Ел тынысы

«Менің бауырым»



Елордада Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өткен жылдың күзінде іске қосылған «Менің бауырым» ауқымды волонтерлік жобасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Оған Астананың 11 жоғары оқу орнының ерікті студенттері қатысады. Жоба туралы «Өркен» балалардың әл-ауқатының Ұлттық ғылыми-практикалық институты» КЕАҚ президенті Есенғазы Иманғалиев айтып берді.

2023 жылғы 17 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойды. Жобаның мақсаты – балалардың құқығын қорғау, мектептерде салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға жәрдемдесу.

«Менің бауырым» жобасына педагогика, психология әлеуметтік жұмыс, құқықтану, IT мамандықтары бойынша оқитын 11 елордалық жоғары оқу орнының ерікті студенттері қатысады. Жобаны іске асыруда әдістемелік қолдауды «Өркен» балалардың әл-ауқатының Ұлттық ғылыми-практикалық институты жүзеге асырады. Біздің мамандар 850 ерікті студент пен 2380 қала мектептерінің педагогтарына арналған оқыту тренингтерін өткізді, олар мектептерде волонтерлік бастамаларды тиімді жүзеге асыруға көмектесті», – деді спикер.

Еріктілер жүзеге асырған жобалар мәдениет, спорт, білім беру, салауатты өмір салты және буллингке қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәрбие, IT сауаттылық және т.б. сияқты оқушылар өмірінің әртүрлі салаларын қамтиды.

«Менің бауырым» еріктілерінің жобалары балалардың жағымды әдеттері мен дағдыларын қалыптастыруға, олардың физикалық және психологиялық денсаулығын сақтауға ықпал етеді, деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Ақпан-сәуір айларында 97 елордалық мектептен 10 мыңнан астам оқушы волонтерлік жобалармен қамтылды.

Ерікті студенттер «Құқықтық жалпыға бірдей оқыту», «Тоқта буллинг», «Салауатты тамақтану мектебі» сияқты жобаларды жүзеге асырды. Олар сондай-ақ лудоманияның алдын алу, мектеп оқушыларына мотивация және психологиялық көмек көрсету бойынша тренингтер, команданы басқару, шешімдер қабылдау және жанжалдарды шешу, көшбасшылық пен коммуникативтік дағдыларды дамыту бойынша практикалық сабақтар өткізді.

Оқушылар үшін «Жасанды интеллект әлеміне кіріспе: Қазіргі әлемдегі жасанды интеллекттің барлық мүмкіндіктері мен қауіптерін талқылау» және т.б. тақырыпта консультациялар ұйымдастырылды.

«Жобаның маңыздылығы оның тәлімгерлік мәдениетін қалыптастыру, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларын мектептегі білім беру ортасын, оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық жағдайын жақсартуға ықпал ететін идеялармен бірлесіп жұмыс істеу үшін біріктіру қабілетінде жатыр. Сонымен қатар, жоба студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді және оларға болашақ мамандар ретінде практикалық дағдылар береді», – деп қорытындылады Есенғазы Иманғалиев.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button