Елорда тынысы

Музейлерге қанша адам келеді?



Астана әкімдігінің Бірлескен мұражайлар дирекциясы директорының орынбасары Самат Тергембаев қалалық коммуникациялар қызметі алаңында елорда музейлерінің қызметімен таныстырды.

Екі жыл бұрын «Атамекен» ­Қазақстан картасы» этно-мемориал­ды кешені, Саяси қуғын-сүргін және ­тоталитаризм құрбандарының ­«АЛЖИР» мемориалды мұражай кешені, Сәкен Сейфуллин мұражайы, Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтауды қамтамасыз ету дирекциясы біріктіріліп, Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен мұражайлар дирекциясына қарайтын болды.

4,371 гектарды алып жатқан «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-­мемориалды кешені макеттер арқылы еліміздің табиғаты мен өңірлерін таныстырады. Мұнда макеттердің жалпы саны – 497. Этно-мемориалды кешен әр жылдың мамыр және қазан айы аралығында жұмыс істейді. 2022 жылы 4980 экскурсия, 1 көрме, 51 іс-шара, 25 дәріс оқылды. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айында 6 іс-шара, 10 дәріс өткізілді.

Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені – бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы ХХ ғасырдың 30-50-жылдарындағы жаппай террор құрбандарына арналған ескерткіш. 2007 жылдың 31 мамырында ашылды. «АЛЖИР» мұражайының қорында 19203 жәдігер бар. Мұражай ұзындығы 12 метр, ені 2,5 метр болатын тоннельден басталады. Тоннель идея­сының авторы – сәулетші Сембіғали Смағұлов. «Алаш» бағының ауданы – 1,5 гектар. Бұл жерде кезінде «АЛЖИР» тұтқындары еккен алма бағы болған. 2022 жылы мұражай-мемориалдық кешенін 52470 адам тамашалады, ал онлайн 1484 кісі көрді.

Сәкен Сейфуллин мұражайы 1988 жылы 21 қаңтарда ашылды. Биыл мәдени ошаққа 35 жыл толды. Ғимаратта 1920-1930 жылдары мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллин жұмыс істеген. 2022 жылы С.Сейфуллин мұражайына офлайн 11651 адам келіп, онлайн 23725 адам тамашалаған. 2023 жылы қаңтар-ақпандағы офлайн жүйесі бойынша келушілер саны – 1208, онлайн жүйеде – 3753.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы Астана қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 15 желтоқсандағы қау­лысына сәйкес құрылды. Астана қаласының тарихи-мәдени мұрасын сақтау, реставрациялау және насихаттау бойынша жұмысты жүзеге асырады. Ескерткіштермен және мәдени маңызы бар нысандармен жұмыс, олардың сақталуын бақылау, тарих және мәдениет ескерткіштерінің техникалық жағдайын зерделеу, күтіп ұстау және қалпына келтіру жұмысын жүргізуді қамтиды.

Қарамағындағы 46 тарихи-мәдени мұра ескерткіші – мемлекет қор­ғауында. Соның ішінде 3-еуі – республикалық, 43-і жергілікті маңызы бар. Астана қаласындағы ескерткіштердің жалпы саны – 111 (ескерткіштер: тарих және сәулет – 46, монументалды өнер – 57, археология – 8).


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button