Ел тынысы

Күбән әженің қуанышы



Жақында елордада кезекте тұрған отбасыларға пәтер кілті табысталды. Сондай қуанышқа кенелген шаңырақтың бірі – Күбән әжеміздің отбасы. Біз қуаныш иелеріне құтты болсын айтып барып, кейуананы әңгімеге тарттық.

– Бұл аталарың Майқанның аманаты ғой! Тірі кезімде жаңа пәтерді көргеніме шын қуандым. Астананың басшыларына рақмет! – дейді апамыз.

«Майқанның аманаты» дегенді немересі Талғар Мырзабек түсіндіріп берді. Бұған дейін елорданың іргесіндегі Қызылжар ауылында тұрады. Содан шаңырақ иесі Майқан атамыз қалада қолымызды ыстық суға салып, күтінейік деген мақсатпен баспана кезегіне тұрады. Бұл 2008 жыл болатын. Содан күн артынан күн өтіп, уақыт зымырап өте береді. 2014 жылы атамыз бақилық болып, тұрғын үй кезегіндегі кезектілік әжемізге ауысады.

Биыл Күбән әжеміз сүйінші жаңалықты естігенде не сенерін, не сенбесін білмейді. Қолындағы қызы Жанат бас қаладағы Нұрғиса Тілендиев көшесі 44/2 мекен жайындағы көп қабатты тұрғын үйге апарып, жаңа пәтерді ашқанда ғана шүкіршілігін айтып, басшыларға алғысын жаудырады.

– Екінші қызым Жанаттың қолында тұрамын. Қартайғанда өзіңнің жылы үйіңе кіріп-шығып жүргенге не жетеді? Бұл отағасымның арманы еді. Орындалды! Шүкір, бұл күнге мен жеттім. Үкіметке, қаланың басшыларына рақмет! Еліміз тыныш, жеріміз бүтін болсын, – дейді қуаныш иесі.

Сөйтіп, баспана кезегінде тұрған 82 жастағы әжеміз пәтерлі болды.

Биыл Астанада 6,5 мың әлеуметтік пәтер салынады деп жоспарланған еді. Міне, Күбән әжеміздің қуанышы – сондай игілікті істің нәтижесі.

Биыл республика бойынша баспана кезегінде тұрған адамдардың саны 647 мыңнан асты. Бірақ олардың арасында заң талаптарына сай келмейтін азаматтар да аз емес. Осыны жан-жақты зерделеген Индустрия және құрылыс министрлігі баспана кезегінде тұрған 223 мың үміткерді тізімнен шығаруды ұйғарды. Өйткені олардың арасында жеке баспанасы бары анықталды. Яғни баспанаға тезірек қол жеткізуге жол ашылды.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button