Басты ақпаратДенсаулық

Медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру керек



Салауатты қоғамды дені сау, рухы биік ұлт қана құрайды. Сондықтан мемлекет бұл салаға ерекше назар аударып, жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Басқалар сияқты медицинаның да өз көшбасшылары мен жұлдыздары болады. Сондай мықты дәрігерлердің бірі, денсаулық сақтау саласының сарапшысы, Қазақ мемлекеттік медицина университетінің және Ганновер жоғары медицина мектебінің түлегі, Астана қаласы №8 емхананың директоры Қанат ТӨСЕКБАЕВТАН елорданың денсаулық сақтау саласына қатыс­ты өзекті мәселелер туралы сұхбат алдық.

– Қанат мырза, кейінгі кез­де медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін көтеру мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Бұл мәселе қазір мемлекет деңгейінде қалай шешілетін болды?

– Бұл заңнама Мәжілісте Үкіметпен бірге талқылануда. Менің ойымша, бұл заң әлі де болса толығымен медицина мамандарының қажетін өтемейді. Себебі медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін көтеру үшін негізгі үш қағиданы сақтау керек. Атап айтқанда, қаржылық, құқықтық және әлеуметтік қауіпсіздік. Қаржылық қауіпсіздікті дәрігердің айлығын көтерумен жабатын болсақ, бір қуанарлығы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен олардың жалақысын жылдан-жылға көтеруге мүмкіндік туды. Ал екінші, құқықтық қауіпсіздік мәселесі бүгінде толығымен шешілмеген. Оны шешу үшін ең бірінші ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабын декриминализациялау қажет. Қазіргі таңда заңнама аясында бас бостандығынан айыру мерзімін қысқарту мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ ҚР ҚК бойынша егер жұмыс барысында дәрігердің өміріне қауіп төнсе, оны қылмыс­тық жауапкершілікке тарту тұрғысынан қарастыру керек. Үшінші, әлеуметтік қауіпсіздік дегеніміз – дәрігерлердің балаларын балабақшаға беруге, пәтер алуына жағдай жасау және тағы да басқа қосымша мүмкіндіктерін арттыру. Айтылған қағидалардың кейбіреулері ғана қарастырылып жатыр. Сонымен қатар бұл заңнама аясында мамандықтың жауапкершілігін сақтандару бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл – өте жақсы нәтиже. Алайда осы реформаны жүзеге асыруды орынды бастау үшін қажетті мамандар тапшылығы бар, мысалы, сақтандыру сарапшылары жетіспейді.

– Дәрігерлерге қол көтеретіндердің көбеюі дұрыс емес, дегенмен бұл бір жағы халықтың білігі төмен медицина қызметкерлерінің әрекетіне деген ашу-ызасының шегіне жетуі деп санамайсыз ба? Әлде кейбір адамдардың мәдениетінің төмендігін көрсете ме?

– Өкінішке қарай, ақ халаттыларға науқастар мен олардың туыстары тарапынан шабуыл жасау көбейіп кетті. Оның бірнеше себебі бар, біріншіден, жоғарыда айтқандай, сала мамандарының құқықтық қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Егер жұмыс уақытында оған науқас немесе туысы ұрыс шығарып, қол көтерсе, жәбірлеген адам тек әкімшілік жазаға ғана тартылады. Сондықтан адамдар қорықпайды. Екіншіден, науқастың өзі мен туыстарының күйзелісі, стресі. Ауыр жағдайда тұрған кезде, әрине, науқастар өзінің әрекетіне жауап бере алмайды. Бұған қоса, әлі де дәрігерлер қызметінің қажетті деңгейде бағаланбауы әсер етуде. Тағы бір себебі – кейбір медицина мамандарының коммуникациялық қабілетінің төмендігі. Бүгінгі таңда халықтан түсетін шағымның бір бөлігі дәрігерлер мен медбикелердің науқастарға дөрекі жауап беруіне қатысты болатынын айта кеткім келеді. Мұны да уақыт өткізбей шешу керек.

– МӘМС жүйесінде түсі­ніспеушіліктер бар. Көп адам «ақылы қызметке жүгінеміз, онда несіне ай сайын айлығымыздан осы жүйеге жарна ұстап қалады?!» деп реніш білдіреді. МӘМС жалпы қай елден алынған тәжірибе? Оның басты артықшылығы неде?

– Иә, өкінішке қарай, халық арасында МӘМС жүйесіне қатысты кереғар пікір көп. МӘМС-ке қарсы петиция да болды. Меніңше, бұл жүйе қажет, әрине, оны жақсартып, жетілдіру керегін жоққа шығара алмаймыз. Басқа елмен салыстырғанда бұл жүйенің Қазақстанда пайда болғанына үш-ақ жыл болды, ал Германияда сапалырақ саналатын әлеуметтік сақтандыру қыз­метінің жүзеге асып келе жатқанына 100 жылдан асты. Бізге де уақыт керек деп ойлаймын. Мәселелер өз шешімін табуда. Жалпы МӘМС жүйесін жетілдірудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, медициналық қызмет үшін төленетін тарифті толықтыру қажет. Ол тарифтерді толық тексерістен өткізген жөн, өйткені бір тариф өте жоғары бағаланса, кей тариф мүлдем толтырылмаған. Сондықтан бұл теңсіздікті жою керек. Екіншіден, әлеуметтік сақтандыру жүйесінде сыбайлас жемқорлық қатері бойынша жұмыс жүргізген дұрыс. Үшіншіден, осы жүйеде жұмыс істейтін, сараптама жүргізетін сарапшылардың деңгейін арттырған абзал, себебі әлеуметтік сақтандыру қорында шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Сонымен қатар осы жүйе арқылы қызметпен халықты толықтай қамтамасыз етіп, көрсеткішті 95 пайызға жеткізу қажет деп ойлаймын. Төленетін жарналар мөлшерін жоғарылатпаса, бүгінгі таңдағы оның мөлшері жеткіліксіз болып отыр. Медициналық қызмет түрі өте көп, басым көпшілігі науқастардың қаражатты өз қалтасынан төлеуі арқылы көрсетілуде.

– Өзіңіз МӘМС арқылы қызметке жүгініп көрдіңіз бе? Қай емханада тіркелгенсіз?

– Әрине, өзім әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша қызметтерге жүгінемін, сол бойынша көмек аламын. Жеке емханада тіркелгенмін, бірақ ол жерде медициналық көмектің бәрі маған да МӘМС есебінен көрсетіледі.

– Осы саланы жетік білетін маман ретінде елорданың қазіргі денсаулық сақтау саласындағы қандай өзекті мәселелерді атап айтар едіңіз?

– Елорданың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің ең біріншісі – шет жақтан келіп жатқан нау­қастар санының көптігі. Жылдан-жылға Астанаға ағылып келетін адамдар саны артуда, ал бізде денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылым жобалары аясында мамандар, былайша айтқанда, халықтың бәрін толық қызметпен қамтуға үлгермей жатыр. Жаңа тұрғындар, күн сайын келіп жатқан қонақтар, әрине, денсаулық сақтау мекемелеріне қосымша жүктеме түсіруде. Бұл – инфрақұрылым жобаларын көбірек іске асыру қажет деген сөз. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мекемелерді күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа емханалар, ауруханалар салу керек. Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе, Мемлекет басшысы айтқандай, бізде медициналық көмектің сан түрі көрсетілсе де, оның қолжетімділігі әлі де болса төмен болып тұр, сол деңгейді арттыру қажет. Медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру – денсаулық сақтау жүйесіндегі ең басты мақсаттың бірі. Әрине, дамып келе жатқан қала болғандықтан, елордада, сәйкесінше, салада мамандар жетіспеушілігі байқалады. Кадр санын арттыруда қарқынды жұмыс жүргізу қажет деп санаймын. Басқа өңірлерге қарағанда республикалық маңызы бар қала болғандықтан, елордада жаңадан келген жас дәрігерлерге әкімдік тарапынан баспана беру мәселесі қарастырылғаны жөн болар еді. Егер сондай әлеуметтік пакет енгізер болсақ, бізге келетін жас дәрігерлер саны көбейе түсері сөзсіз.

– Бүгінде өзіңіз басқаратын №8 емхананың өзге емдеу мекемелерінен қандай артықшылықтары бар?

– Емханамызда бүгінгі таңда 63 мыңға жуық халық тіркелген. Жылдан-жылға тіркелгісі келетін басқа тұрғындар саны артып келеді. Біздің артықшылығымыз – жоғары санатты аккредиттелген сертификат алған екі емхананың бірі болуымыз. Сонымен қатар былтыр дәрімен қамтамасыз ету бойынша халықаралық GPP сертификатына ие болдық. Өткен жылы маңызды инфрақұрылым жобасын жүзеге асырдық, негізгі ғимаратымызды күрделі жөндеуден өткіздік. Бұл да науқастардың саулығына септігін тигізеді. Сондай-ақ емханадағы мамандар санының толық құрамы мен заманауи жабдықтармен 90 пайыз қамтамасыз етілуін де жетістік деп санауға болады.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button