Басты ақпаратМәдениет

КҮЛЛІ КИНОЖҰЛДЫЗДАР – ЕЛОРДАДА



Өткен сенбі күні Астанада «Еуразия» XIII халықаралық кинофестивалі басталды. Осыған орай «Оскар», «Алтын глобус» сынды киноөнеріндегі беделді сыйлықтардың иегері, америкалық актер, продюсер, кинорежиссер Николас Кейдж және «Пианист» көркем фильмінен кейін аты әлемге танылған «Оскар» мен «Сезар» сыйлықтарының лауреаты Эдриан Броуди елорда топырағына табан тигізді.

Кино әлеміндегі айтулы оқиғаға қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдады. Оны Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы оқып берді.

«Бұл форум Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі әрі Орталық Азиядағы басты кинофестиваль алаңы саналады. Ашық формат пен оның креативті тұжырымдамасы озық тәжірибемен және шығармашылық идеялармен табысты бөлісу үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Биыл кинофестивальдің «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтіп жатқанының символдық мәні бар. Көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы кинофорумның теңдестірілген әрі үйлесімді әлем құру жөніндегі негізгі миссиясымен үндес. Осы кинофорум отандық кинематографияның одан әрі дамуы мен танымалдылығын арттыруға, біздің өңір мен жалпы әлемдегі киноөнерінің рөлін көтеруге атсалысатынына сенімдімін. Кинофестивальге сәтті тұсаукесерлер, жаңа есімдер мен қызықты туындылар, ал көрермендерге ұмытылмас жарқын әсерге бөленуін тілеймін» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

– Қазақстанға келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауды өзіме үлкен мәртебе көріп отырмын. Сіздердің ғажайып мемлекеттеріңізге алғаш мәрте табан тигіздім. Астана келген адамның бойына қанат бітіреді екен. Кино қарым-қатынастың әмбебап тілі болып саналады. Кино өнері арқылы әртүрлі оқиғалар жайлы әңгіме шертіп, бүкіл әлемге тарата аламыз. Кинофильмдердің көмегімен біз сезімдерімізді бүркемелемей, бір-бірімізге көмек беріп, түсінісе аламыз. Киноның арқасында кез келген мәдени кедергілерді жоя аламыз деп ойлаймын, – деді Николас Кейдж.

Аты аңызға айналған әншіміз Бибігүл Төлегенова оның қолынан кинофестивальдің ұйымдастыру комитеті тағайындаған «Кинематография өнеріне қосқан үлесі үшін» атты арнайы сыйлықты алды.

Фестивальдің өзі қазақ киносының тарихына алтын әріптермен жазылған Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмімен ашылды. Жоғарыдағы арнайы сыйлықты осы кинотуындыда басты бейнелерді сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешоваға тағы бір Голливуд жұлдызы Эдриан Броуди тапсырды.

– Астанаға соңғы рет осыдан бес жыл бұрын келген едім. Содан бері қалаларыңыздың құлпырып шыға келгенін көріп отырмын. Осыншама ыстық құшақпен өзімді Қазақстаннан өзге елде қарсы алмайды. Сол үшін сіздерге мың да бір алғыс! Қазір елдеріңіз туралы біршама біліп қалдым. Астана – өте әсем қала. Мұндағы сәулет өнерінің әр бөлшегінде ғажап сыр жатыр. Астанада мәдениет пен өнердің тынысы бірден сезіледі. «ЭКСПО-2017» көрмесін барып көруге үлгеріп, тау­сылмас әсер алдым. Қазақстанда ең заманауи «жасыл энергия» технологиясы енгізіліп жатқанына көзім жетті. Бүгіндері әлем жылдам өзгеруде. Содан бәріміз бір-бірімізге ұқсап барамыз. Сіздердің бай рухани мұраларыңыз бар. Жалғыз айтарым, осы ұлттық бірегейліктен айырылмаңыздар, – деді Эдриан Броуди.

Фестивальдің салтанатты ашылуында КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің президенті, ҚР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Айман Мұсақожаева, биыл өнерімен әлемді дүр сілкіндірген Димаш Құдайбергенов өнер көрсетіп, халықтың зор қошеметіне бөленді.

Биылғы кинофестиваль бағдарламасына алыс және жақын шетелдерден, Қазақстан мен Орталық Азиядан 296 фильм енген. Ал олардың ішіндегі таңдап алынған 101 фильм негізгі конкурсқа қатысып жатыр. Сондай-ақ, 14 фильмнің әлемдік премьерасы, 11 кинотуындының азиялық тұсаукесері өтуде. Соның ішінде 28 шілде күні негізгі конкурстың қазылар алқасының талқысына еліміздің атынан Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі ұсынылады. Сондай-ақ, алғашқы күннен 2016-2017 жылдары жаңалық болған отандық туындылар көрсетілуде. Олардың арасында Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» фильмі де бар.

Мұнымен қатар кинофестиваль аясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының қолдауымен «Бес құрлық» балалар кинофестивалі ұйымдастырылды. 5 фильм­нен құралған конкурс­тық, және 10 фильмнен құралған конкурс­тан тыс бағдарламада Қазақстан, Франция, Нидерланд, Қытай, Ауғанстан, Иран, Тунис, Перу, Үндістан, Мексика, Испания, Италия, Дания, Грузия және т.б. елдердің шығармашылық топтарының жұмыстары киносүйер қауымның назарына ұсынылуда. Мұнда «Үздік фильм», «Үздік сценарий» және «Үздік бала бейнесі» аталымдарында жеңімпаздар анықталады.

«Еуразия» XIII халықаралық кинофестивалі бағдарламасына енген фильмдерді «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығындағы «Chaplin Cinemas» кинотеатрында 28 шілдеге дейін күнделікті тамашалау­ға болады.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button