Білім

Мектеп асханалары тексерілді



Астанада ведомствоаралық сарапшылар тобы оқушылардың сапалы тамақтануын бақылауды жүзеге асыру үшін бірқатар мектепте болды. Сарапшылар білім беру ұйымындағы асхананың жұмысын бақылауды жүзеге асыратын бракераждық комиссияның жұмысына баға берді.

ектепте тамақ­тануды жақсы ұйымдастыру – уақытының көбін мектепте өткізетін оқушы үшін денсау­лығын жақсартудың кепілі. Толыққанды тамақтану көптеген аурулардың алдын алып, баланың оқуға үлгерімін, ынтасын дамытып, заманға сай өмірге бейімделуіне жақсы әсер етеді. Ал бала жас кезінде жеткіліксіз тамақтанса, оның дене бітімі дамуын тежеп, ауруына, зат алмасу жүйесіне әсер етіп, ағзасы мен дене бітімінде өзгерістерге әкеліп соғуы ықтимал.

Қалалық мәслихат отырысында мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов «Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырудағы мемлекеттік органдар мен басқа да жауапты тұлғалардың жауапкершілік деңгейі төмен, оң қозғалыстар жоқ. Бұл саладағы түйткілді мәселелер жүйелі сипатқа ие және өз шешімін таппай келеді. Бұл жағдай 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санатындағы балаларды тегін тамақтандыруға бөлінген сома қомақты екеніне қарамастан орын алып тұр. Оқушылардың жартысына жуығы мектеп асханаларында тамақ ішпейді. Көбінесе тағам дәмді емес немесе төмен калориялы болғандықтан, балалар оны ұнатпайды» деп ілгеріде сынаған болатын.

Астана мектептерінің асханаларын тексерген Бракераж комиссиясының құрамына ата-аналар мен мектеп әкімшілігі кіреді. Тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әрбір мектебінде сапаны бақылау жөніндегі бракераждық комиссия құрылған (оның құрамына қамқоршылық кеңес мүшелері, директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог және ата-аналар кіреді (кемінде 10 адам).

Комиссияның міндеттеріне келіп түсетін тамақ өнімдерінің сапасына, Ыдыс-аяқ дайындау технологиясына, тоңазытқыш-технологиялық жабдықтың жарамдылығына, өнімдер мен дайын тағамдарды сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуына мониторингті жүзеге асыру кіреді.

Сондай-ақ ведомствоаралық сараптама тобын құру туралы бекітілген бұйрық бар, оның құрамына Қоғамдық кеңестің, Қазақ тамақтану академиясының, Тамақтану проблемалары институтының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі және ата-аналар қоғамы кіреді.

Сонымен қатар, тамақтану қағидаларына сәйкес қаланың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топтар әрбір білім беру ұйымында оқушылардың тамақтану сапасын мониторингтеу жөніндегі бракераждық комиссияның қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді.

Олар ыстық тамақ пен буфет тағамдарының сапасын бақылап, сондай-ақ екі аптада бір рет ас блогындағы санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын бақылауға міндетті.

– Тағам бағасын Білім басқармасы бекіткен. Біз балаларды дәмді, пайдалы және уақтылы тамақтандыруға міндеттіміз. Біздің мәзір белгіленген талаптарға сәйкес келеді, әр маусымда өзгереді. Асханада 12 қызметкер жұмыс істейді, – деді асхана меңгерушісі Татьяна Васильченко.

Сарапшылар әр оқушыға арналған тағамның құрамы мен мөлшерін, сондай-ақ тиісті құжаттардың дұрыстығын тексерді. Сарапшылар тексеру барысында кемшіліктер анықталмағанын атап өтті.

Жыл сайын Астана қаласының білім басқармасы оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар негізінде Қазақ тамақтану академиясының Тамақтану проблемалары институтымен келісілген 4 апталық мәзір бекітеді. Мектептердегі тамақтандыру сол мәзір негізінде жүзеге асырылады.

Орта білім беру ұйымдары интернет-ресурстарының «Мектептегі тамақтану» айдарында білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру бойынша: перспективалы, күнделікті мәзір, тағамдардың фотосуреттері, жұмыс жоспары, тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялардың актілері жөніндегі ақпараттар орналастырылған.

Шағым түскен кезде құрамына қаланың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобының өкілдері енгізілген Білім басқармасының комиссиясы құрылады. Комиссия шағым фактілеріне тексеру жүргізеді.

Астана қаласы Білім бас­қармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев мектептегі тамақтану сапасы туралы айтты.

– Жалпы, бүгінгі таңда мектептегі тамақтану сапасы жақсы. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мәзір қайта қаралуы мүмкін. Келесі оқу жылында сапалы тамақтануға дайындық жұмыстарын осы жазда бастаймыз, – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.

Ведомствоаралық сарапшылар тобы сәуір айынан бастап қаланың 15 мектебінің асханаларына мониторинг жүргізді.

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button