Қоғам

Майдангер – 100 жаста



«Есік алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, үйіңде қартың болса, жазулы хатпен тең» демекші, қарттарымыз – тамырын тереңге жіберген бәйтерегіміз, тереңдегі тарихымыз, адастырмайтын ақылшымыз, ақ дастарқанға бата берер дуалымыз. Расында да, құрыштан құйған құдіреттей болып төріңде дария көңіл қарт отырса, бақ пен берекенің бастауы емес пе?! Атам қазақ «Қариясы бар үй – қазына» деп тегін айтпаса керек. Біз тілге тиек еткелі отырған атамыз Рзағұл Байкешев 18 қазан күні 100 жасқа толды. Екі ғасырдың да өтпелі кезеңін бастан өткеріп, тар жол, тайғақ кешудің куәсі болған, ғасыр жасаған атамыздың арамызда бары көңіл қуантады.

 Атамыздың ғибратты өмір жолын өнеге тұтқан Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы арнайы барып құттықтап, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің алғыс хаты мен аса бағалы сыйлығын табыстаса, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов және Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин шежірелі қарт тұрғынының иығына шапан жауып, жүрекжарды тілегін арнады. Ел азаматтарының бұл ұлағатты қадамын ғасыр жасаған қарияға деген үлкен құрмет деп түйдік.

Рзағұл қария сонау 1930-­40-­жылдардағы елдегі ашаршылықты, қуғын-сүргін заманын көзімен көріп, қыршын жасында белі қайысқан ауыр жұмыстарды атқарып, шыңдалды. Ай артынан ай өтіп, жыл артынан жыл жылжып, уақыттың уысында бауырларына әке орнына әке болып, бар қиыншылықты мойнымен көтеріп, өзінің де азамат болып қалыптас­қан кезеңінде Ұлы Отан соғысы басталып, жастық арманына кесел боп тигені шындық. Көппен бірге майданға аттанған ол соғыстың қанды даласында су кешіп, Польша, Румыния, Венгрия жерлерін фашистерден азат етіп, бірнеше ауыр жарақат алса да, еліне аман келгені отбасы тарихының бір қыры десе болғандай. Кеудесіне І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен «Маршал Жуков» медалін қадап елге қайтқан атамыз қол қусырып отырмай, өзі орныққан Рождественка кеңшарында экспедитор қызметін асқан жауаптылықпен атқарды. Отбасын құрып, балалы болды. Қос ұлын мәпелеп өсірді, ел қамын ойлайтын адал азамат бол деп тәрбиеледі. Осы таңда атамыз үлкен немересі Талғаттың қолында. Талғат Краснодардың жоғары әскери авиация училищесін тәмамдап, сол салада қызмет етіп, зейнетке шығып, жұбайы Гүлжанмен атасын баптап отыр. Атамыз – қос баласынан 5 немере, 11 шөбере көріп отырған ардақты жан. Өзінің өткен өміріне көз тастаған қариямыз:

– Жас кезіміз жұмыс таңдайтын заман емес еді. Қайда жұмсаса – сонда бардық. Талай қиын кезеңді өткіздік. Қазіргідей қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған заманды көру кезінде арман болған еді. Балаларым, немере-шөберелерім қасымда. Ел аман, жұрт тыныш. Не ішемін, не киемін демейсің, еңбек еткен адамға бәрі табылады. Біз мұндай заманды көреміз деп ойлаған жоқ едік, – деп ағынан жарылды. Әйтсе де қазақ ұлтының дамыған, өркениетті мемлекет болса екен деген арманын да алға тартты.

Атамыздың сөзі анық, жүріс-тұрысы тың. Шынында да, жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген атаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңілдің қартаймайтынына көзің жеткендей болады. Осы орайда Сырбай Мәуленов ақынның:

Жақсы адамның алақаны аялы,

Жақсы адам – жасыл емен саялы.

Жұлдыздардай шақырады биікке

Жақсы адамның жарқын өмірбаяны, – деген өлең шумақтары Рзағұл қарияның өнегелі өмір соқпақтарын паш еткендей әсер аласың. Атамыздың өмір жолы жастарымызға, бәрімізге тәрбие­лік мәні зор рухани азық десе болғандай. Айналасына шұғыласын шашып, ғасыр атасы атанған Рзағұл Байкешевке тәуелсіз елдің алғысы мен қамқорлығына бөленіп, ұрпақтарының бақытын қызықтай бергей демекпіз!

Манап ӘДІРЕШЕВ,

Астана қаласы Алматы аудандық Ардагерлер кеңесі медиатобының жетекшісі

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button