Басты ақпаратМәдениет

МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МАУСЫМ АШЫЛАДЫ



«Астана Опера» театрының тоғызыншы театр маусымы 30 тамызда Конституция күніне арналған мерекелік концертпен ашылмақ. Театрдың жаңа маусымында көрермен назарына бірқатар опера және балет премьералары, гастрольдік қойылымдар, сондай-ақ айрықша авторлық концерттік жобалар мен шығармашылық кештер әзірленген.

– Театр маусымдарының ашылуы – бұл ең алдымен әртістер мен көрермендер үшін мереке. Бұл маусымды біз еліміздегі жаңа ахуалға бейімделген жағдайларда бастаймыз. Көрермендерді отырғызу кезінде бұрынғыдай әлеуметтік қашықтықты, сондай-ақ өзге де санитарлық талаптарды сақтаймыз. Театр ұжымы вакцина алған, себебі біз өз денсаулығымызға ғана емес, көрерменіміздің де денсаулығына қамқорлық танытамыз. Маусымның бірінші жартысында 5 премьера ұсынуды жоспарлап отырмыз – бұл опера және балет труппа­сына айтарлықтай үлкен жүктеме, өйткені мұнымен бірге репертуар қорында жинақталған спектакльдер қатар орындалатын болады. Сондай-ақ опера сахнасы кемеңгерлерінің шығармашылығына арналған мерейтойлық кештер афишаның сәнін келтірмек. Біз ­ата-­аналарға да қызықты болатын балалар репертуарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

2 және 3 қыркүйек күндері көпшілік назарына ұсынылатын Тасқын Жармұхаметтің «Домалақ ана» операсының декорациялары сахнаға орнатылған. Шымкент опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы бастаған театрдың гастрольдік қо­йылымы үшін бұл спектакльдің таңдалуы кездейсоқтық емес. Театр репертуарындағы аталмыш жаңа опера премьерадан кейін бірден зор табысқа ие болды. Онда қазақ халқына тән қасиетті ана бейнесі терең сипатталған. Өсиеттер мен рухани құндылықтардан шабыт алған жас қыз Нұрилә бейнесінің арқасында ана махаббатының күші өте кең және шынайы ашылады. «Домалақ ана» операсы Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігін жеткізеді, ол риясыз ананың кең жүрегін бейнелеп қана қоймай, қазақ халқы тарихындағы ең маңыз­ды оқиғалардың бірі туралы баяндайды.

«Астана Опера» жаңа мау­сымының тұсаукесерлік қо­йылымдарының кезегін Piccolo театры жас жобасының аясында «Астана Опера» үшін бұрыннан таныс қойылым тобымен өтетін Д.Чимарозаның «Жасырын неке» операсы жалғастырады. Балалар аудиториясын М.Минковтың «Сиқырлы музыка немесе операны бірге жасайық» және А.Байғожаевтың либреттосына қойылған Ж.Дәстеновтің «Қаңбақ шал» деп аталатын алғашқы қазақ балалар операсының премьералары күтеді. Балет өнерін бағалаушылар В.Моцарттың музыкасына қойылған Иржи Килианның «Алты би», сондай-ақ Дьюла Харангозоның хореографиясындағы Тибор Кочактың музыкасына қо­йылған «Ақшақар мен жеті ергежейлі» спектакльдерін тамашалауды асыға күтуде. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық қаһармандық операсы жылдың ең маңызды оқиғасы болмақ.

Көктем Қарқын




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button