Басты ақпаратЕлорда тынысы

LRT: Қайта жанданған құрылыс



Елорда жұртшылығының ғана емес, еліміздің назарындағы басты мәселеге айналған LRT құрылысы қайта қолға алынды. 2023 жылы бұл жерге темірбетон конструкциялары орнатылып, инженерлік желілер тартылады. Жыл соңына дейін жеңіл рельсті көлік желілерінде арқалықтар мен қадаларды монтаждау жұмыстары аяқталады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысы туралы оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін айтқан болатын. «Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Демек, отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа жол жоқ» деген Президент сөзінен кейін қала билігі құрылысты қайта жандандыруға кірісті.

Бүгінде әуежайдан М3 көпіріне дейін 104-105 станция учаскесінде 40 құрама арқалық орнатылды. 2022 жылы арқалықтарды, 102-103 станциялардың аралықтарында грильдерді, 113-114 станциялардың аралықтарында қадаларды монтаждау көзделуде. 2023 жылы учаскелер бойынша темірбетон конструкцияларын жүргізу, инженерлік желілерді шығару және М3 көпірінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Басталған жұмыс аяқталуы керек. Бір жылдан астам уақыт бойы банктермен тиісті талқылаулар жүргізудің нәтижесінде жоба жанданып келеді.

Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов ЛРТ-ны бизнес-жоба ретінде қарастыруға болмайтынын, өйткені ол ешқандай табыс әкелмейтінін атап өткен болатын.

– Бұл құрылысқа көп ақша жұмсалды, бірақ, өкінішке қарай, жоба аяқталған жоқ. LRT табыс әкелмейді. Бұл – субсидиялауды қажет ететін қоғамдық көлік түрі. Оны бизнес-жоба ретінде қарастыруға болмайды. Құрылыстан экономикалық пайда жоқ, бірақ әлеуметтік пайда болады. ЛРТ қаланың көлік кептелістерін жояды, – деді әкім.

Алтай Көлгінов салынған бетон тіректердің сапасына күмәнданбайтынын, сондай-ақ қазір ең бастысы жобаны аяқтау екенін және бүгінгі күнге дейін салынған бетон тіректері өте сапалы екенін атап өтті.

«Бетон тіректері өте сапалы. Әрқайсысының салмағы шамамен 200-220 тонна, олар арматураланған, темірбетон және бетон бренді өте жоғары. Сапаны мамандар тексереді. Техникалық, авторлық бақылаулар бірнеше рет жүргізілді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе – бұл жобаны аяқтауымыз керек» деді Алтай Көлгінов.

LRT – негізі, болашақтың құрылысы. Оны жалғастыру туралы шешімге келерде қала халқының қарқынды өсу динамикасы ескерілді. Қазір қаланың басты көшелеріндегі негізгі магистральдарда, мәселен, Қосшыдан қалаға кіреберісте, Қабанбай батыр, Тұран даңғылы бойында, Сығанақ, Түркістан көшелерінде кептеліс көп, сондықтан бұл көлік түрінің қажеті зор.

 

 


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button