ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

Мерекеде 81 сәби дүниеге келді



1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні Астана қаласының үш перинаталдық орталығында 81 сәби дүниеге келді, оның 38-і – ұл, 43-і – қыз. Осынау күні елордада өмір есігін ашқан алғашқы баланың есімін ата-анасы Нұрсұлтан деп қойды.

Астананың ең кішкентай тұр­ғындарына құрмет көрсеті­ліп, олардың ата-аналарына қала әкі­мінің атынан сый-сияпат тапсырылды.
Бұл күні тәуліктің бірінші жартысында Есіл ауданының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров және олимпиада чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина, тележүргізуші Айсұлу Рыспанова №1 перинаталдық орталығында болып, босанған жас аналарды құттықтады. Аталмыш орталықта осы күні түске дейін 11 сәби дүниеге келсе, күн соңына дейін өмірге келген нәрес­телердің саны 41-ге (17 ұл, 24 қыз) жеткен.
Елбасының атын еншілеген кішкентай Нұрсұлтан осы №1 пе­ринаталдық орталықта 30 қара­шадан 1 желтоқсанға қара­ған түні сағат 00.30-да туған Жан­дос Ержанұлы мен Нұргүл Айту­ғанның тұңғыштары Нұрсұлтанның туған кездегі салмағы 3 келі 400 грамм, бойы 54 см
болыпты. Ұлдарын Мемлекет басшысы сияқты салиқалы аза­мат болып өссе деп ырым­дай­тындарын айтады ата-анасы. Ал таңертеңгілік сағат 7.45-те туған Әлима – Дар­хан Берікұлы мен Альмира Дүйсекееваның үшінші баласы. Қос мерекемен құттықтап келген ресми тұлғаларға орталықтағы сәбилі болған ата-аналар зор ризашылықтарын білдірді.
– Бүгінде қалада үш перинаталдық орталық бар. Олардың барлығы жоғары материалды-техникалық база мен үшінші деңгейге ие. Аталған деңгейге ие перзентханалар ауыр жағдайдағы жүкті әйелге ота жасап, босандыра алады. Жалпы, Астанада тәулігіне орта есеп­пен 70 бала дүниеге келеді. Статистикаға сүйенсек, елордада және жалпы алғанда елімізде жыл сайын бала туу көрсеткіші көбейіп, өлім-жітім көрсеткіші азаюда. Нақты цифрларға сүйенетін болсақ, биыл туған сәбилер саны өткен жылы туғандардан 900 балаға артық, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров тілшілерге берген сұхбатында.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button