Басты ақпаратЕл тынысы

Мерейлі отбасылар мерейі



Адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы берекесі мен  өнегесін дәріптеуге, отбасы институты мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық туры аяқталды.

Осыдан он жыл бұрын басталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы үлгілі шаңырақ иелерінің рөлін арттырып, қоғамдағы әке-шеше мен балалардың қарым-қатынасының оң имиджін қалыптастыруда, некенің құндылықтарын насихаттаудағы ауқымды да мәнді шараға айналды. Арнайы комиссия мерейлі жылдың байқауына қатысқандар арасынан «Берекелі», «Қайсар», «Ұлағатты»,  «Салауатты», «Парасатты» тағы басқа да номинация бойынша лайықты отбасыларын таңдады.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен биылғы байқауға қатысқан 210 отбасының әрқайсысы құрметке лайық екенін айтты. Елорданың 25 жылдық мерейтойы мерекесі аясында өтіп жатқан шара астаналық отбасының жақсы көрсеткіштерінің де қорытындысын шығаратын сәт екенін атап өтті.  25 жыл ішінде елорда төрінде екі жүз мыңдай шаңырақ көтеріліп, 450 мыңнан астам астаналық сәби дүниеге келген. «Әрбір азаматтың адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Берекелі әрі бақытты отбасы – қуаттың елдің тірегі. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірген қала әкімінің орынбасары қала көлемінде жасалып жатқан әлеуметтік жобалардың бәрі халық игілігіне арналғанын айтты.

Астаналық отбасының бүгінгі келбетін айтсақ, негізінен, көпбалалы, ата-анасы мемлекеттік немесе квазимемлекеттік ұжымдарда, құрылыс компанияларында жұмыс істейді. Балалардың он пайызы – ата-әжелерімен бірге тұрып жатқан жанұя. Әрі қоғамның белсенді мүшелері. Барлық балалардың талабы таудай, түрлі спорт үйірмелеріне қатысып, өнері мен білімін қатар шыңдап жүрген мектеп оқушылары озаттар қатарында.

Осы жолы Нұрғалиевтер, Рахметовтер, Шайдаровтар, Мавлановтар, Молдабаевтар әулеті қатарынан озып шығып, марапатқа ие болды. Ал I орын иегері Сәдуақасовтар республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысатын болады. Отбасылық мерекеде еліміздің өнер қайраткерлері қатысып, Есіл өзенінің жағалауын ән-жырға бөлеп, отбасының шуағын еселендіре түсті.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button