Руханият

Мәскеудегі алаш мұрасы



Ә.Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты және Qyr balasy қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Мәскеу қаласында халықаралық VII «Алаш жолымен» ғылыми-танымдық экспедицияның І кезеңі ұйымдастырылды. Экспедиция Алаш арыстары жатқан зиратқа арнайы барып, құран бағыштаумен басталды. Одан кейін Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кітапхана мен архивтен қазақ тарихына қатысты еңбектер мен құжаттарды жинақтады. Біз осы экспедицияның мүшесі ретінде көрген-білгенімізді, алған әсерімізді жазуды жөн көрдік.

ТАҒЗЫМ ЕТУ – МІНДЕТІҢ!

Мәскеу қаласы – көршілес жатқан Ресей Федерациясының астанасы. Сол себепті бұл қаланың тарихы бай болуы белгілі жайт. Қызыл Кремль, Халық шаруашылығы жетістіктер көрмесі (ВДНХ), Третьяков галереясы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, «Лужники» стадионы… Бұлардың бәрі-бәрі біз көрген, ерекше әсер алған жерлер. Қаланың асты-үстімен астасып жатқан метро, оның жас алаштанушы, экспедиция мүшесі Ертай Біләл айтпақшы, сәлем салып тұрған бір үйдің келіндері сықылды вагондары қаланың о шеті мен бұ шеті алыс екенін білдіртпейді. Қызыға қарадық, қызғандық…

Мәскеу қаласына келген әр қазақ көретін жерін тез тауып алары анық. Ал Алаш зиялылары жатқан жерді лезде тауып баруы екіталай. Біздің топты алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай бастап жүргендіктен, барар жерімізге тез жетіп отырдық. Ол әр ғимарат пен ескерткіштің тарихын баяндап, гидімізге айналды.

Қазақстан Республикасының елшілігі «Чистые пруды» метро станциясының маңында орналасқан. Осы станциямен түйісетін «Тургеневскаядан» отырып, «Шабаловская» станциясынан түссеңіз, «Донской» көшесі алдыңыздан шыға келеді. «Донской» көшесімен жүріп отырсаңыз, «Донское кладбище» деп аталатын зиратқа апарады. Бұл жерде Алаш Орда үкіметінің басшысы, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан және оның сенімді шәкірті Нығмет Нұрмақұлының сүйегі өртеліп, күлі қойылған.

«Чистые пруды» арқылы «Спортивная» станциясына жетіп алсаңыз, ол маңда «Новодевичье» зираты бар. Бұл зиратта Зейнеп Әлиханқызының сүйегінің күлі қойылған. Және халық ауыз әдебиетін, қазақ әндерін жинақтаған фольклоршы-ғалым Александр Затаевич жерленген.

«Чистые пруды» станциясынан отырып, ең соңғы нүктелерінің бірі «Ольховаядан» түссеңіз, «Коммунарка» жалпы зиратына бара аласыз. «Коммунаркада» Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұл, Тұрар Рысқұл, Ғазымбек Бірімжан жерленген. «Внуково» әуежайына жақын орналасқан зират орман ішінде орналасқан екен.

«Ваганьков» бауырластар зиратына «Тургеневская» станциясы арқылы «Китай-город» станциясына жетіп алып, одан әрі Таганско-Краснопресненская линиясы арқылы «1905 жыл көшесі» станциясынан түсіп барасыз. Бауырластар зиратында Жүсіпбек Аймауытұлы, Хайретдин Болғанбай, Дінше Әділұлы, Ахмет-сапа Жүсіпұлы, Халел Ғаббас, Дәмолла Битілеу, Әбдірахман Мұңайтпасұлы жерленген. Бүгінге дейін бұл тұлғалардың осы жерде жатқаны туралы арнайы белгі қо­йылмаған. Сонымен қатар зиратта Ғани Мұратбайұлы жатыр. Қысқаша қорыта айтсақ, Мәскеу қаласына жол түссе, құран бағыштап, дұға оқитын жер мыналар: «Донское кладбище» – «Новодевичье» зираты – «Коммунарка» жалпы зираты – Ваганьков» бауырластар зираты.

ЭКСПЕДИЦИЯ КҮНДЕЛІГІНЕН

Ғазымбек Бірімжан Алаш қозғалысының қатысушысы ағартушы Биахмет Сәрсенұлы туралы жазған мүнәһиб-мақаласында: «Биахмет Сәрсеновтің қазақ халқына борышы жоқ. Қазақ халқының Биахметке борышы көп» деп жазған болатын. Осы сөзді ұлт азаттығы жолында шаһид кешкен барша тұлғаларға арнап айтуға болады. Қазақ халқының Алаш зиялыларына борышы көп. Көп борыштың бірін өтеу мақсатында жолға шыққан экспедиция мүшелері Ресей ­мемлекеттік кітапханасының (РГБ), Ресей ­мемлекеттік архивінің (ГА РФ), Мәскеу қаласы орталық мемлекеттік архивінің ­(ЦГАМОС), Ресей мемлекеттік қазіргі заман тарихы архивінің ­(РГАНИ), ­т. б. жалпы және сирек қорында ­жұмыс істеді. Қазақ тарихына қатысты деректерді жинақтады. Әсіресе Алаш кезеңіне байланысты құжаттармен жұмыс істеп, ұлт руханиятына олжа болмақ мұраларды тапты.

Алаш арыстары жазған, аударған кітаптардың көбін ел-жұрт біле бермейді. Өйткені оларды тауып, іздестіріп, шығармалар жинағын құрастыру бір күндік шаруа емес. Ә.Бөкейхан Алаш ҒЗИ ұжымы «Алаш кітапханасы» серия­сы негізінде Ғазымбек Бірімжан, Біләл Малдыбай, Біләл Сүлейұлы, Абдолла Байтасұлы, Сейітбаттал Мұстафин, Мұстақым Малдыбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мейірман Ермектасұлы, Ғабдолғазиз Мұса сынды тұлғалардың еңбектері мен кітаптарын бірізділікке түсіріп, шығармалар жинағын жарыққа шығарған болатын. Осы экспедиция­ның нәтижесінде еңбегі ескерусіз қалған беймәлім тұлғалардың кітабы іздестірілді. Одан бөлек, Алаш қайраткерлерінің бұрын жарияланбаған, ғылыми айналымға енбеген жеке іс-қағаздары табылды. ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген газет-журналдардың бір парасы табылып, қуаныш үстіне қуаныш болды. Сөздің тоқ етері, Мәскеу қаласында он бес күнге жуық жүрген экспедиция мүшелері өнімді еңбек етті. Экспедицияның бірінші кезеңі нәтижелі аяқталды деп айтуға толық негіз бар.

P.S: Мәскеу бағытындағы «Алаш жолымен» ғылыми-танымдық экспедицияны ұйымдастырып, бар шығынын көтерген жаны жайсаң жандарға алғысымыз шексіз. Жоқ іздеген жоқшыларға ғылым садақасын беріп, ұлт руханиятына бей-жай қарамай, ілкімді істің басы-­қасында жүрген жандарға Тәңір жарылқасын айтқымыз келеді.

Данияр ИХСАН, экспедиция мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button