Білім

Менің анам



Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін беріп аялаған ардақтысы. Мен анамды үнемі жанымнан табылатын ең жақсы адам деп білемін. Ақ сүтін беріп, мәпелеп өсірген анашым – дүниедегі ең қымбатты адамым. Оны сөзбен жеткізу қиын.

Анама деген махаббатым шексіз. Мен анамның ыстық алақанын, ізгі ниетін, мол мейірімін әрқашан сезінемін. Менің әдептілігім мен жан дүниемнің сұлулығы әлпештеп өсірген анамның жүрегінен басталады. Менің бойымдағы ең жақсы қасиеттер маған алдымен анам­нан тарайды. Анамның нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуымен аялауы мені әлдилеп жұбатады.

Менің анам – өте мейірімді, сұлу, ақкөңіл жан. Анамның есімі – Гүлнұр. Ол менің жағдайымды жасап, әрқашан қамқор болып жүреді. Мен мектептен келгенде жайдары жүзімен құшақ жайып қарсы алады. Дастарқанын жайып, дәмді тағамдар әзірлейді. Анамды көруге мен үйге асығамын. Ол – біздің үйдің берекесі, ұйытқысы, жанашыры. Отбасымыздың сәні мен гүлі. Мен анамды қатты жақсы көремін. Өскенде анам сияқты мұғалім болғым келеді. Анам менің жаратушым, қашан өсіп, өзіңмен өзің болып кеткенше жанымды сақтаушым. Мен үшін жанын шүберекке түйеді. Менің  болашағымнан үлкен үміт күтеді. Менің көңіл-күйімді қас-қабағымнан танитын алтын адам. Анам – үйіміздің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына мейірім шашады.

Жаныма  күн көзіндей

шуақ төгер,

Анашым, қамқоршымсың

мәпелеген.

Өзіңсің өн-бойыма

қуат берер,

Әрдайым алға қарай 

жетелеген.

 

Бесікке бөледің

ән-жырыңды айтып,

Ұйқысыз өткіздің ғой

түндеріңді.

Шырылдап жыласам да

ұғынбай түк,

Сіңірдің бойға барлық

білгеніңді.

 

Қалауымды әр кезде

таба аласың,

Табанымнан ызғарды

өткізбедің.

Маған ғұмыр сыйлаған,

жан анашым,

Саған деген алғысым

шексіз менің.

Өмірдің алтын кілті сонда ғана, – дегендей көктем табиғатымен жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Ана. Адам өмірге келгенде айтатын ең алғашқы сөзі де – Анадан басталады. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов айтқандай, бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымыз­ды ойлап жүретұғын абзал жанды адам бұл – ана. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі қыз боп өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді. Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербеген.

Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананың қолында. Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді.

Барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы асыл жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі ең бақытты адам – анасы бар адам деп ойлаймын. Түн ұйқысын төрт бөліп оянатын анамның сенімін ақтау үшін мен жақсы оқып, үлгілі тәртібіммен, байқаулардағы, өнердегі жетістіктеріммен көзге түсуім керек. Мен анамды сыйлайтынымды, жақсы көретінімді қалайда жақсы қылықтарыммен білдіргенім жөн деп санаймын. Мен анамның әрқашанда көңілді жүруін тілеймін!

Аяулы анам! Сізге деген жүрегімдегі ризашылық сезімімді қанша айтсам да жеткізе алмаспын. Бұл дүниеде сіз қасымда болғанда ғана бақытты екенімді білемін. Анашым, мен үшін дүниенің бар асылы, данасы – бір өзіңіз! Жер бетіне жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман болсын!

Айзере РЫСБЕКОВА,

 Райымбек батыр атындағы

№50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің

7-сынып оқушысы  




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button