Білім

Мектеп директорына кім лайық?



Биыл жаңа оқу жылынан бастап мектеп директорларын тағайындау ережесі өзгерді. Енді оларды бұрынғыдай аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары тағайындамайды. Бұл жаңалықты жұртшылық жылы қабылдады. Әйтпесе бір орнында ұзақ жыл отырып, ешқандай жетістікке жетпеген басшыларды білеміз. Не болмаса, ауылдық жерлерде директорлыққа кеше ғана оқу бітіріп келген, ешқандай тәжірибесі жоқ жастарды қойып жатады. Осының бәрі білім сапасына кәдімгідей әсер етеді. Қазір мектеп директоры уақыт талабына ілесіп, жаңа технологияның сырын ұға білетін маман болған жөн. Осы өзгеріске байланысты азаматтардың пікірін білген едік.

Арман ЖҮНІСОВ,
ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Иә, бүгінгі таңда мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру мәселесіне баса назар аударылып отыр. Соған байланыс­ты директорларды тағайындау қағидасы өзгерді. Жаңа қағидаға сәйкес, үміткер 4 кезеңнен тұратын конкурстан өтеді. Алдымен ол мектептің қамқоршылық кеңесінен өту қажет. Қамқоршылық кеңеске жергілікті әкімдік өкілдері, мектеп басшылығы, түлектер, ата-аналар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Содан кейін заңнама тест сұрақтарын тапсырады. Облыстық Білім басқармасының келісімі, аудандық, қалалық білім бөлімдерінде өзара сұхбаттасады. Сондай-ақ, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының келісімін алады. Орталықтың келісімінсіз Білім басқармалары мен бөлімдері директорды дербес қоя алмайды. Мектеп басшысы төрт жылға ғана тағайындалады.

Гүлжаз БЕКБОЛАТҚЫЗЫ, мұғалім:

– Мектеп директорларын әр төрт жыл сайын өзгерту дұрыс шешім деп қабылдаймын. Білім басқармасы тұрғанда оларды тағайындау үшін «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибе орталығының келісімін алуды түсінбедім. «Дарын» орталығы оқушылардың дарынын ұштау керек. Содан кейін директорды мұғалімдер электронды дауыс беру арқылы сайласа деймін. Менде бір ұсыныс бар. Болса да мектеп директорларын сайлайтын болсақ, оның орынбасарларын да сайлаған дұрыс. Сонда команда болмайды.

Тұрар ШӘКЕН, ата-ана:

– Мектеп директорларын тағайындау мәселесіне енгізілген өз­герісті өз басым толығымен қолдаймын. Шын мәнінде, кез келген лауазымды қызметтің мерзімі болуы керек деп ойлаймын. Жаңа қағидаларға сәйкес, мектеп директорына үміткер төрт кезеңнен тұратын конкурстан өтеді екен. Оның бірінші кезеңі мектептің қамқоршылар кеңесі екен. Өзім ата-ана болғандықтан, осы бірінші кезеңіне тоқталайын.
Біріншіден, баласы сол мектепте оқып жатқан қамқоршылар кеңесіне мүше ата-ана мектеп директорына үміткер тұлғаны жан-жақты таниды, біледі, оның басшылық, ұйымдастырушылық қабілеттерін де жақыннан көріп-біліп жүрген адам. Сондықтан да үміткер тұлғаның осы бірінші кезеңнен өтуі маңызды деп санаймын. Бірақ бұл жерде қамқоршылар кеңесінің мүшелері тек қана мектеп ата-аналары болғанын қалар едім. Өйткені балалары сол мектепте оқитын ата-ана ғана өз баласы оқып жатқан мектебіне жанашырлық танытады.
Екіншіден, қазір еңбек өтілі жоқ, ол мектептің қыр-сырын түсінбейтін, басшылық, ұйымдастырушылық қабілеттері жоқ жастарды мектеп директоры етіп тағайындап жатады. Мен оған түбегейлі қарсымын. Өйткені кез келген қызметті алғашқы баспалдақтан бастау керек сияқты, мектеп директорлығын да қарапайым мұғалімдіктен бастап, мектеп орынбасарларына дейін көтеріліп, сосын ғана мектеп директорлығына сайлану керек. Бала оқытып көрмеген, баламен тікелей қарым-қатынасқа түспеген жас қызметкер қалай бірден басшы бола алады? Тәжірибе керек. Өзім бірнеше жыл қатарынан мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы болған, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ата-ана болғандықтан, мектептердің мәселесін жақсы білемін. Елорда мектептерінде тәжірибелі, толыққанды пісіп-жетілген мектеп директорларының орынбасарлары жеткілікті.
Үшіншіден, мектеп директорлығына, жалпы мұғалімдікке ер-азаматтарды тарту керек деп ойлаймын.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button