Ел тынысы

Мемлекеттік сатып алу заңында күдік көп

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қатысты сарапшы пікір білдірді, деп хабарлады astana-akshamy.kz

«Әділдік жолы» РҚБ өкілі Ербол Сардарбековтің айтуынша, заңдағы барлық өзгеріс мемлекеттік сатып алулар саласындағы жағдайды жақсарту ниетімен жасалғаны сөзсіз. Бірақ тапсырыс беруші мен бизнестің жауапкершілігін тең бөлуде әлі де күдік бар.

«Конкурссыз келісімшарт жасау, келісімшарт құнына қарамастан, тек айыппұлға (200 АЕК-ке дейін, 738 400 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) әкелуі мүмкін. Айыппұлды төлеп, лауазымды тұлға өз орнында қала алады.

Мемлекеттік сатып алуда бюджет қаражатын ұрлау жағдайында залалды өтеп, лауазымды тұлға тек жұмысынан айырылуы мүмкін. Егер тапсырыс беруші рәсімдік заңбұзушылықтарға жол берсе және ол лоббистік еткен фирма тендерде жеңсе, оны тек тәртіптік жазаға ғана тарта алады, бірақ келісімшартты сирек тоқтатады. Мемлекеттік қызметкерге жатпайтындарды жазалау тіпті қиын, – деді сарапшы.

Оның сөзінше, егер жеткізуші тендерлерде қате ақпарат беріп, конкурста жеңсе, оны автоматты түрде қара тізімге енгізеді және ол 2 жыл бойы тендерге қатыса алмайды. Ал жеткізуші жұмысты орындаған жағдайда, егер мемлекеттік органның қаржыландыруы болмаса, оған төлем жасалмауы мүмкін, ал жеткізуші сотқа жүгінуге мәжбүр болады.

Сондай-ақ ол тағы бір өзекті мәселеге назар аударды.

Мысалы, жеткізуші инфляция қаупінен қорғалмаған: келісімшарт жасалған кезде бағалар күрт өскен жағдайда, ол тапсырысты шығынға қарамастан орындауы керек. Негізінде бұл заң бюджеттік, әкімшілік кодексті сынды бірнеше заңды қамтиды. Соған сәйкес енді басқа заңдарды да өзгерту мәселесі туындап тұр, – деді Ербол Сардарбеков.

Айта кетейік, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қол қойған еді.

Ақорда мәліметінше, заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді.

Заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.

 

Сурет: Halyq Uni

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button