Мәдениет

Мәмбетов мерейтойы – елорда төрінде



Биыл – Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 90 жыл. Көрнекті театр және кино режиссерінің мерейтойы бас қалада осымен екінші рет өткізіліп жатқан II халықаралық TEATPALL театр фестивалімен тұспа-тұс келіп отыр. Республика күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 22-30 қазан аралығында өтіп жатқан мәдени іс-шараға 8 отандық және 6 шетелдік театр қатысуда.

Фестиваль 22 қазанда Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында салтанатты түрде ашылды. Ашылу жиынына Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі, профессор, Әзірбайжан Мәмбетовтің жары Қорлан Қалиламбекова мен өзге де елордалық театрлардың ұжымдары қатысты.

– 1960 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма ­театрына бас режиссер болып келген Әзірбайжан Мәмбетов 30 жасында-ақ өнер саласына өзгеше леп әкелді. Оған дейін тек шетел азаматтарымен жұмыс істеп келген ұжым алғашында жас маманға жатырқап қараған. Алайда Әзірбайжан Мәмбетов келе сала «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы арқылы театр сахнасына төңкеріс әкелді. Осылайша дәстүрлі қойылымдарға көзі үйренген ұжым да, көрермен де заманауи қойылымды бірден қабылдады. Тіпті өзгеше стильде сахналанған қойылым туралы кезінде Мұхтар Әуезов «Сахнаға әдемі күлкі келді» деп жоғары баға берген. Ол қойған спектакльдер бұл күнде қазақ театр өнерінің тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Жалпы оның театр өнеріндегі орнын басатын режиссер әлі жоқ. Бүгінгі режиссерлер оның деңгейіне жетті ме, жетпеді ме, белгісіз. Оның сахналық қойы­лымдарынан елдің есінде қалатын образ шықты. Қазір соңғы 40 жылда таңдай қақтырарлық бір кейіпкер шығара алмадық. Біздің алдымыздағы ендігі міндет – Әзірбайжан Мәмбетовтің даралығын дәріптеу арқылы көрнекті театр режиссерлерін дайындау, – деді Асанәлі Әшімов.

Мерекелік кеш барысында Ә.Мамбетовтің шығармашылық мұрасына арналған бірегей голограмма-цифрлық көрме ұйымдастырылды. Оған 30-ға жуық экспонат қойылды. Театр апталығының ашылуында көрер­менге Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі қойылды.

– Фестивальдің символикалық мәні зор. Себебі Ә.Мәмбетов­тің қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол – қазақ театр өнерін әлемдік кеңістікке алып шыққан ұлы тұлға. Былтыр аталған фестивальдің бірінші рет тұсаукесерін жасадық. Сол кезде де фестиваль шеберлікті шыңдауға септігін тигізген ­театр мерекесіне айналған еді. Биыл да игі шара жалғасын ­тауып отыр, – деді Астана қаласы әкім­дігі Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.

Бір апта ішінде фестиваль бірнеше театрдың сахнасында өтеді. Фестиваль аясында ниет білдірушілер 10 үздік отандық және шетелдік спектакльдерге тегін қатыса алады. Мәдени іс-шараның 30 қазанда өтетін жабылу салтанатында «Үздік қойылым», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Үздік сценография», «Үздік эпизодтық рөл» номинациялары бойынша жеңімпаздарға сыйлық табысталады. Сондай-ақ театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Ә.Мәмбетов атындағы арнайы сыйлық тағайындалды.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button