Мәдениет

«МУЗАРТТЫҢ» ТАРТУЫ



Астана күні мерекесінің қарсаңында «МузАрт» тобы бас қалада концерт беруді дәстүрге айналдырғандай. Бұл жолы да жігіттер дәстүрден жаңылмай, «Қазақстан» орталық концерт залы сахнасында ән шырқап, елорда халқы мен қонақтарына тамаша тарту жасады.

Оның алдында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев және Кенжебек Жанәбілов «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығына барып, ауыр дертке шалдыққан балалармен жүздесті. Сүйікті әншілерін бетпе-бет көрген балалардың көңілі кездесуден көтеріліп қалды.

Топ мүшелері ішінде әлеуметтік желіде ойлы сөздерді айтумен ерекшеленетін Сәкен Майғазиев: «Жаратушымыз сынақты көтере алатын жандарға береді. Сондықтан көңілдеріңізді түсірмей, тек жақсы ойлаңыздар» деді.Орталықта емделіп жатқан балдырғандардың арасында өнерге құмарлар келген қонақтардың алдында ән айтып, би биледі. Кездесудің соңында топ мүшелері балалармен суретке түсіп, қолтаңбаларын берді.

Ал «Рақмет, саған туған ел!» атауын алған топтың концерті «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында, Астана күніне арналды. Көрермендердің көптігінен олар концертті бір күнде екі рет өткізді. Жанды дауыста өткен кешке

«МузАрт» ансамблімен қатар «МузАрт LIVE» мегажобасының жеңімпаздары қатысты. Оның барысында топтың ел аузында жүрген хит әндері орындалды. Репертуары бай топтың жаңа әндерінің де тұсауы кесілді.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button