Басты ақпаратЕлорда тынысы

Мәселені тұрғындармен бірге талқылады



Астанада 3-12 қаңтар аралығында Парламент депутаттары сайлаушылармен көшпелі жұмыс іс-шараларын өткізіп жатыр.

Астана қаласы бойынша №2 сайлау округінен Мәжіліс депутаты болып сайланған Дәулет Тұрлыханов алдымен әріптестерімен бірге таяуда іске қосылған № 3 су сорғы-сүзгі стансасының жұмысымен танысты.

«Бұл станса соңғы жылдары орын алған су тапшылығы мәселесін оңтайландыруға септігін тигізе бастады. Қазір оның қуаты 105 текше метр су қорын құрап отыр. Сонымен қатар «Астана су арнасы» кәсіпорны қоймасынан су құбыры іске қосылған, бұл да қаланы тәулігіне қосымша 90 мың текше метр сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су мәселесі қашанда өзекті саналады. «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтылмаған ғой. Сондықтан бәріміз де суды пайдалануды, яғни үнемдеуді үйренуіміз керек. Бұл шаруа­шылық нысандарға да, жеке адамдарға да қатысты мәселе деп түсінемін. Ең бастысы, елордада су мәселесіне байланысты жұмыстар тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Су мәселесі – стратегиялық мәселе екеніне Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев ерекше маңыз беріп, назарында ұстайды» деді Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Көшпелі жұмыс іс-шаралары аясында депутат Сырдария, Күлтегін және Жангелдин көшелері қиылысындағы жеке сектор тұрғындарымен арнайы кездесуге барды. Бұл жерде ондаған жылдардан бері ЛЭП электр бағаналары проблемасы орын алған. Атап айтқанда, жоғары вольтты электр бағаналары тұрғындардың денсаулығына қауіп туғызып келеді. Осы маңайда тұратын адамдардың түрлі жаман ауруларға шалдығуы күрт өскен. Тіптен, атадан балаға дейін созылмалы ауруға шалдығу деректері бар. Бір топ тұрғындар Дәулет Болатұлына дәрігерлік анықтамаларын көрсетіп, бұл проблеманың түйіні бір шешілмей қойғанын баяндап берді. Тұрғындармен кездесуге Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, осы аудандағы үйлерді сүру, тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге жауапты «Городская недвижимость» КМК мекемесінің басшысы Александр Строчков, Amanat партиясының жауапты қызметкерлері қатысты.

«Бұл проблема ондаған жылдарға созылып келеді. Біз үшін ең басты мәселе, адамдардың денсаулығы болып тұр. Осы маңайдың адамдары әулетімен созылмалы ауруларға шалдығады. Әсіресе, обырмен, яғни ракпен ауыратындар жылдан жылға көбейіп барады. Соның бәрі осы электр бағаналарына қатысты болып тұр. Әсіресе, күз-көктем кездерінде зиянды әсері мейлінше сезіледі. Адамдардың ауруы ушығып кетеді. Ал осы бағананың мәселесін шешетін ешкім болмай тұр. Қалалық мекемелерге айтылады, ал одан әрі мәселе шешілмейді. Бірен-саран үйлер сүріледі. Сонымен бәрі тоқтайды. Дәулет Болатұлы депутат ретінде былтырдан бері осы мәселеге назар аударып келесіз, сізге рахмет айтамыз. Енді осы проблеманы түбегейлі шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз» деді кездесуге келген тұрғын Гүлден Зиядина.

Өз кезегінде Д.Тұрлыханов осы маңайдағы үйлердің проблемасын шешуге, яғни сүруге, тұрғындарды баспанамен қамтамсыз етуге жауапты «Городская недвижимость» ЖШС басшысы А.Строчковқа ағымдағы мән-жайды айтып, түсіндіріп беруін сұрады. Серіктестік басшысы болса келісімшарттар жасап жатырмыз, қолда бар мүмкіндікке қарай үйлерді сүруді жүргіземіз деп жауап қатты. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап алған депутаттың серіктестік басшысына «Айтқандарыңыз бойынша құжаттарыңыз бар ма, болса көрсетіңізші?» деген сауалына серіктестік басшысы құжаттардың болмауына байланысты нақты жауап бере алмады.

Тұрғындар, аудан әкімдігі, Amanat партиясының жауапты қызметкерлері, тұрғын алабында орын алған проблеманы шешуге жауапты кәсіпорын мамандары қатысқан кездесуде тыңдалған, талқыланған мәселелерді Дәулет Тұрлыханов түйіндеді.

«Бұл проблема шынымен де өзекті болып саналады. Өйткені бұл жердегі ең басты мәселе адамдардың денсаулығына қатысты болып отыр. Ал денсаулық – адамның басты құндылығы, сондықтан жақын арада әкімдік аясында осы мәселені күн тәртібіне қойып жиналыс өткізуді ұсынамын. Жиынға қала әкімдігі, прокуратура, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар осы проблеманы басынан кешіп отырған тұрғындар шақырылуы керек. Сол жерде отырып жан-жақты талқылап барып, бір нақтылы шешімге келуге тиіспіз» деді Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Өз кезегінде аудан әкімі Талғат Рахманберді жиынды жақын арада ұйымдастыратынын жеткізді.

Сонымен қатар депутат Д.Тұрлыханов осыған дейін де бірнеше рет барған, құрылысы ұзаққа созылып кеткен №12 мектептің құрылыс барысын тағы бір көріп шықты. «Кирпичный» аталып кеткен ауданда орналасқан бұл мектептің тезірек пайдалануға берілуі өте маңызды болып тұр. Өйткені осы мектептің орнында болған ескі мектептің оқушылары қаланың басқа мектептерінде оқуға мәжбүр болып жүр. Бұл өз кезегінде оқушыға да, олардың ата-аналарына да қосымша әлеу­меттік қиындықтар туғызып отырғаны сөзсіз. Құрылысты жүргізуші компания өкілдері жаңа мектеп жақында пайдалануға берілетінін айтады.

Көшпелі жұмыс барысында депутат Д.Тұрлыханов №1 автобус паркі, «Астана көгалдандыру құрылысы» кәсіпорны жұмысшыларымен, №5 мектеп-гимназия және №27 мектеп-лицейі ұжымдарымен де кездесу өткізіп, ағымдағы мәселелерді талқылады.

Депутаттың жұмыс кестесінде тағы бірқатар кәсіпорындарда кездесу өткізу жоспарланған.

 

 

 

 

 

 

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button