Руханият

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ МЕРЕЙІ



Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің журналистика факуль­тетіне биыл түскен түлектер «Elorda Aqparat» ЖШС қарасты республикалық қоғамдық-саяси «Астана ақшамы» газетінің ұжымымен кездесіп, тағылымға толы әңгіме өрбітті.

Шараны аталған оқу ордасы­ның журналис­тика және саясаттану факультетінің деканы, белгілі ғалым Қайрат Сақ жүргізіп отырды. Жүздесу форматы сұхбат түрінде өрбіді. Тәжірибелі журналис­тер мен болашақ журналис­тер еркін ой бөлісіп, пікір алысты. Бүгінгі мәртебелі мамандықтың уақыт талабына сай өзгеріп жатқан даму үрдісіне тоқталды.
Алдымен сөз тізгіні «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Қайсар Жұмабайұлына тиді. Ол жетекшілік жа­сап отырған ұжымның қызметіне тоқталды.
– Біздің серіктестік өткен жылдың аяғында құрылып, оған «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» атты екі газетті қосып, алдағы таңда жақсы бір медиа ресурсқа айналу үшін қазір сайтты қолға алып жатырмыз. Одан бөлек, elorda.info деген сайт жұмысын бастады. Алдымызда әлі жүзеге асырсақ дейтін жоспарларымыз бар. Оны кезі келгенде сіздерге айтамыз. Осындай шара ұйымдастырған журналистика факультетінің ұжымына алғысымды білдіре­мін, – деді ол.
Бүгінде бас қаладағы аты көпке танылған универ­си­теттің журналистика фа­куль­­­тетінде 600-ге жуық жас оқиды. Онда білім алып жатқан студенттер есімдері елге белгілі Намазалы Омаш­ұлы, Ғаділбек Шалахметов, Рабиға Аманжолова, Оңайгүл Тұржан секілді ұлағатты ұстаз­дардан тәлім алады. Биыл 1-курсқа 200-ге тарта студент қа­был­данған. Олардың ішінде 27 түлек орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген.
«Біздің факультетіміз уни­вер­ситеттегі ең жас саналады. Соған қарамастан, журналис­тика мамандығының бәсі жоғары. Біріншіден, осында мықты кадрлар шоғыры қалыптасты. Екіншіден, рес­публиканың барлық айма­ғы­нан келген талантты жас­тар жиналған. Былтыр бізге бөлінген грант саны 90 болса, биыл ол 75-ке түсті. Соның әсерінен конкурс күшейді. Аз грантты ұтып алу үздіктерге ғана бұйырады. Материалдық базамыз да мығым. Екі телестудия жұмыс істейді. Мұндай жүздесулердің берері көп. Біз осылай өстік. Адамға ой салады, шығармашылық тәжірибе жинақтайды» деді факультет деканы.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр басылым тарихы мен қоғам­ның дертін тап басатын ма­мандықтың қыр-сырын жас­тарға әңгімелеп берді.
– Біздің газеттің жасы салыстырмалы түрде алғанда онша көп емес. Алдағы екі-үш жылда басылымға отыз жыл толады. «Ақмола ақи­қаты» деп алғаш тұсауын кес­кен газет қала бас шаһарға айналғаннан кейін «Астана ақшамы» атын иеленді. Мен де сіздер секілді журналистика факультетін бітіргенмін. Кешегі нөмірде Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-курс студенті Еңлік Егеубаеваның әнші Қайрат Нұртас қаржы­ландырған «Арман» атты фильмі туралы сын мақаласы жа­рық көрді. Соны біз әдейі бердік. Кино жайында айтқан жастың өз пікірі. Біз де осы мектептен өттік. Журналистика мамандығын қалағаннан кейін сіздер алдағы өмір жолдарыңызды таңдап тұр­сыздар. Оның бәрі 1-курс­тан бастау алады. Үлкен өмірдің алғашқы қадамы содан көрінеді. Біз топты орыс-қазағы бар елу шақты бала бітірдік. Сол бірінші курс­та редактор боламын деп талпынғандардың көпшілігі білікті редактор болды. Сон­дықтан алдарыңызға үлкен мақсат қойсаңыздар, алынбайтын қамал жоқ. Ең алдымен журналист ойлана білу керек, тақырып таба білу керек, жаза білу керек. Жақсы журналист газетте де, теледидарда да, сайтта да жақсы көрінеді. Өзінің ойы мен айтары бар адам ешқашан жерде қалмайды. Алғашқы іргетас жазудан қаланады. Кімнің жазуы жақсы, соның шығатын биігі де жоғары, – деді бас редактор.
Газет шолушысы Гүлмира Аймағанбет те басылымға тәжірибеден өтуге келетін сту­денттер мен кейінгі кез­дері жүзеге асып жатқан басы­лымдағы іргелі өзгерістер туралы айтты. Газетке жазылу туралы да сөз қозғалды. Мәселен, кафедра меңгерушісі А.Есдәулетов жатақханадағы бір бөлмеде тұратын 3-4 бала бірігіп, басылымға жазылуды қолға алуға болады деген ой тастады.
Қысқасы, кездесу барысында студенттер бүгінгі жур­налистерді толғанды­ратын түрлі тақырыпта сұрақ­тар қойып, өздерін маза­лаған мәселелерге келген қонақ­тардан тиянақты жауап алды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button