Басты ақпаратҚоғам

Мұрамызды түгендеген қайраткер

Сабыр Біләлұлы Ниязбековтің туғанына – 110 жыл



Дербес тұлғаның өзі өмір сүрген кезеңде атқарған істерінің мәнді де мағыналы болуы қоғам тынысымен тікелей байланыста болып, туған жеріне, елінің мүддесіне еткен еңбегімен бағаланады.

 Сабыр Біләлұлы Ниязбеков 1965-1978 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының председателі және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы председателінің орынбасары болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне 6 мәрте, КСРО Жоғарғы Кеңесіне 3 мәрте депутат болып сайланды. Батыс Қазақстан, Целиноград, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарын басқарған

Кеңестік Қазақстан тарихы соңғы 30 жылдағы зерттеулерде сынға ұшырап келгендігі мәлім. Оған мысалдар да, дәлелдер де жеткілікті. Соған қарамастан, Кеңестік дәуірде мемлекеттік қызметте болған қайраткерлердің ұлт мүддесіне сіңірген еңбектері ұмытыла қойған жоқ. Оған Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, Ж.Ташенев, Б.Әшімовтің қоғамдағы рөлін тұлғалық болмысымен қатар таныстыратын мемуарлардың, ғылыми-зерттеу жұмыстарының және мақалалардың шыққаны дәлел. Алайда осы тұлғалармен замандас, үзеңгілес қызмет атқарған Сабыр Біләлұлы Ниязбековтің аты аталмай келеді. Осы мақалада С.Б.Ниязбековтің ғұмырнамасына көз жібере отырып, Қазақ жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау қоғамын құрып, оны басқару ауқымында жасалған мемлекет деңгейіндегі атқарылған істерді өмірлік кредосымен ұштастырған қайраткерлік қызметіне тоқталып өтпекпіз.

Сабыр Біләлұлы Ниязбеков – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер әрі дипломат. Ол 1912 жылдың 15 желтоқсанында Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген. С.Ниязбековтің шежіре тарихын терең білетін аталас туыстарының айтуынша, атасының аты Ниязмұхамбет болса керек. Кеңестік саясаттың салқыны діни ұстанымдар мен дінге қатысты атауларға да тигендіктен, ресми құжаттарға Ниязбеков деп тіркелген екен.

1965-1978 жылдардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумында көтерілген мәселелер және оған дейінгі С.Б.Ниязбеков басқарған Қазақстанның бірнеше облыс­тарында атқарылған жұмыс­тардың өзекті тұстары нақты құжаттық дәлелді фактілер статистикалық көрсеткіштер мен қаулыларда тіркелген. Сабыр Біләлұлы Ниязбековтің ғұмырнамасы бірнеше бағытта ауқымды зерттеу көздеріне негіз болады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ақмола өңіріне белгілі Тауфик Құрмашевтің мектебінде ескіше хат таныған болашақ қайраткер, кейіннен Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітірген.

С.Ниязбековтің Кеңестік дәуірдегі коммунистік партия­ның идеологиялық бағытына үйлестіре Қазақстандағы ұлттық тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау қоғамын құруы елдің өткені мен болашағын үйлестіру үшін жасалған игі шара екендігі даусыз. Қазіргі «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша көтеріліп жатқан тарихи-мәдени жобалардың бастамасында өткен ғасыр­дың жетпісінші жылдары ­С.Ниязбеков тұрғанын мойындау керек

1939 жылы тегі Қазан татары ақмолалық Рауза Сабыржанқызымен шаңырақ көтеріп, төрт қыз тәрбиелеп өсірген, олардың бәрі де ғылым жолын таңдады. Әсілінде, С.Ниязбековтің ғұмыр­намасына үңілсек, біріншіден, ол Қазақстанның бірнеше аймақтарын, облыстарын басқарған. Қызмет бабымен еліміздің түкпір-түкпірінде болып, ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігімен таныс болған. Ел-жерді аралап жүргенде Қазақстанның «киелі жерлерін» қадір тұтып, қандай жағдайда да қаперінде қасиетті мекенінің туы мен рухын жоғары ұстаған ел тарихына ықыласпен қараған қазақтың патриот ұлы. С.Б.Ниязбеков 1971 жылы қоғамдық негізде республикалық Ескерткіштер қорғау қоғамын құрып, оны зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 1989 жылға дейін өзі басқарды.

1971 жылы Жоғарғы Кеңес сессиясында «Тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы» Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды. Заң 5 бөлімнен, 24 статьядан тұрады. Заң жобасының әлқиссасында Қазақ КСР-інің территориясында тарих пен мәдениеттің сан ­алуан ескерткіштері бар екендігі және бұлар қазақ даласының даналығын, оның тұрмысын, мәдениетін, өнерін, революция­лық дәстүрлерін, КСРО-ның басқа халықтарымен бірге Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қаһармандық күресін бейнелейтіндігі, бұл ескерткіштердің ғылыми, көркемдік және мәдени-тәрбиелік маңызы зор екендігі айтылады. Тарих пен мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету, оларды еңбекшілерге патриот­тық әрі эстетикалық тәрбие беру, ғылыми-зерттеу және шаруашылық қажеттері үшін орынды және тиімді пайдалану мақсатымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған қаулы мынадай бөлімдерден тұрады:

1-бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштері – тарихи ескерткіштер, археология ескерткіштері, архитектура ескерткіштері, өнер ескерткіштері және әдебиет ескерткіштеріне 1 статьяда түсініктеме берілген;

2-бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштерін есепке алу және қорғау туралы 2-13 статьяларда қарастырылған;

3-бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштерін есепке алу және қорғау органдарына жүктелетін және жүзеге асырылатын жұмыстар 14-17 статьяларда көрсетілген;

4-бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштерінің праволық режимі және оларды пайдалану мәселелері 18-22 статьяларда белгіленген;

5-бөлім: Тарих пен мәдениет ескерткіштеріне зиян келтіргені үшін жауаптылық шаралары 23 статьяда баса айтылып, 24 статьяда Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне тарих пен мәдениет ескерткіштерін есепке алу және сақтау Ережесін бекіту тапсырылған. (Сегізінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясында ұсынылған «Тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы» Қазақ ССР Заң Жобасының қаулысы. желтоқсан, 1971 ж.).

С.Ниязбековтің Кеңестік дәуірдегі коммунистік партия­ның идеологиялық бағытына үйлестіре Қазақстандағы ұлттық тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау қоғамын құруы елдің өткені мен болашағын үйлестіру үшін жасалған игі шара екендігі даусыз. Қазіргі «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша көтеріліп жатқан тарихи-мәдени жобалардың бастамасында өткен ғасыр­дың жетпісінші жылдары ­С.Ниязбеков тұрғанын мойындау керек. Ескерткіштерді қорғау мәселесіне белгілі ғалым Әлкей Марғұлан, мүсінші Шота Уәлиханов, Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаев және басқа да қоғам мүшелерінің атқарған жұмыстарының қаншалықты маңызды болғаны көпке мәлім. С.Ниязбеков бірінші кезекте Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруді қолға алды. Жұмыстарды қаржыландыру Мәдениет министрлігі арқылы жүргізілді, сол жылдары минис­трлер Мүсілім Базарбаев пен Жексембек Еркімбеков болды. Жобаларды іске асыру үрдісінде С.Ниязбеков ұлтына жанашыр Ө.Жәнібеков, музыкатанушы Б.Сарыбаев сынды мамандарға қазақ халқының тарихи-мәдени дәрежесін көтеруді сеніп тапсырды. Нәтижесінде, қазіргі Қабанбай батыр мен Қонаев көшелері қиылысқан жерінен тұрақты ғимарат беріліп, облыстарға арнайы экспедициялар жіберілді. Көптеген жәдігерлер жинақталып, Қазақстанның бірнеше қалалары мен аудандарында этнографиялық музейлер ашылды. Тарихи ескерткіштерге арналған ғылыми конференциялар өтті, кітаптар, буклеттер шықты. Тарихи мұралардың суреттері түрлі-түсті открыткалар мен пошта маркаларына басылды. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі күрделі жөндеуден өтті.

С.Ниязбеков Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау туралы заңды жасауға және қабылдауға бастама көтергендігі жөнінде сол кездердегі Одақтық, республикалық деңгейде өткізілген іс-шаралар легі мен бірнеше сұхбаттары (интервью), баяндамалары жарық көрген.

1972 жылы, Алматыда Қазақ КСР тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының бірінші съезі өтті. Оны С.Ниязбеков ашып, «Мәдени ескерткіштерді қорғау – барша халықтың міндеті» («Охрана памятников культуры-всенародное дело») деген тақырыпта баяндама жасады.

Осы баяндамада өткеннің тарихи мұрасы тарих саласындағы білімді тереңдетудің сарқылмас қайнар көзі ғана емес, сонымен бірге қазіргі мәдениетіміздің барлық салалары: ғылыммен, біліммен, әдебиетпен және өнермен біте қайнасып өскен іргетасы екендігіне назар аудартты. Каспий теңізінен Алтай тауларына дейінгі Азияның еркін кеңістігіне жайылған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы КСРО халықтарының материалдық мәдениетінің тарихында маңызды орын алатындығына тоқталды. Мәселен:

-қазақ жерінде алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі жәдігерлерден бастап орта ғасырлық құрылыстарға жататын көптеген мәдени ескерткіштердің күні бүгінге дейін сақталғандығын;

– Қазақстанда жартас беттеріне салынған петроглифтердің көп екендігіне;

– Қаратуда, Хан-Тауда, Тарбағатай мен Алтайда, Солтүстік Балқаш өңірінің орталық бөлігінде, Тесіктас пен Қараүңгір тауларында, Бетпақдала мен Жетісуда кездесетінін;

– бұл суреттердің техникасы мен орындалу тәсілі, сюжеттері өлке тарихының және ата-бабаларымыздың тарихи-мәдени дамуының ең керемет түрлері екендігіне назар аудартты.

1976 жылдың 8-9 маусымында Алматыда Қазақ КСР тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының екінші съезі өтті. Съезді С.Б.Ниязбеков ашып, баяндама жасады. «Бүгінгі таңда республика аумағында он бір мыңға жуық археология, өнер, тарих және сәулет ескерткіштері тіркелген» деп атап көрсеткен.

Съезде қаралған мәселелер бойынша қоғамның орталық кеңесі мен орталық тексеру комиссиясының құрамы жаңартылып, төрағасы болып Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Б.Ниязбеков бірауыздан қайта сайланды.

Сабыр Біләлұлы сонымен қоса осы жылдары Қазақстандағы Табиғатты қорғау Орталық кеңесін қоса басқарды. 1962 жылы 16 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы (председателі И.Шәріпов) «Қазақстанның табиғатты қорғау туралы» Жарлығын қабылдады. Онда пайдалы қазбаларды, суды (жерүсті және жерасты), ормандарды, жануарлар мен құстарды, атмосфералық ауа, топырақ, сирек ландшафттарды мемлекеттік қорғауға алу міндеттеліп, қаулы қабылданды. Қаулыдан басқа әртүрлі табиғи ресурстарды пайдалану, топырақ құнарлылығын, ормандарды сақтау, ауа мен су ресурстарын қорғау, балық аулау және аң аулау ережелері туралы арнайы нұсқаулық жасалды.

Бір сұхбатында Сабыр Біләлұлы Ниязбеков Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау шараларына мемлекет тарапынан кәсіпорын қорына 200 миллион сом қаражат бөлінгенін айтыпты. Сонымен қатар, Қазақстанда табиғат жанашырларының халық университеттері, мектептері мен клубтарында жылына 12 000-ға дейін өткізілетін әңгімелер мен кеңестері де бұл қоғамның үлкен танымалдыққа ие болуына игі әсерін тигізген.

С.Б.Ниязбековтің баяндамаларында Қазақ КСР аймақтарындағы ауыл шаруашылығы, экономикалық, өнеркәсіп және оқу-ағарту және т.б. салалардағы жетістіктердің статис­тикалық көрсеткіштеріне, Қазақстандағы тарихи-мәдени нысандарды қорғауға алу мәселесіне, адам құқығына қатысты сот отырыстарының әділетті шешімдеріне тоқталған. Одан өзге, КСРО және Қазақ КСР-ның Заңдарын бекітуге және қабылдауға шешім шығаруға төрағалық етуі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты мәселені мемлекеттік деңгейде көтеруі, шетелдерге КСРО делегациясын бастап апаруы, Қазақстанға ресми сапармен келген шетел делегациясын қабылдауы, дипломатиялық келіссөздер жүргізуі және т.с.с., тізе берсек, басқа да көптеген қызметтері Отан тарихының көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосты деп санаймыз.

Сымбат АХМЕТОВА,

тарих ғылымдарының магистрі,

ниязбековтанушы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button