ЖаңалықтарРуханият

Мұзды мұнара



erm_8973-2-asli

Жылдан-жылға халқы көбейген Астанада бұқаралық спортқа баса көңіл бөлінген. Бұл елорда әкімдігінің «20 нақты бастама» жобасының ең бірінші қадамында да нақтыланды. Жұрттың дене шынықтыруға ден қоюына бастайтын істің басы – спорт инфрақұрылымдарын дамыту. Мысалы, шаһардағы «Алау» мұз айдыны сарайы арқасында конькимен сырғанауды әуес көретін тұрғындардың қатары көбейіп келеді.

Алты жасар «Алау»

Ашылғанына жақында ғана алты жыл толған «Алау» бұл күнде елордалықтардың қол­дары қалт етсе, жинала қалатын қалаулы орындардың біріне айналды. Әлемдік стан­дарт­тарға сай жабдықталған мұз сарайының бүгінгі тыныс-тір­шілігі туралы бізге аталмыш спорт кешенінің директоры Сауырбай Есжанов егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
– Соңғы жылдары халық арасында қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқаны бай­қалады. Оған, әрине, біздің мұз сарайы­ның ықпалы мол десем, қателес­пей­­тін шығар­мын. Бұл сөзімді нақты деректермен де айғақтай аламын. Мәселен, осыдан үш-ақ ай бұрын, желтоқсан айында «Алаудың» алты жылдығын атап өттік. Осынау жылдар аралығында спорт кешеніне келушілердің саны жарты миллионнан асып кетті. Ең алғаш кешен пайдалануға берілгенде бір айдың ішінде 7 543 адам мұз айдында сырғанады. Бұдан кейін бұл көрсеткіш еселене түсті. Келесі жылы жалпы 42 201 адам «Алауға» ат басын бұрса, бір жылдан кейін, дәлірек айтсам, 2013 жылы 90 041 адам келген. Ал 2014 жылы келушілер саны, тіпті, 151 441-ге жетті, – деді Сауырбай Көлібайұлы.
Спорт кешенін бұқа­ралық ортаға айналдыру үшін жеңіл­діктер де қарас­тырыл­ған. «Алау» жеті жасқа дейінгі бала­ларды, көп балалы отбасы мен балалар үйінің тәрбиелену­ші­­лерін және бірінші, екінші топ­тағы мүге­дектерді тегін қабыл­дауға әрдайым дайын. Сондай-ақ, зей­неткерлер, студенттер және үшінші топтағы мүгедек­тер 50 пайыздық жеңілдік­пен мұз айдынына бас сұға алады.
Сонымен қатар, былтыр жал­пы билеттердің бағасы 500 тең­геге арзандатылған. Бұл ке­лу­-ші­лердің көбеюіне айтар­лықтай әсерін тигізіпті. Дәлірегі, ай­дындағы ағайынның қарасы 2000-3000 адамға артқан.
Орталық басшысының айтуынша, қазір мұз сарайына қай ауданның тұрғындары аз келетіні анықталып, сол бойынша жұмыстар жасалып жатыр екен. Жүргізілген сараптамалар нәтижесінде келушілердің 68 пайызы Есіл ауданының тұрғындары екені белгілі болды. Бұл тұрғыда қалған аудан­дардың жұрты белсенді болмай тұр: Алматы ауданы – 12%, Сарыарқа ауданы – 10%. Енді осы аудандардың тұрғындарын көптеп тарту жағы қолға алынып жатыр. Оған қоса, келу­шілердің 2%-ын құраған шалғай аймақтардың халқына да мән берілмек.

«ЭКСПО» кезінде мұз ерітілмейді

Алау – «жылдам мұз» да­йын­дауға қауқарлы, заманауи жо­ғарғы технологиялық құрал-­жабдықтармен жаб­дық­талған, әлемдік дең­гей­дегі мұз сарайы. Бірегей кешен – Аста­надағы сәу­леті көз тартар­лық ғима­рат­тардың бірі. Биылғы айтулы «ЭКСПО» көрмесі­нің қарсаңында бұл мұз сарайы­ның есігі қысқы спортқа қы­зығу­шылар үшін де ашық бол­мақ. Яғни, жаздың аптап ыс­тығында да «Алаудың» мұзы ерітілмейді. Бұл туралы бізге орталықтың директоры Сауырбай Есжанов мәлімдеді.
Халықаралық көрмеге орай, осы маусымда мұз айдындары да ерекше бедерленді. Жаппай сырғанауға арналған негізгі айдында «ЭКСПО» логотипі мен ұлттық ою өрнектер көрі­ніс тапты. Осы уақытқа дейін бұл айдындар тек бір түрлі өр­нек­пен зерленіп келген.
Біздің елге таңсық бұл мұз төсеу технологиясын қазір өзіміздің қаракөздеріміз де меңгеріп алыпты. «Алау» алғаш ашыл­ғанда бұл жұмыс тек голландия­лық мамандарға сеніп тапсырылған. Келе-келе солардың жанда­рын­да қолғабыс боп жүр­ген өзіміздің азаматтар бұл істі біржола өздері­нің қолдарына алған. Солар­дың бірі – Сағындық Жолшыбеков есімді маман.
– Мен осында жұмыс істеп жүргеніме алты жылдан асты. Яғни, «Алау» «Алау» болғалы осындамын. Басында мұз тө­сеуді голландиялық маман­дар­мен бірге көмектесе жүріп ат­қаратынбыз. Қазір бұл ша­руаға толығымен өзіміз жауап береміз. Жыл сайын тәжіри­беміз толысып, басқа аймақтардан да сұраныс болып жатыр. Мысалы, жақында Алматы қаласында өткен Универсиада кезінде арнайы барып қызмет еттік. Жалғыз біз емес, жан-жақтан түрлі тісқаққан мамандар жиналды. Әрқайсысының өзінің мұз құю құпиясы болады, – деді ол.
Сонымен қатар, мұнда жыл­дағы дәстүр бойынша 1 мамырдан бастап жазғы орталық жұмыс істейді.

Балалардың тұсауы мұз айдынында кесіледі

Демалыс күндеріне қоса, ме­реке күндері «Алау» мұз сарайы түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүр. Бұл бұқараның спортқа бет бұруына оң ықпал ететіні сөзсіз. Енді алдағы «Наурыз» мейрамын да ерекше атап өтуді жоспарлап отыр.
Ұлыстың ұлы күніне арналған қызықты шаралар 17 наурыздан басталады. Осы күні «Алау­дан» табылғандар «Домбыра Party» думанын тамашалап, ұлттық аспапта ойнай алса, өздерінің өнерін де тарту ете алады. Сонымен қатар, Танюша есімді бүлдіршіннің емделуіне қажет қаражатты жинау үшін қайы­рымдылық шарасы өткізіледі.
Жұмыс күні болғандықтан, бұл күні жаппай сырғанау үшін үлкен айдын кешкі сағат 19.00-ден бастап көпшіліктің игілігіне жарайды.
Келесі күні «Алауға» ат басын бұрғандардың арасында конькимен сырғанаудан жарыс өтеді. 100 метр қашықтықта жүйрік шыққандарға жаппай сырғанаудың билеттері үлес­тіріледі. Оған қоса, #Alauspring хэштегімен Инстаграм арқылы мұз айдындағы үздік суреттерге бәйге жарияланады. Бұған белсенді атсалысқандардың фотолары LED-экрандардан көрсетіледі.
19 наурызда «Асық Party» атты асық атудан жарыс ұйым­дас­тырылады. Бұл ойында көп­ші­лікпен бірге, Қаллеки театры мен «Жастар» театрының ак­тер­лері бақтарын сынап көрмек.
Одан кейін үш күн бойы су­рет­шілер қауымы өз туындыларын ұсынады. Сондай-ақ, «Қара жорға» биін билеуден флешмоб өтеді.
Ал 22 наурыз күні «Светоч» балалар үйі тәрбиеленуші­ле­рі­нің «Алауда» тұсауы кесіледі. Бұл рәсімге жазушы, ілеспе аударма­ның шебері Қамал Әл­пейісова қатысады. Кішкен­тайлар алғаш­қы қадамдарын мұзда басып, конькимен сыр­ғанауды жайлап үйрене бастайды. Оған қоса, «Қыз қуу» ойыны да ұйым­дастырылады.
Жалпы мерекелік шаралар 26 наурызға дейін жалғасын табады. Белсенді тұрғындарға «Наурызнама» сыйлықтары таратылады. «Алаудың» есігі келем деушілерге әрқашан ай­қара ашық.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button