Мәдениет

Мәңгілік махаббат дастаны



Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында парсы поэзиясының классигі Низами Гәнжауидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны желісімен қойылған спектакльдің премьерасы өтті. Тәжік режиссері Барзу Абдураззаков арнайы шақыртумен келіп, сахналаған қойылым махаббаттың күші туралы сыр шертеді.

Ләйлі-Мәжнүн оқиғасын Низамиден кейін Хафиз, Фзули, Руми сынды шығыстың талай ақындары жырлады. Жалпы осы тақырыпқа шығыста жүз жиырмадан астам дастан жазылғаны айтылады. Қазақ поэзиясында Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл тақырыпқа қызығушылық танытып, оқиғаны өлеңмен өріп шыққан. Тұрмағамбет Ізтілеұлы шығармашылығының шыңы – атақты «Шахнаме» дастаны да еске түседі.
Қаллекиліктер дастанды Тайыр Жароков, Тәкен Әлімқұлов, Ғали Орманов, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Дихан Әбілов секілді қазақ қаламгерлерінің аудармасын да ұсынды. Ал Барзу Абдураззаковтың қолтаңбасын бұған дейін М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрындағы «Мәңгүрт. Мәңгі құл» спектаклінен аңғарған едік. Режиссер – әлемге әйгілі қаламгерлердің шығармаларын біріктіріп, қиыстырудың шебері.
Бір қызығы, «Ләйлі-Мәжнүн» бұрын-соңды драма театрларында қойылмаған. Тек қана балетке арқау болды. Б.Абдураззаков оны сахналау туралы көптен бері ойланып жүрді. Сондай мүмкіндікті оған Қаллеки театры берді. Спектакльге дайындық бір жарым ай бойы жүргізілді. Актерлерді режиссердің өзі таңдады.
«Әртістерді театрдың фойесіне ілінген фотосуреттері арқылы таң­дадым. Таңдалған актерлердің жүзінен жан жылулығы есіп тұрды. Қателеспедім деп ойлаймын. Тамаша команда жасақталды. Олардың ойындары да көңілімнен шықты» дейді режиссер.


Оқиғаны баяндайтын Дәруішті Ержан Нұрымбет сомдады. Мәжнүннің ата-анасын Қуандық Қыстық­баев пен Алтынай Нөгербек, Ләйлінің әке-шешесін Мейрам Қайсанов пен Ботагөз Мақсұтова, Мәжнүнді Олжас Жақыпбек, Ләйліні Инабат Әбенова ойнады.
Сахна шығыстық стильде безен­дірілді. Бұл тұрғыда қоюшы сурет­ші Қанат Мақсұтовтың еңбегін атап өту керек. Қылқобыз бен шаң қобыздың үні көрермендер әсерін күшейте түсті.
Спектакльдің бізге бір ұнамаған тұсын айтайық. Кейіпкер ер азаматтар ез, жігерсіз, ал әйелдер шайпау болып шыққан. Шығыстық оқиға болған соң оны қабылдай алмадық. Отбасындағы билік ердің қолында болушы еді, мұнда керісінше көріністі байқадық. Шынын айтқанда, қойылымды тамашалап отырып, матриархат заманына тап болдық па деп ойладық. Артық айқай, шу да бар сияқты.
Әртістерге келсек, қойылымда режиссер айтқандай, жақсы актерлік ансамбль таңдалды. Спектакльден командалық ойын байқалды. Бірінің екіншісінен асып тұрған ештеңесі болмады. Мәңгілік махаббат дастанын енді 16 және 29 наурыз күндері тамашалауға болады.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button