Мәселе

Міндеті – сабақ өту емес, білім беру



Есіме бұдан 70 жыл бұрынғы 1953 жыл түсіп отыр. 1953-54 оқу жылында Ақмола қаласындағы №2 Сталин атындағы ер балалар орта мектебінің 8-сыныбында оқыдым. Сол уақыттағы қаланың келбеті әлі көз алдымда.

Ең үлкен ғимарат – темір жол басқармасының үш қабатты үйі (қазіргі Желтоқсан мен Абай көшесінің қиылысындағы үш қабатты ғимарат.) Оның жанынан темір жол вокзалына ветка (4-5 вагоны бар паровоз) жүретін. Ол қаладағы жалғыз жолаушылар таситын көлік еді. Автобус деген атымен жоқ. Жалғыз жолға – қазіргі М.Әуезов көшесіне табиғи тастар төселген болатын, асфальт қала бо­йынша жоқ. Елдің айтуынша, ол тастарды тұтқында болған жапондар төсепті-міс. Қазіргі қала әкімдігінің сол жағында орналасқан темір есіктері бар «жасыл қатарды» дүкен дейтін. Мәдениет, спорт ошақтары көзге түсетіндей болған жоқ. Ал мектептер шамамен отыз шақты болған шығар, олай дейтінім вокзал жақта №28 мектеп болды. Мен оқыған мектеп сол кездің өлшемімен ең тәуірі болған шығар. Олай дейтінім екі қабатты білім ошағы ұлы көсемнің есімін иеленген. Орналасқан жері: қазіргі қала әкімдігінің оң жағында, шамамен 200-300 метрдей. Облыстық партия комитетінің ғимараты да жақын болатын. Ғимаратта орталыққа қосылған су жүйесі мен канализация жоқ. Міне, сол кездегі қаланың келбеті осындай-тұғын. Әрине, одан кейін инфрақұрылым жақсара бастады, әсіресе тың өлкесінің орталығы болған кезде. Ұстаздарға келетін болсақ, көпшілігі майданнан оралған, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын ер адамдар еді. Мектеп директоры Сағат Сарбаев, оқу ісінің меңгерушісі Жаров, сынып жетекшіміз, математика пәнінің мұғалімі Айыпбек Үсенов, тағы басқа ұстаздарды арада 75 жыл өтсе де ұмытқан жоқпын.

Егемендік алғаннан кейін әлеу­меттік салаға, соның ішінде жас ұрпақты тәрбиелеп, оқытуға баса көңіл бөлінді. Ақмола еліміздің астанасы болғанына 25 жыл толып отыр. Қалаға келушілер көбейіп, әуелгіде бас жоспар бо­йынша 800 мың тұрғын жоспарланса, қазір миллионнан асып кетті. Сондықтан әлі де үш ауысымды мектептердің мәселесі кезігеді. Осындай келеңсіздікті жою үшін жылына бірнеше мектеп пайдалануға беріліп жатыр

Егемендік алғаннан кейін әлеуметтік салаға, соның ішінде жас ұрпақты тәрбиелеп, оқытуға баса көңіл бөлінді. Ақмола еліміздің астанасы болғанына 25 жыл толып отыр. Қалаға келушілер көбейіп, әуелгіде бас жоспар бойынша 800 мың тұрғын жоспарланса, қазір миллионнан асып кетті. Сондықтан әлі де үш ауысымды мектептердің мәселесі кезігеді. Осындай келеңсіздікті жою үшін жылына бірнеше мектеп пайдалануға беріліп жатыр. Бүгінгі қала балаларының бағы бар. Қайда оқимын, қосымша білімді қайдан аламын демейді. Зәулім, заманауи Оқушылар сарайы балаларға есігін айқара ашқан. Онда бірнеше үйірме жұмыс істейді. Әртүрлі спорт кешені жастарға спорттың қай түрімен айналысқың келсе, сонымен айналыс деп тұр. Бұған қоса, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мекемелер көптеп ашылды. Олар балдырғандарды өз қатарластарынан кем қылмай өсіруге бағытталған бағдарламамен жұмыс істеуде. Жетім балаларға да айрықша көңіл бөлініп, оларды әлеуметтік жағынан қорғау, отбасында тәрбиелеуге мән берілуде. Балалар үйін азайту мәселесі де қолға алынды.

«Балалар – біздің болаша­ғымыз. Олардың дені сау, ақылды және табысты болып ержетіп, сапалы білім алғанын қалаймыз» деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтау сөзінде.

Үкімет қомақты қаржы жұмсап, жас ұрпақты тәрбиелеуге көңіл бөлгенімен, кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, жасөспірімдер арасында қылмыс саны 70 па­йызға артты. Онымен қоса, кейбір мұғалімдерде мынадай жаман әдет бар: ата-анаға «репетитор жалдаңдар» деп қосымша шығынға батырады. Білім саласының ардагері ретінде айтатыным, ұстаз жалақыны сабақ өткізгенге емес, білім бергеніне алады. Сабақты бере алмадың ба, қосымша оқыт, қалада қаншама тәжірибелі ардагер ұстаз бар. Солардың да тәжірибесін пайдалану артық етпейді. Осыны қалалық Білім басқармасының басшысы өзі бастаса жөн болар еді. Бас қалада Оқу-ағарту министрлігін ұзақ жыл басқарған Қожахмет Балахметов, педколледжді 30 жыл басқарған Отызбай Сүйіндіков тұрды. Ақмола облысының білім саласын басқарған Г.Алексеева, пед­институтта ректор болған Балташ Сұңқарбеков бар. Осындай тәжірибелі басшылар әлі де баршылық. Қалалық Ардагерлер кеңесімен байланыс орнатып осындай шаруаны қолға алса, ұтарымыз көп болар еді. Меніңше, тек қана жеткен жетістігімізді айтып, көлеңкелі жаққа көңіл бөлмесек, кемшілік азаймайды, керісінше, көбейе береді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Жаңа ­Қазақстанды құруға білімді жастар қажет. Алаш қайраткері, белгілі ақын, кеңестік зұлматтың құрбаны болған Мағжан Жұмабаев айтпақшы, мен жастарға сенемін!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі, Астана қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button