Денсаулық

Міндет пен меже



Елорданың денсаулық сақтау саласы мамандарының алдына қойған негізгі міндеті – саладағы инфрақұрылымды жеткілікті түрде қамтамасыз ету, кадр әлеуетін арттырып, сапалы медицина кадрларын дайындау және материалдық-техникалық тұрғыда жарақтандыру.

Бүгінгі таңда қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 33 ведомстволық бағынысты ұйым бар. Соның ішінде 16-сы – медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мекемелері. Оған қаладағы 1400000-нан астам адам тіркелген. Қалғаны – 4363 төсек-орыннан тұратын 11 стационар, жедел жәрдем стансасы және басқа да 5 ұйым бар. Одан бөлек, 7 республикалық және ведомстволық аурухана мен 21 жеке БМСК ұйымы жұмыс істейді. Астана қаласының әкімдігі Алматы ауданындағы А431 көшесі бойынан патологиялық-анатомиялық бюро салу туралы шешім қабылдады. Бөлінген жер учаскесінің ауданы 1,2 га құрайды.

Жыл сайын қала халқының саны 40-50 мың адамға көбеюіне байланысты қолданыстағы денсаулық сақтау нысандары солардың бәрін медициналық қызметпен қамтуға жеткіліксіз болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін қалада 2 перзентхана мен бұрынғы теміржол ауруханасы орнына жаңа көпбейінді ста­ционар салу жоспарланған. Бүгінде перзентхана салуға Қобда және Ақан сері көшелерінде жер телімі берілді. Сонымен қатар, Өндіріс тұрғын алабында амбулаторлық емхана кешенін салу көзделуде. 2027 жылға дейін мемлекет тарапынан 2 амбулаторлық-емханалық кешен мен жеке инвестиция есебінен 5 нысанның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Сарыарқа ауданында «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен 250 орынға шақталған перинаталдық орталық салу жоспарда тұр. Акушерлік диагностикалық кешені мен №8 қалалық емхананың ересектер мен балалар корпустары арасындағы ауысу жұмысы жүргізілуде. Эскиз жобасы сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органмен келісілген. Мекеме жоспары мемлекеттік сараптамада қаралып, оң қорытындысы 2023 жылдың соңында шығады деп жоспарланып отыр.

– Елорданың денсаулық сақтау саласының басты мәселелерінің бірі – балалар хирургиялық стационарының тапшылығы. Бұл жердегі травматологиялық пункт жалғыз болған соң жүктеме көп. Орташа есеппен шұғыл көмекке тәулігіне 600 бала келеді, соның ішінде жарақат алғандар саны – 180. Қалада бала санының қарқынды өсуіне және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, №1 балалар ауруханасы мен №2 емхананың базасында балалар травматология пункттерін ашуға шешім қабылданды. Қазіргі таңда жөндеу және жабдықтар алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Есіл ауданында №4 балалар ауруханасын салу жоспарда бар, – дейді Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.

Cонымен қатар, басқарма басшысы кадр тапшылығына мамандардың елордада баспанасының болмауы да әсер ететінін айтты. Осы ретте Алматы ауданы аумағындағы Астана-Қарағанды тасжолы бойында 313 отбасы үлгісіндегі жатақхана құрылысы басталды. Оны 2024 жылы пайдалануға беру көзделуде. Одан басқа, тағы 4 жатақхананың құрылысына жер телімін беру мәселесі қаралуда. Биыл 45 дәрігер шетелде, 872 дәрігер ел ішінде білімін жетілдірді. Материалдық-техникалық база жаңартылып, былтыр 196 медициналық жабдық сатып алынды.

– Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының 51 жедел жәрдем станциясына 55 көлік берілді. Қазіргі таңда қаладағы жедел жәрдем стансасындағы шұғыл көмек қызметін 140 бригада атқарады. Олардың 15-і – дәрігерлік, 125-і – фельдшерлік бригадалар. Осы орайда жедел жәрдем жұмысының маңызын айтпасқа болмас. Адам өміріне араша түсіп, дер кезінде құтқаратын абзал жандардың қоғамда орны бөлек, мәртебесі әрқашан биік болмақ, – дейді басқарма басшысы.

Биыл жыл басынан бері амбулаторлық емханаларға қаралуға пациенттер шамамен 7,6 млн рет келген. Олардың ішінде 2 млн-нан астамы салалық дәрігерлерге қаралған.

– Сонымен бірге, басқарманың қол жеткізген негізгі көрсеткішінің бірі – елорда тұрғындары өмір сүру ұзақтығы бойынша өңірлер арасында бірінші орында тұрғаны. Елордада туу кезінде күтілетін өмір сүру ұзақтығының көрсеткішіне 2022 жылы қол жеткізілді және ол 77,30 жылды құрады. Бұл көрсеткіш әлі де республикалық деңгейден (74,44 жас) асып отыр. Медициналық-демогра­фиялық көрсеткіштер жақсарды. Басқарманың, оның ішінде медициналық ұйымдардың жұмысы өткен жылы қандай қиындықтарды өткергеніне қарамастан жұмыс нәтижесі жақсы болды, – дейді Ә.Рүс­темова.

Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы алда әлі де үлкен жұмыстар жүргізу қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ бүгінде медициналық қызметтерді уақытылы, сапалы көрсету, пациенттердің құқығын қорғау, сонымен қатар бірқатар қолданбалы мәселелер бойынша міндеттерді орындау маңызды болып отыр.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button