Басты ақпаратЖаңалықтар

Күмәнді құрылыстың құрығына түсіп қалмаңыз



Сейсенбі күні Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның төр­аға­лығымен көппәтерлі тұрғын үйлерге үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда нысандарды салу барысында заң бұзушылыққа жол берген 12 құрылыс компаниясының жайы талқыланды.

ERM_2969

Елордада баспаналы болу – басты мәселе. Бірақ қалай да үйлі боламын деп, кез келген құрылыс компаниясына қаражат сала беруге болмайды. Әкімнің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның айтуынша, бүгінде тұрғын үйге қатысты түйткілдің бірі – кейбір компаниялардың рұқсат құжаттары болмаса да пәтерлерді сатылымға шығаруы болып тұр.

Құрылыс саласы – елорда әкім­­дігінің ерекше назарында. Жер­гілікті билік әкімдік сай­тын­дағы «Виртуалды қабылдау бөлмесі» мен «Халықтық бақы­лау» айдарларына келіп түскен тұрғындардың арыз-шағы­­мына қарай құрылыстарды үнемі тек­серіп, бақылап отырады. Бүгінде құрылыс салу барысында заңды­лықты сақтамаған 41 нысан анық­­талып отыр. Тағы жеті нысан­­ның құрылыс-монтаждау жұмыс­­тарында кем-кетіктер мен өз ер­кі­мен басып алу деректері тіркелген.

Кезекті жиында осындай 12 құрылыс нысанының мәселесі қаралып, олардың өкілдерінен түсініктеме алынды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов алдымен «АстанаДорИндус­трия» ЖШС салып жатқан «Бейбарыс» тұрғын үй кешеніне тоқталды. «Бұл нысанды тұрғызу төрт ке­зеңге бөлінген. Құрылыс салушы нысанның бірінші кезегі бойынша эскиздік жобаны ма­құлдаған, құрылысқа рұқ­сат құ­жаты бар және құрылыс-мон­таж­дау жұ­мыстары басталған. Алайда, құрылысшылар нысанның екін­ші, үшінші кезегін ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жүргізіп отыр. Бұған қоса, олар тиісті лицензияның жоқтығына қара­мастан, үлескерлердің қара­жатын тартып, пәтерлерді заңсыз сатумен айналысқан» деді бас­қарма басшысының орынбасары.

«SatConstructionGroup» ЖШС салып жатқан «Семейный» тұрғын үй кешенінің рұқ­сат құжаттарының қатарында эскиздік жобаның келісімі мен жұ­мыс жобасының мемлекеттік са­раптамасы бар, ал құрылыс салуға рұқсат әзірше нысанның қаңқасын тұрғызуға ғана беріліпті. Қалған құжаттары түгел емес.

Ал Сығанақ пен Ш.Бейсекова көшелерінің қиылысында ор­наласқан «Көркем Тауэр» тұрғын үй кешенінің (Құрылыс салушы – IndustrialInnovationGroup» ЖШС) құжаттарында эскиздік жоба келісімі, жұмыс жобасының мемлекеттік сараптамасы бол­ғанымен, барлық нысанды салуға берілетін рұқсат құжаты болмай шықққан.

Бұдан өзге, заңды белден басып, тиісті құжаттары түгел болмаса да жарнамасын жариялап, пәтерлерді сатып келген мынадай құрылыс нысан­дарының аты белгілі болды:

«Елімай» ТК («ОтауСити» ТҚК), «Тұран кварталы» (ТОО «Қазстрой Т-И-А»), №199 бен С304 көше­ле­рінің қиылысында орналасқан тұр­ғын үй кешені (құрылыс иесі – «Агропромгражстрой»), «ЭкоДом» ТК («НҰР НҰР» ТҚК),»Зере – 2» ТК («Алтын Сапа 2011» ЖШС), «Лея+» пен ТК «Лея Сарыбұлақ» («BestRealEstate» ЖШС), «Лазурный берег» ТК («Симург 2000» ЖШС) және Сығанақ көшесінің оңтүстік бө­лігінде, Тұран даңғылының баты­сында жобаланған көппәтерлі тұр­ғын үй кешені, құрылыс салушысы – Литвак Григорий Борисович.

Аталған нысандардың құ­жат­тары толық емес, әрқай­сы­сында шикіліктер бар. Соған қарамастан құрылыс салушылар пәтерлерді саудаға шығарып келген.

Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун қала тұрғындарын қаражатын үйге саларда күмәнді компаниялардан аулақ болуға шақырды. Алдымен құрылыс компаниясының құжаттарын сұрастырып, тиісті рұқсат қағаздарын түгел тексеріп алғаны жөн немесе әкімдікке, оған қарасты тиісті басқар­ма­лар­дың көмегіне жүгінуге болады. Мұн­дай ақпаратты біл­гісі келген тұр­ғындар Астана қала­сы әкімдігінің www.astana.gov.kz сайтын қарауға немесе Сәулет және қала құрылысы бас­қармасы мен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау бас­қар­масына хабарласуға болады. Олар сұрау жіберілген құрылыс нысаны туралы толыққанды мәлімет беруге әрқашан дайын.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button