай 10 жылдан аса уақыт өте шықты.

– Кейде жігіттер келіп «қазақсың ғой, көшеде неғып тұрсың? Жұмыс істеп, неге ақша таппайсың?» деп ақылдарын айта бастайды. Оның әрбіріне «Менің жұмысым бар, фотография компаниясының қызметкерімін. Кешке тапсырыстарым бар» деп түсіндіріп тұра алмайсың. Сосын олардың ойларында «көшеде қайыр сұрап тұр ғой» деген пікір қалыптасады. Бұл өз қалауымыз, жұртқа өнерімізді көрсетіп, көңіл күй сыйлағымыз келеді. Негізі, батыс, оңтүстік жақ мұны қиын қабылдайды. Ал Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары жақсы көзқараста.

Топ мүшелерінің тұрақты, жалақысы жақсы жұмысы бар. Аспаптарын қарызданып жатса да, өз ақшаларына алған. Яғни ешқандай продюсер, инвесторлары жоқ. Негізінен, Азаттың айтуынша, өнер жолындағы адамдар өзара шоу-бизнес музыканттары, көше музыканттары сияқты бөлінеді. Ешкімнен ештеңе сұрамай, берер ақшасына қарамай, көңіл үшін өнер көрсету – көше музыканттарының ерекшелігі. Сонымен қатар көбіне оларда музыкалық білімі болмайды, тек жан мен әуен үйлесімділігі үшін өнер көрсетеді.

САЛЫҚ ТӨЛЕУГЕ ӘЗІРМІН

«Заң талаптарына келетін болсақ, мен келіспейтін Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің 449-бабы, яғни қа­йыр сұрау тармағы бар. Себебі біз сияқты музыканттарға осы баппен талай айыппұл салынған. Өзімнің жеке басымда мынандай бір оқиға орын алған болатын. 2018 жылы елордада маған полиция қызметкерлері келіп «Сізге 449-баппен қайыр сұрау бойынша 5 АӘК көлемінде айыппұл салынады» деді. Бұл шамамен 14500 теңгені құрайды. Ол кісілерден мен «маскүнем, қайыршы болса, олар сізге айыппұл сомасын қалай береді?» деп сұрадым. Себебі олардың жағдайы бізден қарағанда төмен. Төлейтін қаражаттары жоқ. Полиция қызметкерлері «Заңды біз ойлап таппадық» деп қысқа қайырды. Яғни нақты жауап жоқ. Ал 449-бапты толықтай барлық тармақтарын оқысақ, дәл «қоғамдық орындарда музыкалық аспаптарда ойнауға болмайды» деген сөз жоқ. Онда «қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру» делінген. Қазақта «өнер сатылмайды, өнер тек бағаланады» деген сөз бар, сондықтан бізге халықтың қошеметінен артық ештеңе жоқ. Кейде алғыс білдіргісі келетіндер тиынды жерге шашып, гитараның ішіне салып жатады. Тіпті өнер көрсету барысында ыңғайсыздық тудырып, қалтамызға да салатындар бар. Кейбіреулері банк картасының нөмірін сұрап жатады. Жалпы мен осы бап бойынша ән айтуымызға шектеу қойған жағдайда, соттасуға дайынмын. Себебі көше музыканттары ұрлықсыз, қайыр тілеместен таза өнермен ақшасын тауып жүр. Әлемде музыкаға жақын адамдар көп, олар тек өздерінің сүйікті ісін паш етуде. Оларға осы баппен айыппұл салу орынсыз» дейді Азат.

Олардың табысы да жаман емес. Сондықтан көше музыканты салық төлеп, мемлекеттік қазынаны толықтыруға дайын.
– Мемлекет көше музыкасына мән берсе, дамытса, мен салық төлеуге дайынмын. Негізінде, музыканттар жақсы ақша табады. Бірақ біз мұнда өзіміз үшін ән айтамыз. Ал алдымызға қоятын гитара қабы – музыканттар арасындағы дәстүр. Мен Виктор Цой мен «Кино» тобының жанкү­йерімін. Марқұм Виктор Цой айтқандай, «Мен өнерімді көрсетемін, ал адамдар маған гитара ішіне, қалтама ұсақ-түйек лақтыра бастайды». Қорапқа ұсақ-түйек тастаудың төркіні осыдан шыққан, – дейді Азат.

 

КАРАНТИНДЕ ТЫҢДАРМАНЫН ТАПҚАН

Ал карантин мәселесіне келетін болсақ, тыңдарман қауымға өздері арақашықтық, бетперде ережелерін ескертіп отырады. Адам көп жиналса, шенді қызметкерлер үйлеріне қайтарып жібереді. Сосын «тыныштық бұзу» ережесімен де қиыншылықтар туындап тұрады екен. Негізінен, «тыныштық бұзу» ережесі дүйсенбіден жұма күндері 9:00-ден 22:00-ге дейін, ал сенбі-жексенбі күндері 9:00-ден 22:00-ге дейін рұқсат. Бірақ кейде сағат кешкі 20:00-де бір тұрғын 112-ге қоңырау шалса, музыканттардың әуендеріне шектеу қояды екен. Ал рұқсат сағат 22:00-ге дейін.

– Қаншама жыл көлік жүргізушісі болсам да, жолда жүру ережелеріне қарағанда «тыныштық бұзу» ережесін көп бұздым. Себебі кейде тыңдармандардың көңіліне қарап, уақыт жайын ұмытып кетеміз. Мысалға, сағат 21:55-те бір кісі өтініп бір өлеңге тапсырыс берсе, үлгереміз-ау деген үмітпен орындаймыз. Сосын күтпеген жерден айыппұлға ілініп қаламыз, – деді Азат ағынан жарылып.

Бір қызығы, солист үнемі жейдесінің жағасын көтеріп қояды. Оны көпшілік арасында «ерекшеленген түрім» деп түсіндірді. Тағы да бір өнер адамдарына тән стиль – ол түнде де көзілдірік киіп жүреді. Осылайша ел назарын өзіне аударып, көрген көзден энергия алады, шабыттана түседі екен жас әнші.

Гүлжанат АМАНГЕЛДІ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button