Басты ақпаратЖаңалықтар

МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ



Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысымен бас қалада шомылуға болатын төрт орын белгіленді. Бұрынғы үш орынға тағы бір орын қосылды. Биыл жаңа жағажай «Триатлон» саябағында ашылды. Сонымен қазір Алматы ауданында екі су айдынында, Есіл ауданында бір орында және Сарыарқа ауданында бір учаскеде суға түсуге болады. Кеше қаланың Қоғамдық кеңесінің отырысында осыны елорданың Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дамир Ермағамбетов баяндады. Сондай-ақ, отырыста азаматтардың белгілі бір санаттарын әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтылды.

 

ЖАҒАЖАЙЛАР ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАНУЫ КЕРЕК

Д. Ермағамбетовтың айтуынша, аталмыш департамент қалада адамдар шомылатын алты орынды ұсынған. Су кодексі мен Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес осы мәселені өкілетті органдармен келістіру керек. Ал бұл мекемелер әртүрлі себептерге байланысты өтінішті жартылай ғана қанағаттандырды. Бір себеп – су айдындарындағы судың сапасына мониторинг жүргізілмейді.

Қалалық қоғамдық кеңес осы мәселені зерттеген. Оның қорытындыларымен кеңес мүшесі Елдос Абақанов таныстырды.

– Шомылуға рұқсат етілген төрт учаскенің екеуі жекеменшік демалыс орындары аумағында орналасқан екен. Осы орайда «басқа демалыс аймақтары бойынша мәселе қарастырылмаған ба?» деген сұрақ туындайды. Әлде бұл учаскелер тиісті талаптарға сәйкес келмейді ме? Осыны Төтенше жағдайлар департаменті түсіндірсе деген тілегім бар, – деді Е. Абақанов.

Бұл сауалға жауап берген департамент бастығының орынбасары барлық демалыс аймақтарына мониторинг жүргізілгенін айта келе, кейбір аймақтарда су айдындары жоқ екенін, ал бары талаптарға сәйкес келмейтінін жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина жағажайларды бекітпес бұрын сол аймақтарда дәретханалар, адамдар киім ауыстыратын орындар, қоқыс контейнерлері бар ма, осы мәселелерге назар аудару керектігін айтып өтті. Оның әріптестері душ кабиналарын орнатуды да ұсынды.

– Орталық саябақтағы және «Көкталдағы» жағажайлар қала аумағында орналасқан. Бұл нысандарға үлкен экологиялық жүктеме түсіп жатыр. Өйткені сол аумақтарға Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендеріндегі қалдықтар құйылады. Осы орайда алдағы отырыстарға демалыс аймақтарында бақылау жүргізетін мекемелер өкілдерін шақыру керек. Санитарлық станса қызметкерлері тұрақты түрде судың сапасын тексеріп отырған жөн, – деді Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов.

Қазір елордада 1 миллионнан астам адам тұратынын айтып өткен ол халыққа алдымен жайлы жағдай жасау керектігін қаперге салды. Соның ішінде ең алдымен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, тиісті инфрақұрылымды салуды ұмытпау қажеттігін айтты.

 

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Қалалық мәслихаттың шешімімен Семей атом полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтарға атаулы күндерге орай 2,4 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек тағайындау ұсынылды. Тиісті ұсыныспен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Ғарифуллин таныстырды.

Мұны жүзеге асыруға қала бюджетінен 6,4 миллион теңге жұмсалады деп болжанып отыр. Бұл мәселе бойынша бізге сынақтардан зардап шеккен азаматтар мәселесімен айналысатын қоғамдық бірлестіктен өтініш келіп түсті, – деді Б. Ғарифуллин.

Оның айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарының бәрін де әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланып отыр. Бұдан бұрын бұл көмекке тек зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар ғана ілігетін. Ал Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар осы көмекті ала алмайтын. Тиісті тізімге олар да енгізілді.

– Бұл азаматтарды санитарлық-курорттық емделуге жіберу, коммуналдық қызметтер үшін шығындарын өтеу, баспаналарын күтіп ұстауға және телефон байланысына жұмсалатын абоненттік төлемдерін жабу ұсынылды. Бұған осы жылы қала бюджетінен 15,8 миллион теңге керек, – деді Б. Ғарифуллин.

Бұған қоса, Ауғанстан соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға атаулы күндерге берілетін әлеуметтік көмекті 35 АЕК-ке дейін өсіру ұсынылды. Қазір бұл санаттағылар 9 АЕК көлемінде көмек алады. Бұған қала бюджетінен 181 млн теңге қажет болады.

– Туберкулез диспансерінде есепте тұрған азаматтарға, онкологиялық науқастарға, СПИД жұқтырғандарға көмір сатып алуға әлеуметтік көмек беру ұсынылды. Қазір бұл көмекті зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балалар мен барлық топтағы мүгедектер алуға құқылы. Қалалық мәслихаттың шешімімен көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеу­лі жандарға, жетім балаларға жоғары оқу орындарында оқуға қала әкімінің гранты беріледі. Енді олар меңгеретін мамандықтар тізімін бекіту керек, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button