Мәдениет

Майлы қиян ән-жырының салтанаты



«Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» атауымен өткен майлы қиян елінің Астана қаласындағы мәдени күндері «Мерейлі мекен – мұнаралы Маңғыстау» атты ән-жыр кешімен түйінделді.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында өткен концерт Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахат Мадреев) «Мереке думан» шығармасымен ашылды. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, «Жорға» би ансамблі, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармония өнерпаздары, маңғыстаулық танымал эстрада және дәстүрлі әншілер өнер көрсетті. Жалпы 100-ге тарта өнерпаз өз өнерімен елорда тұрғындары мен қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.

«Биыл – киелі түбек Маңғыстау облысына 50 жыл. Ал Ақтауға – 60 жыл. Осы мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Маңғыс­тау өңірінің мәдени күндері елорда тұрғындарына үлкен сый деп санаймыз. Киелі Маңғыстау – ақындар дүниеге келген қасиетті өңір. Оның топырағы, тауы, шатқалы, теңізі көне тарихтан сыр шертеді. Маңғыстау облысы гүлденіп, өркендей берсін!» деді концертке қатысқан Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ақиық өлке, алғи жыр» әдеби-сазды кеші өтті. Онда маңғыстаулық жас ақындар Әнуар Бимағамбет, Асылбек Жаңбырбай, Алтынбек Әлібаев, Тілеген Әли, Жұмагүл Мұрсал, Ислам Қабылұлы өлең оқыды. Осы өңірден шыққан көрнекті ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Светқали Нұржан да сахнаға көтеріліп, жырдан шашу шашты. Әлия Қарамұхан, Айгүл Құбаш, Равхат Ізден секілді әнші-күйшілер кешті ән-күймен көркемдеді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button