Басты ақпарат

Медицинамыздың мүмкіндігі мол



KBB_1844

Астана қаласы әкімдігінде 10 қараша күні медицина саласының қызметкерлері бас қосқан болатын. Алқалы жиынға Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қатысты. Алдымен сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева отандық денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктері мен кемшіліктеріне қатысты пікірін білдірді.

Бұл салаға соңғы жылда бөлінген қаржының көлемі арта түскенімен, оңтайлы шешілуін күтетін өзекті мәселелер бар екенін айтып өтті.

– Бүгінде бәрі қаржы үнемдеуге тырысып жатыр. Бұған бейімделуге тура келеді. Дегенмен денсаулық сақтау, әлеуметтік даму, қорғаныс, білім сияқты салаларда бюджеттің қысқаруына жол бермеуге тиіспіз. Мұны Елбасы қатаң ескертті. Елбасының «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша салынған көптеген денсаулық сақтау нысандары халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі заманға сай жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Яғни, медициналық қызмет көрсету сапасын көтеруге біздің зор мүмкіндіктеріміз бар, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Бұдан соң Тамара Дүйсенова жиналғандарды «Саламатты Қазақстан!» мемлекеттік бағдарламасының қорытындысымен таныстырды. Алдағы 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы туралы баяндады. Бұл бағдарламаның басты міндеті – 2020 жылға қарай ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұзарту. Жаңа бағдарламаны мамандар жан-жақты талқылады.
Келелі кеңесті Үкімет басшысының орынбасары былайша қорытындылады «Бізде медициналық қызметке қатысты шағымдар жиі айтылады. Шетелдің медицина қызметіне жүгінетіндер саны да сол себептен жылдан жылға артып келеді. Біз осындай олқылықтарды жоюымыз қажет. Осы орайда міндетті медициналық сақтандыру қоры дәрігерлердің рейтингін көтеруге, халықаралық аккредитация алуға, жалпы медициналық қызметтің сапасы артуына септеседі деп ойлаймын. Ең бірінші – денсаулық сақтау мекемелеріндегі психологиялық ахуалды жақсартқанымыз абзал».
Иә, кейде адам жанына жылы сөз де ем. Сондықтан психологиялық ахуалды жақсарту баса мән беретін жағдай. Премьер-министрдің орынбасары саладағы кемшіліктерді түзетуді ең қарапайым нәрселерден бастауға кеңес берді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button